Сәуір айының басында «Атамекен» редакциясы жасɵспiрiмдер арасында «Жас қалам – жарқын болашақ» атты жыр мүшәйрасына сайыс жариялаған еді. Ондағы басты мақсатымыз – жас ақындардың шығармашылығына қолдау білдіріп, әдебиетке қызығушылығы бар жастардың талабын ұштау, олардың бойындағы талантты таныту болатын.
Байқауға қатысушылар өз өлеңдерін редакцияның электронды поштасына жолдап, шығармаларын ұсынды. Келіп түскен жырлардың арасынан үздік деп танылған 12 оқушы іріктеліп, мүшәйраның ақтық кезеңіне жолдама алды.
Жыр мүшәйрамыздың екінші кезеңі 15 мамыр күні жалғасын тапты. Бұл жолы қатысушылар өз тақырыптарын жасырын билет арқылы таңдап алды. Жас ақындар өздеріне түскен тақырып бойынша 20 минут ішінде өлең жазып, суырыпсалмалық пен шығармашылық қабілеттерін сынға салды.
Байқауға Дегерес ауылынан Айым Сырлыбай, Еңбекшіаралдан Ерасыл Сабырбай, Шиен ауылынан Дәкен Нұрасыл, Мыңбаев ауылынан Ердос Қайпбек, А.Қарсақбаев орта мектебінен Алия Орынбай, Наурызбай Құтпанбетұлы атындағы орта мектептен Еңлік Мұхитқызы мен Аружан Сәрсенғалиева қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен Айым Сырлыбай, Ерасыл Сабырбай, Ердос Қайпбек және Алия Орынбай арнайы ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Үшінші орынды Дәкен Нұрасыл иеленсе, екінші орын Аружан Сәрсенғалиеваға бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынды Еңлік Мұхитқызы жеңіп алды.
Мүшәйра соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталып, ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар жас ақындарға Есенқұл Жақыпбековтың өлеңдер жинағы сыйға ұсынылды.
«Жас қалам – жарқын болашақ» мүшәйрасы жас таланттардың шығармашылығын шыңдап, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырған мазмұнды рухани шара болды.



