Пятница, 23 октября, 2026
Басты бетAtamekenЖаңа Конституция және діни сенім бостандығы: зайырлылық – ортақ құндылық

Жаңа Конституция және діни сенім бостандығы: зайырлылық – ортақ құндылық

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қоғамдағы тұрақтылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін айқындайды. Әсіресе діни көзқарасқа қатысты нормалар көпұлтты әрі көпконфессиялы еліміз үшін ерекше маңызға ие.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені бекітілген. Бұл қағидат мемлекеттің діни ұйымдардан бөлек қызмет етуін және азаматтардың діни наным-сеніміне қарамастан заң алдында тең болуын білдіреді.

​Жаңа Конституцияның 25-бабында әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бекітілген. Бұл – әр азаматтың өз діни сенімін ұстануға, діни көзқарасын қалыптастыруға немесе ешбір дінді ұстанбауға құқығы бар екенін білдіреді.

Сонымен қатар, Конституцияның 16-бабына сәйкес, азаматтарды діни көзқарасына, нанымына немесе басқа да белгілеріне байланысты кемсітуге жол берілмейді. Демек, әрбір адамның құқығы мен бостандығы оның діни сеніміне қарамастан тең қорғалуға тиіс.

Сондай-ақ зайырлы мемлекет және діннің қоғамдағы орны туралы, Конституцияның 1—бабында Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқын көрсетілген. Ал 7-бапта діннің мемлекеттен бөлек екені белгіленген.

Зайырлылық дінге тыйым салу дегенді білдірмейді. Керісінше, ол мемлекет пен діни ұйымдардың қызмет аясын ажыратып, азаматтардың сенім бостандығын заң шеңберінде қамтамасыз етуге бағытталған.

Діни бірлестіктер өз қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады. Бұл ретте қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және діни негіздегі араздыққа жол бермеу маңызды.

Бүгінгі күні Қазақстанда түрлі діни сенімді ұстанатын азаматтар бір қоғамда өмір сүреді. Сондықтан өзге адамның діни көзқарасына құрметпен қарау, өзара түсіністік таныту және діни айырмашылықтарды араздыққа себеп етпеу— баршамызға ортақ міндет.

Қоғамдағы келісімді сақтау бағытында мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, имамдар мен дін қызметкерлерінің және азаматтық қоғам өкілдерінің өзара ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады.

Әсіресе жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, сенімді ақпарат көздерін пайдалануды үйрету және толеранттылық мәдениетін қалыптастыру өзекті болып қала береді.

Қорытындылай келе, жаңа Конституциядағы діни сенімге қатысты нормалар адамның ар-ождан бостандығын қорғауға, азаматтардың теңдігін қамтамасыз етуге және зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Діни сенімге құрметпен қарау, заң талаптарын сақтау және өзара татулықты сақтау — бейбіт әрі тұрақты қоғамның маңызды негізі.

Жұмахан Байғазықызы. Газеттің тілшісі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments