Воскресенье, 24 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарЖаңа мектеп ашылды

Жаңа мектеп ашылды

Білім күні қарсаңында Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты Көкдала ауылында 110 оқушыға арналған жаңа форматтағы модульді мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектепте «Алғашқы қоңырау» мерекесі аталып өтті.
Жаңа оқу орнының ашылуына Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ықылас Амалбек, аудандық мәслихаттың хатшысы Саят Жұрын, білім саласының қызметкерлері, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Әділбек Қамбарұлы ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, көпшілікпен бірге жаңа нысанның лентасын кесті. Ол өз сөзінде:
Құрметті жерлестер! Ең алдымен баршаңызды жаңа оқу жылының бастауы – «Алғашқы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен салынған осы жаңа мектептің ашылу салтанатына арналған аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының ыстық ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер.Жаңа Қазақстанның жас ұрпағын білімді, дарынды, әлемдік бәсекеге қаблетті қылып өсіру – аға буынның басты міндеті. Мемлекет тарапынан балаларымыздың сапалы білім алуына барлық шарт-жағдай жасалуда.
Бүгін өздеріңізбен бірге ашқалы тұрған осынау сәулетті білім ордасы соның айқын дәлелі.
Соңғы бірнеше жылда білім және ғылым министрлігі еліміздегі ұстаздардың мәртебесін көтеріп, олардың еңбекақысын 2 есеге ұлғайтты. Бұл өз кезегінде еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа жасалған қамқорлық.
Өздеріңізге белгілі уақыт өткен сайын ауданымызда халық саны артып келеді. Бүгінде ауданымызда 35 мыңға жуық оқушы бар. Жыл сайын 4000-нан астам бүлдіршіндеріміз мектеп табалдырығын аттайды. Ауданымыздағы 62 мектептің 10-ы үш ауысымда білім алуда. Сол 10 мектептің бірі осы Көкдала бастауыш мектебі болатын. Осыған дейін бастауыш мектепті бітірген балаларыңызды Ақсеңгір ауылына тасымалдап оқытып келдік. Енді міне бұл қиындық та артта қалды. Көкдала ауылынан 110 оқушыға арналған жаңа форматтағы заманауи орта мектеп өз жұмысын бастады.
Сонымен қатар, елімізде білім ордасын салуда жоғары тәжірибесі бар «BI Global» компаниясына айрықша алғыс айтамыз», – деп көпшілікке аудан әкімінің сәлемін жеткізді.
Модульді мектеп қысқа мерзімде – төрт айдың ішінде салынған. Мектептің жалпы аумағы 1561,09 шаршы метрді құрайды. Бас мердігер – оқу орындарын салуда тәжірибесі мол «BI Globаl» компаниясы. Мектепте – 14 кабинет, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, коворкинг-аймақтар, ойын алаңдары және сапалы оқыту үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Химия және информатика, зертханалық сыныптары жаңа жабдықтармен толықтырылған. Ғимараттың ішкі дизайны елордалық BINOM мекемелеріне ұқсайды.
– Осыдан 6 ай бұрын ауылдарыңызға келгенде ескі бастауыш мектепті көріп, бұл ауылға шынында жаңа мектеп керектігін түсінген едік. Біз осы ауылдағы ата-апаларымызға керемет жаңа мектеп саламыз деп сөз бердік. Енді міне сол қуанышқа куә болып отырмыз. Мектептің басты ерекшелігі ол қысқа мерзімде құрылыс конструкцияларынан тұрғызылған. Мектеп жер сілкінісі мен түрлі апаттық жағдайларға төзімді. Мұндай жобалар ТМД-да көп емес. Қазақстанда екеу бар. Біреуі Ақмола облысында, екіншісі осы Көкдала ауылында салынды. Яғни еліміздегі алғашқы жаңа жобалардыңбірі,-деді «BI Global» компания директоры Ибрагим Жекеев.
Жергілікті тұрғындар үшін жалпы білім беру мекемесінің ашылуы көптен күткен қуанышты сәттің бірі болды. Өйткені Көкдала ауылында осыған дейін оқушылар бастауыш мектепті бітірген соң көршілес Ақсеңгір ауылына автобуспен тасымалданатын.
– Бүгін біздің қуанышымызда шек жоқ. Осы мектепті ауыл болып көптен бері күттік. Немерелерім ескі бастауыш мектепте оқитын еді. Енді мынадай жаңа мектепте білім алады. Осындай ауылымызға қамқорлық жасаған әкімдікке алғыс айтамыз»,- деді ауыл ақсақалы Өмірбай Өмірзақов.
Осылайша бұл модульдік нысан оқушы орындарының тапшылығы мен үш ауысымды мектептер проблемасын жоюға септігін тигізбек.

Б.Айталы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments