Среда, 21 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛМАҚ

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛМАҚ

 

Республика күні қарсаңында Жамбыл ауданында денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шара өтті. Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл көпбейінді орталық аудандық ауруханасында Қытай Халық Республикасының жетекші дәрігерлерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Медицина саласындағы озық тәжірибелермен алмасу, заманауи диагностикалық және емдеу технологияларын меңгеру, сондай-ақ екі елдің дәрігерлері арасындағы кәсіби байланысты дамыту мақсатында өткен жиынға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Аудан басшысы ең алдымен Қытай Халық Республикасынан арнайы келген білікті мамандарға алғысын білдіріп, мұндай халықаралық кездесулердің өңір медицинасының дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

– Бүгінгі медицина күн сайын дамып, жаңа технологиялармен толығып келеді. Осындай кезеңде халықаралық тәжірибе алмасудың маңызы айрықша. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірлескен ғылыми-тәжірибелік кездесулер, шеберлік сабақтары мен озық технологияларды меңгеруге бағытталған жұмыстарды одан әрі дамытуға ашықпыз. Өйткені біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, – деді Нұрлан Ертас.

Өз сөзінде аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.

Бүгінде 170 мыңға жуық тұрғыны бар Жамбыл ауданында 57 медициналық нысан жұмыс істейді. Халық денсаулығын қорғау жолында 1663 медицина қызметкері еңбек етуде. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылысы басталған 16 медициналық нысанның 15-і пайдалануға берілді. Бұл – шалғай елді мекендердегі тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.

Аудан медицинасының негізгі тіректерінің бірі саналатын Жамбыл көпбейінді орталық аудандық ауруханасына бүгінде 117 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Оның 39 мыңнан астамы – балалар. Мұнда 290 орындық тәулік бойғы стационар жұмыс істейді. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам науқас ем қабылдап, 1803 хирургиялық операция жасалған.

Халықаралық конференцияға Қытайдағы Сунь Ятсен университеттік ауруханасының білікті мамандары – травматолог-ортопед Ван Тао, қан тамырлары хирургі У Вэйбинь және гастроэнтеролог Сун Цзянью қатысты. Шетелдік дәрігерлер өз салаларындағы заманауи диагностика, хирургиялық емдеу тәсілдері мен озық медициналық тәжірибелер жөнінде баяндама жасады.

Сонымен қатар Жамбыл көпбейінді орталық аудандық ауруханасының бейінді бөлімше меңгерушілері де өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жергілікті медицинадағы жетістіктерді таныстырды. Конференция барысында дәрігерлер өзекті клиникалық мәселелерді талқылап, медициналық көмектің тиімділігін арттыру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Мұндай кездесулердің басты құндылығы – теориялық біліммен шектелмей, халықаралық тәжірибені күнделікті медициналық қызметке енгізуге мүмкіндік беруінде. Әсіресе күрделі хирургиялық операцияларды меңгеру, ауруларды ерте диагностикалау және заманауи емдеу әдістерін қолдану бағытындағы ынтымақтастықтың маңызы зор.

Республика күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференция еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ашық әріптестік пен кәсіби дамуға деген ұмтылысын айқындай түсті. Екі ел дәрігерлерінің тәжірибе алмасуына жол ашқан бұл басқосу алдағы уақытта жаңа бастамаларға негіз болып, ең бастысы, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне оң ықпал етеді деп күтілуде.

Б. АЙТАЛЫ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments