Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Талдықорғанда қызылша жұқтырудың 8 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 6-уы зертханамен расталып, 2 нәтиженің теріс екені анықталды. Қызылша ауруының алдын алу туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов пен Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, инфекционист дәрігер Анжелика Ким айтып берді.
8 науқастың 6 науқас стационарлық, ал екеуі амбулаториялық жағдайда ем қабылдаған. Бүгінде 5 адам сауығып, ауруханада бір науқас ем алуда деп хабарлады спикерлер.
«Жетісу облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ бүгінде Республика бойынша қызылша ауруының тіркелуі байқалып жатыр. Тіркелген 6 жағдайдың 4-уі бір жасқа дейінгі балалар. Негізі қызылша ауруы жағдайында профилактикалық вакцинация болуы шарт. Бала 1 жаста және 6 жасқа толғанда екпе алу қажет.
Аурудың алдын алуға байланысты іс-шаралар жоспары бекітілді. Облыстың денсаулық сақтау саласына жауапты адамдармен, барлық аудандардың басшыларымен және медициналық ұйымдармен жиналыс өткізілді», – дейді Ерғали Жақсыбекұлы.
Баспасөз мәслихатында ауруға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Мәселен, бүгінде облыс бойынша медицина қызметкерлер арасында «Қызылша инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы, алдын алу, клиникасы диагностикасы, емі және зертханалық зерттеу бойынша» семинар өткізілді.
Бейінді ведомстволардың қатысуымен штабтық кеңес өтті. Аурудың алдын алу бойынша жадынамалар дайындалды. Сонымен қатар 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакцинациялауды ұйымдастыру жүргізілуде.
«Қызылша – вируспен берілетін өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат. Аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады.
Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығына созылады. Ауру ауа-тамшы жолдары арқылы науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Сондай-ақ, дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағудан басталады. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас», – дейді Анжелика Ким.