Среда, 29 июля, 2026
Басты бетЖаңалықтарЖібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Жібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысып, жаңа нысанның кілтін бөлімше ұжымына табыстады.

Бұған дейін Жібек жолы ауылында жеке өрт сөндіру бөлімшесі болмаған. Енді пайдалануға берілген жаңа депо Қарасай ауданындағы 83 мыңнан астам халық тұратын 14 елді мекенді өрттен қорғап, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ТЖМ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтық қорғау жүйесін нығайту, заманауи өрт сөндіру және құтқару инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Жаңа өрт сөндіру депосы жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып, барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысанда байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген диспетчерлік бөлме, өрт сөндіру техникаларына арналған гараж бокстары, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті және тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға қажетті инженерлік коммуникациялар қарастырылған.

Сонымен қатар өрт сөндірушілердің кәсіби және дене даярлығын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Депо аумағында заманауи спорттық жабдықтармен қамтылған Batyr Team жаттығу залы мен қызметкерлердің дене шынықтырумен айналысуына арналған футбол алаңы пайдалануға берілді.

Іс-шара соңында министр Шыңғыс Әрінов жаңа өрт сөндіру депосының және жаңа өрт сөндіру автоцистернасының кілттерін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өзге де ұйымдардың қызметкерлері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен және Алматы облысы әкімінің марапаттарымен марапатталды.

Жаңа депоның ашылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments