Вторник, 27 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарЗаңнама талаптарының сақталуы туралы

Заңнама талаптарының сақталуы туралы

Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімге негізделген жауапты қызмет. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар, оның адамгершілік қасиеттері, адалдығы, әділдігі және азаматтармен қарым-қатынас жасау мәдениеті ерекше маңызға ие. Себебі мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті мемлекеттік органның беделіне және халықтың билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты қызметтік әдеп нормаларын сақтау және тәртіптік жауапкершілік институтын тиімді қолдану мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі халықтың сенімін нығайтуға, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталады.

Мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындап қана қоймай, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, дөрекілік пен кемсітушілікке жол бермеуге міндетті.

Қызметтік әдеп талаптары тек жұмыс орнындағы мінез-құлықпен шектелмейді. Мемлекеттік қызметшінің көпшілік алдындағы әрекеттері мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдары да оның кәсіби беделіне және мемлекеттік қызметке деген қоғамдық көзқарасқа әсер етуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңындаталаптарында мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы, тәртіптік теріс қылықтары, тәртіптік жазалар және оларды қолдану тәртібі реттелген. Заңның негізгі ережелері 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңында мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы, тәртіптік теріс қылықтардың түрлері, тәртіптік жазалар және оларды қолдану тәртібі айқындалған.

Аталған заңда тәртіптік теріс қылық деп мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы танылады.

Демек, тәртіптік жауапкершілік мемлекеттік қызметшінің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ететін және қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған құқықтық тетік болып саналады.

Заңда тәртіптік теріс қылықтар үшін көзделген жазалардың қатарына ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету, сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану, сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.

Ал, Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік органда төмен тұрған бос лауазым болған және мемлекеттік қызметші оған қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда қолданылады. Бұл жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға қолданылмайды.

Тәртіптік жазаның түрін айқындау кезінде теріс қылықтың сипаты мен ауырлығы, оны жасау мән-жайлары, мемлекеттік қызметшінің кінә дәрежесі, қызметке көзқарасы, сондай-ақ жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.

Тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде заңдылық пен әділдік қағидаттары сақталуы қажет. Мемлекеттік қызметші тәртіптік іске қатысты материалдармен танысуға, қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне қатысуға және қабылданған шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

Жаңа заңның маңызды артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын тәртіптік жазалардың мерзімдерін олардың ауырлық деңгейіне қарай саралау. Егер бұрын ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазалардың барлығының қолданылу мерзімі алты айды құраса, енді бұл тәртіп өзгерді. Атап айтқанда, ескерту мерзімі екі ай, сөгіс үш ай, ал қатаң сөгіс алты ай болып белгіленді. Мұндай өзгеріс тәртіптік жауапкершілік шараларын теріс қылықтың ауырлығына қарай әділ саралауға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қатысты жауапкершілікті қолдануда неғұрлым икемді әрі теңгерімді тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау, тәртіп пен әдеп нормаларын ұстану – мемлекеттік аппараттың тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттары. Мемлекеттік қызметшілердің заңдылық қағидатын басшылыққа алуы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз етуі, өз шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілік алуы олардың кәсіби қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Осылайша заңдылық, тәртіп және әдеп қағидаттарын өзара сабақтастықта жүзеге асыру – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырудың маңызды кепілі. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі оның білімімен ғана емес, заңға құрметімен, қызметтік тәртіпті сақтауымен және әдепті мінез-құлқымен де өлшенеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

А. Қасымберкебаев

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments