«Заң және тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Алматы облысы Іле ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы су айдындарында профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Іс-шара барысында демалушылар мен балықшыларға өрт қауіпсіздігі талаптары, судағы қауіпсіздік ережелері және табиғат аясында демалу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар отты тек арнайы рұқсат етілген орындарда жағып, оны қараусыз қалдырмау және толық сөндірмей кетпеу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар азаматтарға жабдықталмаған және рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге болмайтыны, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу және балық аулау мен демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Профилактикалық рейд барысында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.


