«Оқыған ұлт – кемел келешектің кепілі!»
Сүйінбайдың сұңқары самғаған жер,
Жамбыл ата жыр болып таралған төр.
Ұзынағаш, Қарасай, Сұраншыдан,
Бабалардың рухы тамырланған ел!
Туған жердің тарихы – ұлттың рухани қазынасы, ал оны танып-білу – өскелең ұрпақтың қасиетті парызы. Осы мақсатты ту еткен «Зерделі ұлт – туған жер тарихымен» атты тарихи-өлкетанулық, мәдени-ағартушылық жобасы қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің асқан шебері, Жетісу ақындық мектебінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық музейінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының бастамасымен қолға алынған тағылымды жоба Жамбыл аудандық кітапханасы, Жамбыл аудандық кітапханасының директоры Садуақасова Аяужан Заманбекқызы сонымен қатар Үлкен, Таңбалытас, Қазыбек бек, Айдарлы, Тарғап ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен өтті.
Рухани басқосуға Жамбыл ауданының аграрлық сала кәсіподақ ұйымының төрағасы, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Абаев Әскербек Көкеұлы, мәдениет саласының үздігі, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Тоқабаева Ғалия Сламбайқызы, журналист, жазушы, этно-дизайнер, қоғам қайраткері Тойбай Аршагүл Серікқызы, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері Боранбай Әлия Сағатбекқызы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Искаков Әуелбек Мұсаханұлы, Сүйінбай Аронұлының әдеби- мемориалды музейінің меңгерушісі Асқарова Гүлзат Жомартқызы, Ақпарат саласының төс белгісінің үздігі, «Алатау арайы»газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Серік Сатыбалды және Алматы облыстық орталық әмбебап кітапхана қызметкері Олжас Есенгелді қатысты.
Кеш қонақтары жүрекжарды лебіздерін білдіріп, туған жер тарихын танудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және кітап оқудың маңыздылығына тоқталды. Жас ұрпақты білімге, ізденіске, рухани кемелдікке үндеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Іс-шара Жамбыл аудандық кітапханасының директоры Аяужан Заманбекқызы Садуақасова мен кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы әсем әнмен басталып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Тағылымды кештің мазмұны Қарақыстақ ауылындағы «Зерде» үйірмесінің жас өкілдері дайындаған өлең-жырлармен жалғасын тапты. Өнер мен өнегені ұштастырған жас ұрпақ туған жерге деген сүйіспеншілігін жыр жолдары арқылы жеткізіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жобаның негізгі мазмұны төрт бағыт бойынша өрбіді. Жамбыл ауданының тарихы терең, тағылымы мол ауылдық кітапханалары өз елді мекендерінің шежіресін, тарихи тұлғаларын, мәдени мұралары мен рухани құндылықтарын жан-жақты таныстырып, арнайы дайындаған көріністері мен шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Әр ауылдың өзіндік тарихы мен тағылымын танытқан бұл жұмыстар туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырып, тарихи жадымызды жаңғыртуға үлкен үлес қосты. Қатысушылар туған жердің әрбір тасы мен топырағында тарихтың ізі, әрбір тұлғасының өнегесінде ұлттың рухы жатқанын терең сезінді.
Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде отаншылдық рух пен туған жерге деген сүйіспеншілік әрбір азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс. Әр қазақстандық өз елінің тарихын танып, кең байтақ даласын мақтан тұтып, оның бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосуы қажет.
Жобаның басты мақсаты – туған өлкенің бай тарихын таныту, тарихи тұлғалардың өнегелі мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырманның туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру.
«Зерделі ұлт – туған жер тарихымен» жобасы – кітапхана жұмысын жаңа қырынан танытып қана қоймай, ауыл тарихын ұрпақ санасына сіңіруге, елдік пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды рухани бастама.
Тарихын таныған ұрпақтың танымы терең, туған жерін сүйген ұлттың болашағы кемел болмақ. Өйткені кітап – білімнің кілті, тарих – ұлттың жады, ал туған жер – әр адамның алтын бесігі.
Оқыған ұлт – кемел келешектің кепілі!
Саутбаева Тлектес Абаевна, Қазыбек бек ауылдық кітапхана меңгерушісі