Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетРухани жаңғыруЗӘМ-ЗӘМ ҮНДІ ЗӘМЗӘГҮЛ

ЗӘМ-ЗӘМ ҮНДІ ЗӘМЗӘГҮЛ

Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті Жамбыл елінің топырағында туып, театр сахнасы мен кино өнеріндегі өзінің қайталанбас бейнелері арқылы ел жадында жарқын із қалдырған ереннің бірі – Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова.

Ол 1931 жылы 31 тамызда Жамбыл ауданының Саурық батыр ауылында туған. Тағдырдың тауқыметін тартып, балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспатұс келді. Ананың аялы алақанынан ерте айырылған Зəмзəгүлдің киелі өнер саласына да кездейсоқ тап болғаны бір қызық.

 Оның естеліктеріне жүгінсек, балалық шағы туралы: «Өткен күндерде бастан кешкен көп жайлар бұлдыр тартып, көмескіленіп, кей тұстары өшірілген жазудай болып естен шығып қалыпты. Ұзынағаштағы жетіжылдық мектеп-интернатын бітірген соң мүмкіндігі бар балалар оқуын одан əрі жалғастырады. Ал, менің есіл-дертім Алматы болды. Өнер институтына оқуға түскім келді, бірақ өкінішке қарай, қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Бір күні киноактерлер дайындайтын оқу орны туралы естідім. Қасымда ағайындас құрбым бар. Салып ұрып сонда келдік. Атағы дардай мұғалімдер бізді қарсы алды. Жетекшілердің бірі – Асқар Тоқпанов болып шықты. Сұрастыра келе, біздің он жылдықты бітірмегеніміз, жасымыз толмағаны кедергі болды. Ол кезде 13-14 шамасындамын. Мен пысықтау қыз едім, кетпей қиылып тұрып алдым. Көңілімді қимай, мені қайта шақырды. Бар өнерімді салып, əн де айттым, өлең де оқыдым. Өзім жаттап алған шығармадан үзінді де келтірдім. Əйтеуір, аузымда тыным жоқ. Тоқтамадым. Қысқасы, сол күні мен киноактерлер курсына қабылдандым», – дейді.

Осылайша тума талант иесі 1948 жылы Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіреді. Бұдан соң «Қазақфильм» киностудиясында актриса, «Қазақ радиосында» диктор болып еңбек етті. Актрисаның диапазонының кеңдігі, дауыс бояуының сұлулығы мен қанықтығы көрермендер мен тыңдаушыларды бейжай қалдырмады.

 Қазіргі таңда қазақ радиосының алтын қорында бұл кісінің қайталанбас үнімен жазылған небір тамаша туындылар сақтаулы тұр. Радиодағы жылдар Зəмзəгүл Нүсіпбайқызының өнердегі жолын ашып берді. Жас актрисадан үлкен үміт күткендердің бірі Рахия Қойшыбаева болатын. Ол жас актрисаны жетектеп, М.Əуезов театрына алып келеді. 1953 жылдан бастап Зəмзəгүл Шəріпова осы театрдың актерлік құрамына қабылданады. Міне, сол уақыттан бері академиялық театрда үзіліссіз қызмет етіп, ұлттық, əлемдік классика мен заманауи драматургияда көптеген бейнені сомдады.

Ол алғаш рет орыс тіліндегі Яков Штейннің «Порт Артур» спектаклінде жапон қызы (Куань-санды) ойнайды. Одан соң А.Островскийдің «Шындық жақсы, бақыт одан да қымбат» пьесасы бойынша қойылған спектакльдегі Полексена бейнесін, Ə.Əбішевтің «Күншілдік» қойылымында тағдыры қиындау Назгүл есімді жас келіншектің бейнесін шебер сомдап шығады.

 Көрермендер Зəмзəгүл жасаған бейнені қошеметпен қол соғып қарсы алады. Осы спектакльді тамашалаған қазақ халқының аса көрнеті жазушысы М.Əуезов жас артиске риза болып, «Зəмзəгүлдің зəм-зəм үні – зəмзəм су» деген екен. Заманымыздың заңғар тұлғасы, ұлттық драма діңгегі М.Əуезовтің осы бір жылы лебізі актрисаның образын ашатын тіркеске айналып кеткендей.

Ол театрға жұмысқа тұрған соң бір жылдан кейін, яғни 1954 жылы Ш.Аймановтың «Дала қызы» фильміне түседі. Бұрын қорлықты көріп, зорлық-зомбылықты басынан кешірген, тек Кеңес өкіметі тұсында білім алып, дəрігер болып, туған ел үшін адал еңбек етіп жүрген Нұржамалдың адамгершілік қасиеттерін шынайы тұрғыдан нанымды етіп бейнеледі. Бұл киноактриса ретінде түскен алғашқы жұмысы еді. Осы рөлден кейін басқа да көптеген көркемсуретті фильмдерде əртүрлі образдарды сомдады.

 Актрисаның бірегей болмысы туралы оны көрген белгілі театр сыншысы Əшірбек Сығай: «Зəмзəгүлдің тек өзіне тəн қасиеті – ол сахнада қандай бір құбылыстарға барынша құлай сенеді. Өнер адамына тəн жарасты аңғалдығы, адалдығы бар. Сəби мінезді. Олай десек, осы ізгі қасиеттердің бəрі табиғи шынайылыққа əкеп соқпай ма? Ал шынайылық бар жерде, диапазон, яғни өре, ауқым, алым деген нəрселердің өнерпаз үшін ауылы алыс емес. Актер адамның, ол мүсіндеген кейіпкерлердің эстетикалық болмысы, табиғи бояуы, əдетте сол өнерпаздың өзінің əдепкі төлтума мінезінен, оның адамшылдық, азаматтық қолайынан туындап жатады. Бұл ретте, Зəмзəгүл Шəріпованың кісілік, қарапайымдылық, адалдық қасиеттері ерекше», – деп жазады өзінің «Сахна саңлақтары» кітабында.

Иə, Зəмзəгүл Шəріпованың театр сахнасында жасаған бейнелерінен галерея құрар болсақ, драматургияның ұлттық жəне əлемдік классика жауһарлары кейіпкерлерінің бейнелері шеру тартар еді. Олардың қатарына: М.Əуезовтің «АйманШолпанындағы» (Айман), «Қарагөзіндегі» (Қарагөз), Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясындағы» (Ақтоқты), С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» (Ажар), Шекспирдің «Отеллосында» (Дездемона), «Ричард ІІІ» спектаклінде (Королева), М.Горькийдің «Күннен туғандарында» (Елена), В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» (Анита), Л.Зориннің «Варшава əуендерінде» (Гелена), М.Метерлинктің «Соқырларында» (Соқыр) əйел, тағы да басқа көптеген бейнелері кіреді.

Осы бейнелерді шығару үшін актриса өз кейіпкерлерін терең зерттейді. Оларды өз жүрегінен өткізіп, ішкі болмысын, жандүниесін көрермендерге ашып көрсетуді алдына мақсат етіп қояды. «Шіркін-ай, халық əндерінің əсеріне не жетсін! – дейді ол, – Кең даланың кең қиялындай өлеңдер əрі сазды, əрі мағыналы болып келеді. Сахнаға шығар сəтімде «Қараторғай» мен «Екі жиренді» ыңылдап, ішімнен айтатын əдетім бар. Көктемгі шуақ та, қабыршық мұздар да, бал тілді бұлақ та – міне, осының бəрі-бəрі жаныңа жылу құйып, жас балаша елтітетіні бар.

Мен жаңа бір рөлдерді дайындауда таңғажайып табиғатқа сейілдеп шығатынмын. Сонда мен жалғызаяқ жолмен ұзақ жүріп, сонау бір қысылтаяң кездегі балалығымды есіме түсіріп, майда мұңға берілетінмін. Менің марқайған бақытты санамнан, сезім түйсігімнен бұлақ басында жылап отырған күнім əсте де кетпейді. Ол маған қуат береді, өмірді үйретеді. Бəрі де балалықтан басталмай ма? Айталық, Қаракөзді дайындау үстінде өзімнің де көңілім босап, əлденені жазғым кеп, сүйікті кейіпкерімнің мəңгілік махаббатын өлең жолына түсіріппін ғой.

Менің пірім – Қарагөз. Мен оны Сырымнан да қызғанам. Мен оған ғашықпын».

 Зəмзəгүл Шəріпованың жүрекжарды сыры Оралхан Бөкейдің қаламымен «Менің пірім – Қарагөз» сипаттамасында осылай өріледі.

 Міне, актрисаның шығармашылық зертханасына үңілсеңіз, оның ТабиғатАнадан күш алатынын байқайсыз. Жасаған бейнелерінің де шынайы шығатыны содан деп ой түйесіз. Актрисаның бойындағы ғаламат шығармашылық қуаттың тағы бір қайнар көзі – халықтың ауыз əдебиеті, əн-жыры, салт-дəстүрі екенін аңғарасыз. Ол қандай бір кездесу, телехабар болса да өлең, көркем сөз оқығанда, томағасы сыпырылған қырандай сезінеді өзін. Кеңістікте еркін самғап, өзінің əуезді үнімен ғажайып əлемге жетелейді.

«Ең бастысы, Зəмзəгүл ұлттық дəстүрімізді, халқымыздың əдет-ғұрпын, психологиялық ерекшеліктерін, құнарлы тілін жан-жақты игерген. Əсіресе, тарихымызды сөз ететін көлемді шығармаларда, əрбір сөздің өзіндік ажарын тап басып танып отыру, тап басып қана қоймай, сол тасып-төгіліп жатқан нəрлі де əрлі тілдің көңілден таса жатқан құпия астарын ойлы аңғару – Зəмзəгүл шығармашылығының айрықша жетістігі» деп жазады театр сыншысы Əшірбек Сығай.

Белгілі режиссер Есмұқан Обаев былай деп жазады: «Зəмзəгүл классикалық шығармалардың бəрін ойнады. Оған актерлік шеберлігінің биіктігі себеп болды. Содан соң бұл кісіге Алла тағала сахнаға қажет үлкен көркемдік берген. Келбеті, жан дүниесі үйлескен артист. Оның тағы бір қасиеті, интелекті жоғары, əрі романтик адам. Шолпан, Хадиша апайлардың өкшесін басты. Бірақ Зəмзəгүлдің оларға қарағанда өзгеше сарыны болды. Яғни оның нəзіктігі, сыпайылығы, сахнада қазақ қызының əлемін аша білуі, ұяңдығы, көрегендігі, көп сөз айтпай-ақ көзімен көп нəрсені таныта білуі – артиске тəн қасиет. Əрине, мұндай өнер адамы көп кездесе бермейді. Сол уақыттағы əйел əріптестері ішінде суырылып шыққан лирикалық артист болды».

 Өмір. Тағдыр Өмір жолы бұралаң. Əділеттілік пен əділетсіздік, жақсылық пен зұлымдық шайқасқан мына жалған дүниеде адам басынан небір сынды өткізетіні де ақиқат. Зəмзəгүл Нүсіпбайқызының да өнердегі, өмірдегі жолы тақтайдай түзу болған жоқ. Өнерде де, жеке отбасылық өмірінде де талай қиыншылықты басынан өткерді», – дейді.

Жалпы сахна саңлағының өміріне елеулі із қалдырған ерекше бейне – Қаракөз. Осы бейнені бір өзі ғана он алты жыл бойы ойнады. Бұл рөлді қазақ əдебиетінің дара тұлғасы, халық мақтанышы М.Əуезов Зəмзəгүл Нүсіпбайқызына сеніп тапсырған екен. Баспасөз беттеріне берген бір сұхбатында З.Шəріпова: «Бұл жетпіске келіп театр сахнасынан кете бастағандағы рөлдерімнің бірі. А.Мадиевский мықты режиссер еді. Спектакльді алты ай дайындадық. Қазір болса, бір айда спектакль шығады. Сонда мен образға кіру үшін жындыханаға барып, ауру адамдармен сөйлесіп, олардың психологиясын көп зерттедім. Жалпы, бұл рөл маған көп қуаныш əкелді», – дейді.

Ал, көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей: «Сырыммен қайтып қосыла алмайтынын білген Қарагөз, қайғы-қасіретіне төзе алмаған Қарагөз есінен ауысты. Сіздің көз алдыңызда дода-додасы шығып, дірілдеп жатқан бір бейбақ… «Қайран Қарагөз!» Бұл – анау сахна төрінде топырлап жүрген қауымның да, мынау көрерменнің де аузынан ah ұрып шыққан сөз… Сіз бұл сөзді жаныңыз жаншыла, шын күйініштен туған күйзеліспен айтасыз. Көрерменнің көзінде жас. Əнеу бір қария терең күрсінді, əнеу бір жап-жас қыз қасындағы жігітке тығыла түсті. Залды тым ауыр қайғы басқандай, сахнадағы көрініс үлкен өмірдің өзіндей бүкіл бір дəуірдің бар болмысын, ішкі тіршілігін, қайғы-қуанышын «Miнe, куə бол, халайық!» деп жайратып тастады алдыңа. Қарагөз енді жоқ. Күрсіну, жылау. Бұл актердің құдіреті. Керегі де сол еді. Көрермендердің жүрегіне жарылқаушы сəуле боп кіру еді. Ол міндет орындалды. Олай болса, актер бақытты. Неше күнгі еңбек, ізденіс, маңдай тер босқа кетпеді. Демек, Қарагөздің қайталанбайтын сол бейнесі тұлғаланды қазақ театрының сахнасында», – деп толғайды.

Осы Қарагөз бейнесін қалыбынан айнытпай, шегіне жеткізе бейнелегені үшін Қазақстан үкіметінің қаулысымен Зəмзəгүл Шəріповаға «Қазақстан Республикасының халық артисі» деген мəртебелі атақ берілді.

 Бұдан бөлек, ол қазақ киносында да өзіндік із қалдырды. Ал, театрда өзінің табиғилығымен ерекшелене білді. Кейіпкерлерінің жан дүниесін жасандылықсыз шынайы көрсетіп, көркемдікпен ашқаны үшін халықтың ықыласына бөленді.

«Зəмзəгүл – əдемілік пен шеберліктің символы. Қарагөз, Ажар сынды образдарды аса биік деңгейде сомдаған актриса. Театрда өзіндік мінезімен ерекшеленген талант иесі. Театр үшін туған, театр үшін жаралған жан. Сахнада əдемілік пен мінезділікті, адамгершілік пен сыйластықты ұштастыра білген, мен сыйлайтын, құрметтейтін адамдардың бірі.

Зəмзəштің жас кезін есіме алсам, қабырғам қайысады. Көз алдымда Зəмзəштің тек əдемілігі мен əдептілігі қалыпты. Осындай жақсы адамның ортадан кеткені жүрегіңді ауыртады», – дейді көрнекті театр жəне кино актері Асанəлі Əшімов.

Туған халқының аяулысына айналған Зəмзəгүл Нүсіпбайқызы тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Тағдырымен тайталасқан тамаша талант иесінің өткен өмір жолы өскелең ұрпақ санасында мəңгілік сақталары сөзсіз.

Əйгерім ƏБУ

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments