Среда, 14 января, 2026
Басты бетUncategorizedКрещение мерекесі кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты міндет

Крещение мерекесі кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты міндет

Жыл сайын 18–19 қаңтар күндері православ христиандары «Крещение Господне» (Құдайға шоқыну) діни мерекесін атап өтеді. Аталған мереке барысында дәстүрлі түрде суға шомылу рәсімдері өткізіледі. Алайда қыс мезгілінде ашық су айдындарында шомылу адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін ескеру қажет.

Осыған байланысты Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға шомылу рәсімдері тек ресми түрде рұқсат етілген, арнайы жабдықталған орындарда ғана жүргізілуі тиіс. Белгіленбеген, дайындалмаған және бақылаусыз жерлерде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Рұқсат етілген орындарда құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады.

Суға түсер алдында әрбір азамат өз денсаулық жағдайына жауапкершілікпен қарауы қажет. Жүрек-қан тамырлары аурулары, жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек аурулары бар адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге суға түсуге болмайды. Бұл талаптарды сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Суға түсу алдында және рәсім кезінде алкогольдік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады. Аш қарынға суға түсуге жол берілмейді, тамақты кемінде бір сағат бұрын ішкен жөн. Рәсім басталар алдында денені жеңіл жаттығулармен қыздырып алу ұсынылады. Суға түсу кезінде арнайы баспалдақтар мен тұтқаларды пайдаланып, сақтық шараларын сақтау қажет.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек. Кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың өмірі мен денсаулығына толық жауапты.

Егер суға түскеннен кейін қатты тоңу, қалтырау немесе өзге де жайсыздық белгілері байқалса, дереу жылы киініп, жылы жерге өтіп, ыстық тәтті сусын ішу қажет. Денсаулық жағдайы кенеттен нашарлаған жағдайда медицина қызметкерлеріне немесе құтқарушыларға жедел түрде жүгіну керек.

Жамбыл ауданы аумағында 18–19 қаңтар күндері суға шомылу рәсімдері Ұзынағаш және Қарғалы ауылдарында орналасқан ресми бекітілген орындарда ұйымдастырылады.

Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімі барлық тұрғындар мен қонақтарды белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!
Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments