Еліміздегі ішімдік тұтыну деңгейі төңірегіндегі өзекті мәселелер бұрыннан айтылып келе жатқанмен, қай уақытта болса да өршу деңгейі азаяр емес. Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сілтеме жасап, Қазақстанның ішімдік тұтыну көрсеткіші жоғары елдер қатарына енгенін хабарлап келеді. Әрине, мұндай мәлімдеме қоғамдағы үрейлі көзқарастың қалыптасуына түрткі болуда. Бұл мәліметке сүйенсек, біз шынымен де ішкіш ұлтқа айналып бара жатқан секілдіміз.
Статистикалық көрсеткішті жазу кезінде халықаралық сарапшылар елдегі тіркеуде тұрған науқастардың санын емес, жан басына шаққанда сатылған спирттік өнімдердің жалпы көлемін негізге алады. Жылдар өте келе бұл көрсеткіштің жоғарылауына бір жағынан ақпараттық жүйелердің арқасында оқиғалардың ашық тіркелуі әсер етсе, екінші жағынан тұрғындардың бұл өнімдерді сатып алуға қаржылық мүмкіндігінің болуы түрткі болары сөзсіз. Әсіресе мегаполистердегі күнделікті күйзеліс пен тұрмыстық ауыртпалықтар қазақстандықтардың ішімдікке үйір болуын арттыра түсті.
Мәселенің ең қауіпті тұсы – халық арасында маскүнемдіктің алғашқы баспалдағы саналатын, адамды байқатпай ауыр тәуелділікке сүйрейтін жалған мифтердің кең таралуында жатыр. Қоғамда қалыптасқан осы жаңсақ түсініктер адамның санасын улап, ішімдікті күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналдыруда. Осы орайда, ішімдікке апаратын жолдың әрбір сатысын құрайтын негізгі мәселелерді ашып көрсетпеске амал жоқ. Оның халық арасында қалыптасқан жалған түсініктегі негізгі бағыты мынадай болмақ.
Адамды маскүнемдік соқпағына түсіретін ең алғашқы қате түсінік – ішімдік көңіл-күйді көтеріп, бойға күш-қуат береді деген аңыз. Көптеген адамдар кеште немесе отырыста бір-екі бокал ішсе, өздерін сергек, ашық-жарқын сезінемін деп ойлайды. Дәл осы көңілділік аңсау мен жеңіл серпіліс іздеу психологиялық тәуелділіктің іргетасын қалайды. Шын мәнінде ішімдік – орталық жүйке жүйесі мен мидың жұмысын баяулататын психоактивті зат, банальды депрессант. Ол әуелі адамның өзін-өзі бақылау, әрекетін бағалау, тәуекелді сезіну сияқты атқарушы функцияларын уақытша өшіреді. Сырт көзге бұл шектеулерден босап, еркін күлу болып көрінгенімен, іс жүзінде мидың табиғи тепе-теңдігі бұзылады. Ішімдіктің әсері тараған соң, ол міндетті түрде тез шаршауға, ашушаңдыққа және терең күйзеліске ұласады. Осылайша, көңіл-күйді ішімдікпен көтеруді әдетке айналдырған адам бара-бара ішімдіксіз қуана алмайтын халге жетеді.
Ерлер мен әйелдер ішімдікті бірдей көтереді деген тырнақша ішіндегі «қайсарлық» мифін алып қарайық. Бұл сенім арқылы адам өзінің физиологиялық мүмкіндігін артық бағалай бастайды. Әсіресе гендерлік теңдік ұғымын ішімдікке қатысты қолданатындар өз ағзасына қандай ауыр соққы беріп жатқанын түсінбейді. Бұл медициналық тұрғыдан алғанда үлкен қателік. Медицина ғылымы бойынша әйел ағзасында ерлерге қарағанда су үлесі аз болғандықтан, спиртті ішімдіктің уытын ыдырататын ферменттер екі есе баяу жұмыс істейді екен. Сол себепті, дене салмағы мен ішілген мөлшер бірдей болған күннің өзінде әйел адамның қанындағы ішімдік концентрациясы едәуір тез көтеріледі және ол ауыр уланады. Осы жаңсақ сенімге алдану әйелдер арасындағы маскүнемдіктің өте жылдам дамуына итермелеп, әлсіз ағзаның ауру сезімімен күресуіндегі осалдық оларды ерлерден де артығырақ тәуелділіктің түбіне тартады.
Тәуелділіктің үшінші баспалдағы – сыра жеңіл сусын, одан мас болмайсың деген адасудан басталады. Қоғамда сыраны ішімдік құрлы көрмей, оны шөл басатын немесе жұмыстан соң демалатын қарапайым сусын ретінде қабылдау үрдісі қалыптасқан. Мұндай жеңілтек көзқарас адамды күнделікті сыра ішуге дағдыландырады. Алайда, заманауи медицина кез келген стандартты ішімдік дозасындағы таза спирт мөлшері бірдей екенін дәлелдеген. Жарты литрлік бөтелке сыраның құрамындағы таза этанол бір рюмке күшті арақпен немесе бір бокал шараппен пара-пар. Сыра жеңіл деген сенім адамның сақтық сезімін жойып, оған байқатпай мөлшерден асырып ішкізеді. Соның салдарынан сыра маскүнемдігі дамып, ол кейін ауыр маскүнемдікке өтетін негізгі көпірге айналады.
Одан ары қарай, ең сорақысы басталады және ол сенім өмірдің сапасына ең қауіпті жалған сенімі. Ол әсіресе жастар арасында кең тараған. Атап айтсақ, ішімдікті энергетикалық сусындармен араластыру қалыпты нәрсе деген төртінші қауіпті аңыз. Клубтар мен көңіл көтеру орындарында мұндай коктейльдер кеңінен танымал. Энергетиктердің құрамындағы жоғары дозалы кофеин ішімдіктің масайту әсерін уақытша бүркемелеп тастайды. Адам өзін сергек, күш-қуаты тасып тұрғандай сезінгенімен, оның ағзасы іс жүзінде өте ауыр улану үстінде болады. Сергектік сезіміне алданған адам өзінің шектен шығып кеткенін байқамай, ішімдік көлемін еселей береді. Бұл іс-әрекет жүрек-қан тамырлары жүйесіне орасан зор салмақ түсіріп, жүрек ырғағының бұзылуына, қан қысымының кенет көтерілуіне және ағзаның толеранттылығын жасанды түрде арттырып, тәуелділікке тез ұрындыруға әкеледі.
Бесінші жалған түсінік – ішімдік тек бауырға ғана зиян, қалған ағза аман тұрады деген пайымдау. Бұл ой адамға өзін-өзі алдауға мүмкіндік береді. Егер бауырым ауырмаса, демек мен саумын, іше беруіме болады деген алдамшы тыныштық ұялайды. Шын мәнінде, қанға араласқан спирт ағзаның бірде-бір жасушаны айналып өтпейді. Бауыр токсинді ыдыратуда басты соққыны өзіне алғанымен, ішімдік жүрек бұлшықеттерін жұқартып, артериялық қан қысымын көтереді, бүйректі істен шығарады, асқазанның кілегей қабығын күйдіреді және ми жасушасын жойып, есте сақтауды нашарлатады. Осылайша, бауырдан бұрын жүрек немесе ми зақымданып, адам тұрақты ішкіштікке немесе мүгедектікке ұшырайды.
Маскүнемдікке алып баратын алтыншы баспалдақ – ұйықтар алдында ішілген ішімдік ұйқыны жақсартады деген пікір. Қазіргі күйзелісі көп заманда ұйқысыздықтан зардап шегетін адамдар кешке бір-екі бокал ішіп, тез ұйықтап кетуді әдетке айналдырады. Бұл тәсіл адамды тез «өшіргенімен», табиғи сапалы ұйқы сыйламайды. Ішімдік миды қалпына келтіретін терең ұйқы фазасы мен жылдам ұйқы фазасын толықтай басып тастайды. Нәтижесінде адам таңертең тұрғанда басы мең-зең болып, шаршап оянады. Организмнің демалмауы күндізгі күйзелісті арттырады да, кешке адам қайтадан ұйықтау үшін ішімдікке жүгінеді. Мұндай тұйық шеңбер адамды байқатпай психологиялық және физиологиялық тәуелділіктің құрығына түсіреді.
Жетінші жалған түсінік – суықта ішімдік ішсең денең жылынады деген сенім. Аязда немесе салқын ауа райында ішімдікпен жылыну дәстүрі өте қауіпті адасу болып табылады. Спирт ағзаға түскенде адам сырттай рахаттанып, денесі жылынғандай сезінгенімен, ішкі органдардағы тіршілікке қажетті жылу сыртқа тез тарап кетеді. Нәтижесінде дене температурасы жылдам төмендейді. Адам өзінің тоңып жатқанын сезбей, жылыну сылтауымен ішімдік дозасын арттыра береді, бұл аязда үсік шалуға және ағзаның гипотермияға ұшырауына соқтырады.
Сегізінші қауіпті адасу – қою кофе немесе суық душ масаңдықтан тез айықтырады деген сенім. Кештен соң бойды тіктеу үшін кофе ішу немесе салқын суға түсу кең тараған. Кофеин немесе салқын су миды уақытша тітіркендіріп, сергектік сезімін бергенімен, қандағы ішімдік концентрациясын бірде-бір мөлшерде төмендетпейді. Адам өзін айыққандай сезініп, көлік рөліне отыру немесе әрі қарай іше беру сияқты қауіпті шешімдер қабылдайды. Ағзадан спиртті шығаратын жалғыз фактор – уақыт. Ол кемінде бір-екі күн аралықта есін жинайды. Ал ағзадағы ішімдіктен толық арылу қырық күннен аса уақытты қамтиды. Бұл процесті тездететін сиқырлы сусын да, дәрі де жоқ. Бұл мифке сену адамды өз жағдайын шынайы бағалау қабілетінен айырып, келесі ішімдік дозасын қабылдауға жол ашады.
Тоғызыншы және ең сорақы сенім – ішімдік стрессті, қайғыны және мазасыздықты басады деген түсінік. Өмірдегі қиындықтар, жұмыстағы мәселелер немесе отбасылық жанжалдар кезінде стақанға жүгіну – тәуелділікке апаратын ең төте жол. Шын мәнісінде барлық бұзықтық пен күйзелістің бастауы стақан түбінде жатқанына ешкім мән бере бермейді. Ішімдік уақытша сезімталдықты бәсеңдеткенімен, мәселені шешпейді. Керісінше, келесі күні масаңдықтан айыға бастағанда ағзадағы стресс гормоны – кортизол деңгейі еселеп артып, мазасыздық пен күйзеліс екі есе күшейеді. Кортизолды қайта басу үшін адам тағы да ішімдікке ұмтылады. Уақыт өткен сайын бұрынғы тынышталу әсерін алу үшін ішімдік көлемін арттыру керек болады. Эмоцияны ішіп басу әдеті – созылмалы маскүнемдіктің тікелей анықтамасы.
Оныншы, адамның тәуелділік шегіне толық жеткенін білдіретін қауіпті жалған сенім – бас жазу әдеті. Аурудан айығуды қайтадан ішімдік ішіп емдеу керек деген қағида. Таңертең ауырған басты, дірілдеген қолды халық арасында уды у қайтарады деген сылтаумен қайта ішіп емдеу – маскүнемдіктің ең жоғары сатысы орын алуының айқын белгісі. Токсиндермен тұншығып, ағзасы күйреп жатқан бауыр мен жүрекке жаңадан спирт дозасын құю жағдайды уақытша жеңілдеткендей көрінгенімен, улану процесін соза түседі. Бас жазуды ішімдікпен емдеу – адамның ішкіштік шеңберінен шыға алмай, апталап ішетін (запой) жағдайына түсуінің басты себебі.
Міне, осы айтылған 10 жалған түсінік – қарапайым халықтық аңыздар емес. Олардың әрқайсысы – адамды сау өмірден бөліп, біртіндеп созылмалы маскүнемдікке сүйрейтін сатылар. Адам өзінің бұл баспалдақтармен қалай төмен құлап бара жатқанын байқамай да қалады, өйткені ол әрбір қадамын осы жалған түсініктермен ақтап алады.
Қазақстандағы ішімдік тұтыну мәселесі – тек сандар мен құрғақ статистиканың есебі емес, бұл – әрбір отбасының амандығы мен ұлт денсаулығының көрсеткіші. Қоғам болып бұл дертпен күресу үшін ең алдымен ішімдік төңірегіндегі алдамшы аңыздарды талқандап, салауатты өмір салтын ұстануды және шынайы ғылыми фактілерге сүйенуді әдетке айналдыруымыз керек. Сонда ғана біз ұлт саулығын сақтап, келешек ұрпақты бұл дерттен қорғай аламыз.
Жұмахан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ


