Қонағын Құдайындай сыйлаған дана халқымыз үшін дастарқанның сәні де, сыйластықтың биік шыңы да – сыйлы мейманға бас тарту. Бас – тек тамақ емес, ол – сыбаға, құрмет, ел ішіндегі ынтымақ пен әдептің өлшемі. Алайда, соңғы кезде ұлттық дәстүріміздің терең тамырынан ажырап, кәделі асты сәнге немесе жай ғана мейрамханалық трендке айналдырып бара жатқанымыз жасырын емес. Осы орайда, қой басының қасиеті мен оны ұстаудың жазылмаған заңдылықтарына үңіліп, бабалар салған сорапты қайта бір жаңғыртқанды жөн көріп отырмыз.
Қазақ ұғымында қой малының орны ерекше, киелі саналады. Оның әрбір мүшесіне қатысты ырым-тыйымдар мен жоралғылардың негізі сонау Ыбырайым пайғамбардың заманынан бастау алады. Аңыздарға сүйенсек, Ыбырайым пайғамбар ұлы Ысмағұлды Алла жолында құрбандыққа шалмақ болғанда, көктен Жебірейіл періште арқылы ақ қошқар түседі. Осы бір жанқиярлық пен терең иманның сәтіне куә болған қой екі пайғамбардың шынайы махаббатын көріп, көзіне жас алған деседі. Ысмағұл аман қалғанына қуанып, көктен түскен қошқардың басын сипап, көзінен өпкен екен. Содан бері қойдың көзі – ең сыйлы кәдеге айналып, құрметті қонақтарға қос қолдап ұсынылатын болған.
Сондай-ақ, қой Меккенің топырағынан жаралып, Зәмзәм суын ішкен деген де тәмсіл бар. Ыбырайым пайғамбардың алақанын иіскегені үшін оның тұмсығы мен мұрны, тілі мен таңдайы қасиетті саналады. Бас үлестіргенде тілін ұсынып: «Шешен бол!», таңдайын беріп: «Күміс көмей әнші бол!», езуін тартқанда: «Езуіңнен май кетпесін!» – деп тілек айтудың түп-тамыры осы қасиетті ұғымдарда жатыр. Құрбандық оқиғасынан кейін Ажар анамыз қуаныштан қазан көтеріп, ас әзірлейді. Оған дейін адамдар малдың басын жемей, ит-құсқа тастай салады екен. Сол кезде Ыбырайым пайғамбар: «Көк қошқар ұлыңның жолына құрбан болып, оны ажалдан сақтады. Бұдан былай қойдың басын қадірлемей тастаған шүкірсіздік болар. Ең құрметті қонағыңа бас тартуды салтыңа енгіз», – деп өсиет еткен.
Дастарқан басында Ыбырайым басты алғаш болып мүжиді. Жанында отырған ұлы Ысмағұл басқа қол созғанда: «Бұл – сенің басыңның амандығы. Әкең отырған жерде қойдың басын мүжігенің әдепсіздік болар», – деп тыйған екен. «Бас ұстау атаңнан қалған, жамбас сыйлау қазақтан қалған» деген қанатты сөз де осыдан қалса керек. Бас ұстау – Ыбырайым пайғамбардан жеткен сүннет дерлік дәстүр болса, жамбас тарту – түркілік тектіліктің белгісі.
Ел арасында «әкем тіріде бас ұстасам, әкем өліп қалады» немесе «әкемнің басын қадірлемей кетермін» деген түсінік бар. Белгілі фольклортанушы Әлкей Диваев бұл туралы: «Қазақтарда қойдың әрбір сүйегін қызметіне қарай бөлу әдеті қалыптасқан. Әкесі бар адам алдында өзінен де үлкен кісі (әкесі) тұрғандықтан, басты ұстай алмайды», – деп түсіндіреді. Бұл – бірінші кезекте үлкенді сыйлаудың, әдептіліктің туы. Күйеуі тірі әйелдің де бас ұстамауы осы әдептен туындайды. «Күйеуі бар әйел бас ұстаса, отағасының жолын кеседі» деп есептелген. Мұндайда ақжаулықты әжелеріміз де бастан ауыз тиіп, оны үлестіруді ортадағы жолы үлкен азаматтарға жүктеген.
Басты тазалау, үйіту, жігін қуалай айыру, кеңсірігін сілкіп, тісін қағу – үй иесінің шеберлігі мен қонақжайлылығын білдірсе, алдына келген басты мүжіп, оны ортаға үлестіру – қонақтың білігін сынайды. Кәделі қонаққа бас тартылғанда бастың тұмсығы үй иесіне, шүйдесі өзіне қарап тұруы тиіс. Бас ұстаған адам «Бісмілләсін» айтып, бастың оң езуінен немесе шүйдесінен кесіп алып, өзі ауыз тиеді. Бұл – «ақ тілеуімді білдіремін» дегені. Одан кейін оң құлақ – «сақ құлақ, алғыр болсын» деп үйдің кіші баласына беріледі (қос құлақ бір балаға берілмейді). Қос көз құрметпен қос қолдап, бір адамға сыйланады. Таңдай – «шешен болсын» деп қыз баланың алақанына соғып берілсе, кеңсірік шеміршегі тісі шықпаған сәбиге ұсынылады. Бастың маңдайын, желкесін, езуін жан-жағында отырған үлкен-кішіге сипатына қарай үлестіріп болған соң, миын шығарып, «мипалау» әзірлеп, дастарқандағыларға ауыз тигізеді. Мүжіліп болған басты итке тастау – жаман ырым. Оны таза жерге көму, суға ағызу немесе отқа өртеу әдебі сақталған.
Ұлттық дәстүріміздің жанашыры Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» кітабында атасы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының бас тартылудағы қателіктерге қатысты айтқан ғибратты ескертуін келтіреді. Онда Бауыржан атамыз келініне: «Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді, басиең аман. Екіншіден, басты шүйде жағымен әкелдің, қой шүйдесін емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшіншіден, қойдың тісін қақпай әкелдің, бұл – тазалық, екіншіден, бұрын ренжіп жүрген адамына тісі қағылмаған бас тартатын. «Тісімді басып іште жүрмін» деген ишара. Төртіншіден, басты қасқаламай әкелдің, бұл – «төрт құбылаң тең, маңдайың ашық болсын» деген тілек еді», – деп ұғындырған екен. Бұл естелік – бүгінгінің кез келген келіні мен үй иесіне үлкен сабақ.
Асыл дінімізде де құрбандыққа шалынған малдың әрбір бөлшегін қадірлеу, ысырап қылмау – шүкіршіліктің белгісі. Ел имамдарының айтуынша, қазақ халқының бас тарту дәстүрі шариғат талаптарына толықтай сай келеді. Себебі, мұнда үлкенге құрмет, кішіге ізет, бауырмалдық пен ағайын арасындағы сыйластық жатыр. Шариғат бойынша, ата-ананың ақысы – ең жоғары ақылардың бірі. Сондықтан әкесі бар баланың одан озып бас ұстамауы – исламдағы әдептілік пен ата-анаға деген құрмет концепциясымен тікелей астасады. Ең бастысы – бұл жоралғыларды ырымшылдыққа айналдырмай, астарындағы ниет пен ғибратқа мән берген жөн.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл қасиетті ас әлеуметтік желідегі арзан «хайп» пен мейрамханалық бизнеске жем болды. Бастапқыда Шынжаң мен Қытайдағы қандастардың арасында белгілі болып, бертін келе елімізге келген «балбыраған бас» рецепті бүгінде нағыз коммерциялық трендке айналды. Кей Шығыс тағамдары мейрамханалары қой басын арнайы мәзірге енгізіп, оны фаст-фуд немесе «стем-стейк» форматында саудалай бастады. Экранынан май аққан видеоларда қойдың басын пышақпен әдемілеп мүжіп, жоралғымен үлестірудің орнына, резеңке қолғап киіп алып, корей мен қытайдың «мукбанг» стилінде жұлып жеп, көзін суырып, миын сорған сорақы көріністер көбейді. Бұрын базарда арзан сатылып, тіпті тегін берілетін қой басының бағасы да қазір аспандап, коммерцияланып кетті. Нарықтағы сұранысты пайдаланған пысықайлар бастың тісін қақпай, кеңсірігін тазаламай, газбен үстіртін күйдіре салып саудалауға көшті. Мұндай гигиеналық сорақылық әрі тазалыққа, әрі дәстүрге жасалған қиянат. Ең сорақысы 18–25 жас аралығындағы жас буынның «ата-анама айтпай-ақ жей берем, бұл жай тамақ қой» деген бейқам түсінікпен мейрамханада бас ұстап, ырым-тыйымды аяқасты етуі.
Бала кезде ата-бабаларымыз таңдай, құлақ, тілдің мәнін түсіндіріп, басты тек ортаның ең сыйлы қариясына ұстататын. Атасы немесе әкесі тірі жас балаға бас ұстауға қатаң тыйым салатын. Бұл – ұрпақты тәрбиелеудің, ибалық пен тәртіпті сіңірудің мектебі еді. Ал бүгінде оны терең мәнінен ажыратып, жалаң трендке айналдыру – дәстүрден адасудың, ұрпақтар сабақтастығының үзілуінің басы. Үлкенін сыйламаған, ұлттық құндылығын қастерлемеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Бас ұстау үшін де бас керек. Атадан қалған асыл аманатқа сызат түсірмей, әрбір жоралғының түпкі мәнін келешек ұрпақтың санасына сіңіру – бәрімізге борыш!


