Медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиалы Қаратал ауданы әкімдігімен және орталық аудандық аурханасымен бірлесіп Үштөбе қаласында халық алдында есептік кездесу өткізді.
Бүгінгі күні медициналық мекемелердегі тіркелім деректері бойынша Қаратал ауданында 41 мыңнан астам халық болса, соның ішінде сақтандырылмаған халық саны 9 620 адамды немесе 23% құрап отыр. Бұл дегеніміз халықтың осы бөлігіне МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтердің қолжетімсіз болуы.
«Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Яғни, 3 жылдан бері барлық азаматтарға медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ұсынылып келеді. Медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі азаматтардың төлеген жарналары мен аударымдарының мөлшеріне байланысты емес. Ай сайын МӘМС үшін аударымдар мен жарналар жасаса жеткілікті. Бұл дәрігерге қаралуға орташа есеппен 5-10 мың теңге, талдау кешені, аппараттық диагностика, операция үшін тағы қаражат төлеуге қарағанда тиімді»,- дейді Медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Гульзия Таипова.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдар Башбаев өңірде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске асыру барысы туралы, оның ішінде Мемлекет басшысының халықты МӘМС жүйесіне тарту, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға жәрдемдесу, кадрлар тапшылығын төмендету, жұмыссыздық деңгейі, жұмысқа орналастыру, сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқыту мүмкіндігі және тағы басқа өзекті мәселелер туралы айтып өтті.