Мемлекет басшысы «Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қоюына байланысты Х парақшасында жазба жариялады
«Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойдым.
Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған. Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады», – деп жазды Президент Х парақшасында.
«Адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында қаулы етемін:
- Қоса беріліп отырған «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары» (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілсін.
- Қазақстан Республикасы Үкіметі:
- Іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын;
- жартыжылдық негізде 15 шілдеге және 5 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын», делінген Президент Жарлығында.