Бүгін Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлия Әбсеметова мен Данияр Әлімбаев Жамбыл ауданына арнайы іс-сапармен келді. Депутаттармен аудан әкімі, Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Ертас, «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек бірге жүріп, ауданның әлеуметтік және мәдени тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Депутаттар ең әуелі Ұзынағаш ауылындағы Ж.Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барып, ақынның рухына құран бағыштап, мұражайын зиарат етті. Сондай-ақ осындағы композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-кесенесінде құран бағыштатты.
Сапар барысында халық қалаулылары Сарыбай би ауылындағы жуырда ғана қолданысқа берілген дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген нысанның кабинеттерін аралап, ем қабылдап жатқан тұрғындармен сөйлесті.
Бұдан кейін іс-сапар Жамбыл атындағы «Ұзынағаш» кәсіптік колледжінде әр саланың мамандарымен кездесумен жалғасты. Жиын барысында ауданның ауыл шаруашылық саласына және кәсіптік салаға керекті мамандар дайындау жұмыстары талқыланды.
Түстен кейін кездесу Қарғалы ауылында жалғасты. Депутаттар Қарғалы ауылындағы №3 орта мектептің ұжымымен және тұрғындармен кездесіп, елді мекеннің шешілмеген мәселелеріне назар аударды. Қарғалы өзенінің бойында салына бастаған су электр стансасы құрылысының барысымен танысты. Бұл электр стансаны «Биаш-Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салмақ. Оның жобалық құны 1 млрд. 262 млн.теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы 3 мегаватт су электр стансасы іске қосылса, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ кездесу барысында ауылдың ауыз су, газ және экологиялық мәселесі бойынша кеңінен пікір-талқы өтті.
Биыл Қарғалы ауылынан мәдениет үйі мен спорт кешенін салуға қаржы бөліп, келер жылдан бастап құрылысын бастау жоспарлануда.