Среда, 27 ноября, 2024

МӘРТЕБЕСІ МАҢЫЗДЫ

 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында кесек-кесек ойлар айтылды. Тәуел­сіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктеріміз бен әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылу үшін қандай бағыт-бағдар ұстануымыз керектігі жөніндегі ұстанымдар зиялы қауымның, оның ішінде тіл жанашырларының көңілінен шыққанын ерекше айтқым келеді.

Тәуелсіздік пен тіл – егіз ұғым екені бесенеден белгілі. Өйткені ел тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайтыны ақиқатқа айналғаны анық. Мемлекет басшысы Тәуел­сіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалғанын, сондай-ақ қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны арта түскенін айтып өтті.

Иә, шынында да Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруде, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында біршама оңды істер атқарылғандығын, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанын және оған мол қаражат бөлінгенін де жақсы білеміз. Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеруде керек нәрсе ниеттің болуында, ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты екені жайлы Мемлекет басшысының салмақ түсіре айтуы көп нәрсені аңғартса керек. Біздің ойымызша, қазақ тілін нақты мемлекеттік мәртебе деңгейіне жеткізу үшін Үкіметтің оны меңгеру тетіктерін табуы күн тәртібіне көтерілуі тиіс. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік қызметкерлер, министрлер мен депутаттар өз салалары бойынша мемлекеттік тілді меңгерген туралы тест тапсырғаннан кейін ғана қызметке алынуы тиіс деген заңнамалық негіздемелер әзірлеу керек. Сондай-ақ еліміздің азаматтарына әлемнің айтулы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының үміткерлеріне мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде емтихан тапсыру керектігі бұрыннан айтылып келеді, бірақ стипендия иегерлерінің көпшілігі әлі күнге дейін 3-4 шет тілінде сайрағанымен, мемлекеттік тілге келгенде мүдіретіні тағы бар. Егер де оларға мемлекеттік тілді меңгеру шет тілдерін білім деңгейінен кем болмауы тиіс деген қағида қабылданса, міндетті түрде аз уақыттың ішінде меңгеріп алатынына сеніміміз мол.

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдануы керек, туған тілді тұғырына қондыру қажет әрі оның қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру керек деген ой-пікірлер көптеп жарияланып жатқанынан жұртшылық хабардар деп ойлаймын. Енді, міне, Президент: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деуінің өзі тіл жанашырларына үлкен демеу болды.

Мемлекет басшысының тағы бір қадап айтқан қадау мәселесі – жастар оң өзгерістердің қозғаушы күші, тың идеялардың қайнар көзі екендігі. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінген абзал деп көрсеткені, болашақ жасампаз жастардың қолында дегенді меңзейді емес пе?! Көп тілді меңгеруде Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деген ұстанымын ұқыптылықпен ұстанғанымыз ұтымды болар еді. Ойымды қорытындылай келе айтарым – қастерлі Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін жұдырықтай жұмылып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, туған тілімізді ту етіп ұстап, жасампаз Қазақстанның жарқын болашағын жасауда аянбауымыз керек.

Аида СӘБИТҚЫЗЫ,

А.Қарсақбаев атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments