Сарқан ауданында көктем айының алғашқы мейрамы «Алғыс айту» күніне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 2 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің кілті табыс етілді.
Жаңадан бой түзеп келе жатқан «Болашақ» ықшам ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жалгерлік үйдің лентасын салтанатты түрде аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы қиып, жүрекжарды лебізін арнап, сарқандықтарға пәтер кілттерін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.
Көпқабатты жаңа тұрғын үйден ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаға 4 пәтер, І, ІІ топтағы мүгедек жанға 6, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыға 2, көпбалалы жанұяға 1, толық емес отбасыға төрт, зейнеткерге 1, Ауған соғысының ардагеріне 1 және тұрғын үйі авариялық жағдайдағы бір отбасыға пәтер берілді.
«Мен бүгін баспана кілтін алып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Осы қуанышты сәтті көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, тумасынан мүгедек балама ешқандай жағдай болмады. Енді жаңа серпінмен, ақ ниетпен киелі шаңырағымызға кіріп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған барша аудан азаматтарына алғысымды айтамын», — деп ағынан жарылды Гүлдархан Ерғалиева.
Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.
Жалпы екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйді салуға 336, 040 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. 2022 жылдың өзінде ауданда 10,389 шаршы метр болатын тұрғын үй салынған.
Айта кету керек, биылғы жылы «Болашақ» ықшам ауданында тағы да
5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы жұмыстары басталмақ.