Ежелден батырлар мен ақындар елі атанған Жамбыл ауданы – бақ дарып, қыдыр қонған киелі мекен. Бұл өңір жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбылдың, баһадүр батырлар Қарасай, Қастек, Қараш, Сұраншы, Саурық, Сәмен сынды тарихи тұлғалардың дәстүрін адал ұстанған ұрпақтарының мекені. Олар адамгершілік пен ізгіліктің асыл қасиеттерін жалғастырып, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсетудің жарқын үлгісін қалыптастырған. Соның нәтижесінде жаңа ғасырда аудандағы ұрпақ сабақтастығы ел игілігі мен жарастығының ерекше қырынан көрінді.
Қорқыт баба: «Жібек шаңырақтың жібі көрікті, үлкен шаңырақтың жанындағы отау көрікті, ақылы жарасса қария көрікті, сүйікті, қайырымды болса ағайын көрікті, инабатты болса әйел көрікті, өнегелі болса бала көрікті» деген екен. Бұл сөздер өмірдегі адамның өнегелі тұстарын айқын сипаттайды. Осы ойды еске ала отырып, Майтөбенің етегіндегі шағын ауылдың даңқы алысқа кеткенін айтуға болады. Себебі бұл мекен жыр алыбы Жамбылдың атымен аталады. «Жамбыл ауылы» – атына заты сай қасиетті жер. Мұнда Шапыраштының бір руы – Екейлер қоныстанған. Екей ұрпақтары бүгінде өсіп-өніп, елге елеулі, халыққа қалаулы деңгейге жетті.
Екейдің «Орыс баласы» атасынан тараған Қыдырәлі бабаның Жайлаубайдан өрбіген ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болып отыр. Жайлаубайдың Мантай, Болатқұл атты екі ұлы болған. Солардың арасынан шыққан Бақберген аға мен оның әулеті жайлы сөз қозғасақ, тұтас бір дәуір тарихына куә боламыз.
Бақберген Болатқұлұлы 1925 жылы «Орыс бұлағы» жайлауында дүниеге келген. Әкесі Болатқұл – қарапайым шаруа, ал анасы Рахила – Дулаттың Бидасынан тараған елдің қызы. Халық арасында Рахиланы Ақтай деп атап кеткен. Жайлаубай баба өз заманында «Орыс бұлағынан» Қызылауызға қарай арық-тоған тартып, тары еккен еңбекқор дихан болған екен. Оның немересі Бақберген де батыр тұлғалы, қарапайым болмысымен ел есінде қалған.
Жастық шағы ашаршылық жылдарына тап келген Бақберген ағасы Бақтыбаймен бірге қырғыз жерінде мал бағып, сонда сауат ашып, қырғыз тілінде білім алады. 1938 жылы туған жеріне оралып, артынша ағасы Бақтыбай соғысқа аттанып, майдан даласында қаза табады. Ал 1942 жылдың тамызында Бақбергеннің өзі әскер қатарына алынып, Ташкентте дайындықтан өтіп, қолға түскен жау тұтқындарын жеткізу ісіне қатысады. Кейін Қиыр Шығыстағы ұрыстарға қатысып, ауыр сынақтардан өтеді. Елге тек 1946 жылы оралған ол соғыстан кейін бухгалтерлік білім алып, ұзақ жылдар шаруашылық жұмыстарында еңбек етеді. Ұзынағаштағы жинақ банкінде инспектор, кейін бөлімше меңгерушісі қызметін атқарады.
Бақберген ағаның ерекшелігі – қарапайымдылығы еді. Ол өз соғыс жолын ешқашан дабыра қылмай, жеңілдіктерді пайдаланбады. Жазуға құмар болғандықтан, өлеңдер мен әңгімелер қалдырған, газет-журналды үзбей оқыған. Тіпті 1948 жылы батыр бабасы Мақыштың аузынан «Орыс баласы» жайлы шежірені жазып алып, ұрпаққа құнды мұра қалдырған.
Отбасында Бақберген аға мен жұбайы Үкән апа он бір бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары – Едіге, Дамир, Науқаннұр, Медик, Ғалымжан, Тимур, Шыңғыс, қыздары – Нұрила, Нұршамша, Шолпан, Әниза. Әке қаталдығы мен талапшылдығы, ананың ұқыптылығы мен еңбекқорлығы балалардың бойына ерте сіңіп, барлығы жоғары білім алып, жеке шаңырақ көтерді.
Ағаның ауылдағы абыройы ерекше болды. Жеңгелері оны еркелетіп «Қаратөре» деп атады. Мінезі қаталдау көрінгенімен, жүрегі кең, адал жан еді. Біреудің ала жібін аттамады, жалған сөйлемеді. Туыстары әлі күнге дейін оны шын атымен атамай, ерекше құрметпен еске алады.
Бақберген аға мен Үкән апаның шаңырағы береке-бірліктің, сыйластық пен еңбектің үлгісі болып қалды. Олардың өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін тағылымды өнеге.
Қаратөре жүрген жолмен ғұмыр кешу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шындық. Қазақ халқы ата-ананың өмірін артында қалған ұрпағының жетістігімен, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қалыптасуымен бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда Бақберген әулеті еш ұтылмай, керісінше биікке көтерілді. «Орыс баласының» ұйымшылдығы мен бауырмалдық қасиеті ел ішінде әрдайым үлгі болып келеді. Қиын сәттерде де, қуанышта да ұйыса қалатын бұл әулеттің бірлігіне жұрт талай рет куә болған.
Қара шаңырақта бүгінде Шыңғыс пен Сәния келін тұрып жатыр. Ал ұлдың үлкені Науқаннұр – Екей руының іскер азаматы, Алматыдағы спорт мектебін ұзақ жылдар басқарған тәжірибелі басшы. Ол спорт саласында көп жетістіктерге жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққан соң Қызыләскер ауылында қоныстанып, төрт түлік өсіріп, шаруасын дөңгелентіп отыр. Жан жары Гүлмира екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, шаңырақтың берекесін кіргізген, бауырларына әрдайым қамқорлық көрсеткен жандар.
Науқаннұрдың егіз қыздары – Жамила мен Мадина әке жолын қуып, спортта биік белестерге жеткен. Жамила – үш дүркін Азия чемпионы, төрт дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері. Мадина да екі дүркін Азия чемпионы атанып, Әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. Нәзік болмысты екі қыздың күрестегі қайсарлығы ауыл мен елдің абыройын асқақтатып жүр. «Үйінде ұл-қызы бардың, көгінде сөнбес жұлдызы бар» деген даналық осы әулетке дөп келеді.
Жамбыл ауданында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Оның жарқын мысалы – Қарақыстақ ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Мұнда бокс, қазақ күресі, еркін және грек-рим күресі, футбол, волейбол, баскетбол, таэквондо, дзюдо сияқты тоғыз спорт түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. 34 тәжірибелі жаттықтырушы жасөспірімдерді тәрбиелеп, талай чемпиондарды шыңдап келеді. Бұл мектеп тек чемпиондар ғана емес, шымыр да тәртіпті, мақсатшыл жастарды қалыптастыруды мақсат етеді.
Сол сияқты Ұзынағаштағы FFJ жеке футбол мектебі де жас спортшылардың шыңдалуына жол ашты. Балғын футболшылар республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. «Футбол – тек спорт емес, ол – бірлік, ол – бір отбасы» деген ұранды ұстанған мектеп тәрбиеленушілері де ел намысын қорғауға дайын.
Бақберген әулетінің бүгінгі ұрпақтары – ата-баба өнегесінің жалғасы. Жақында Науқаннұр бастаған бауырлар әжелерінің 100 жылдығына арнап ас беріп, Құран бағыштады. Ағайын-туыс жиналып, марқұмдар жайлы естеліктер айтты. Осы жиында «Қаратөре» атты көлемді кітап та көпшілікке таратылды.
Бақберген аға байлықпен емес, ұрпағымен, адалдығымен өлшенетін ғұмыр кешті. Артында бірлікке ұйыған әулет, өнегелі ұрпақ қалдырды. Ауылдың батысындағы қорымда қатар мәңгілік тыныстап жатқан Бақберген мен Үкәннің рухы бүгінгі ұрпағының жетістігін көріп риза болып жатқандай. «Адам кейінгіге қарап қартаяды, алдыңғылардың жақсылығын көріп марқаяды» деген сөз осы әулетке арналғандай.
Бақберген мен Үкәннен тараған ұрпақ – қайсарлық пен еңбекқорлықтың, спортқа деген құштарлық пен бірліктің айқын үлгісі. Олардың өнегесі – кейінгіге қалған мол мұра.