Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы оның бойына ананың ақ сүтімен дариды, жүрек жылуынан басталады. Бала табиғатындағы ізгі қасиеттер де алдымен ана тәрбиесінен бастау алады. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді адам әрине, Ана. Ол баласының қандай қателігін болса да кешіре біледі. Бір сөзбен айтқанда, ана мейірімінде шек жоқ.
Ертеректе апа-әжелеріміз баласына қатысты «Іштен шыққан шұбар жылан ғой» дегенді жиі айтып отыратын. Біз ол кезде жас болдық. Ештеңенің мәнісіне бойламаппыз. Қазір есейе келе бала тәрбиесіндегі ең негізгі тұлға – ата-ана екенін кеш те болса ұққандаймыз. Жалпы, баланың іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына қарап-ақ, оның қандай отбасынан шыққанын аңғару қиын емес.
Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтел бар. Алайда, қазіргі уақыт пен кешегі кезеңді салыстыруға болмайды. Ол кезде ата-аналар таңның атысы, күннің батысы демей совхоздың жұмысына жегілетін. Үйдегі баланың тәрбиесімен көбінесе әжелер айналысатын. Әлбетте, әжесі жоқ үйде үлкені кішісін жетелеп, қолы қалт еткенде ата-анасынан үйренгенін қайталап, кәдімгідей қолғабыс жасайтын.
Ал әжесі бар біздер шын бақытты едік. Интернат, балабақша дегеннің не екенін білмей өстік. Әжеміздің пісірген таба нанын шетінен үзіп жеп, сүтке бөктіріп беретін тарысын талмап ержеттік. Қазір де сол дәмді ойласақ сілекейіміз шұбырып сала береді. Расында, біз ең бақытты бала болған екенбіз. Әке-шешең бірдеңе дейін десе, әже деген «адвокатыңа» сеніп алғансың. Алайда, сол тәрбиенің бос, боркеміктікке әкеп соғатынын қайдан білейік. Оны қылаудай қиянаты жоқ әжеміз де ойлады дейсің бе?! Бәлкім, талай қиындықты басынан өткерген сол әжелеріміз өзі көрген қиындықты ұрпағының көрмеуін шын тілеген шығар. Әрине, шын тіледі. Әйтпесе, жылы-жұмсағын аузымызға тосар ма еді. Тіпті, таңертең тәтті ұйқыңнан оятуға батпайтын еді ғой.
«Болашақ – жастардікі» деген сөз тіркесі жиі айтылады. Өкінішке қарай, жаһандану кезеңінде жаңарып келе жатқан электронды уақыт адам санасына кері әсерін тигізіп жатқандай. Жаңа технологиялармен толыққан заман көшінің қайда апарып соғары белгісіз. Ертеңгі күнді айтпағанда, бүгін, дәл қазір не болатынын да ешкім болжай алмайды. «Бір ойды бір ой қозғайды» демекші, осы айтып отырған мәселелердің барлығы да ана мен бала арасындағы нәзік түсіністікке, махаббатқа, талбесіктегі тәрбиенің тылсымына байланысты ма деп пайымдаймыз.
Роза Сейілхан.