Елімізде кəсіпкерлікті дамыту мен жұмыссыз жандарға көмек ретінде «Нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында кішігірім жеке кəсіптерін ашып, қазіргі таңда оны ілгері бастырғандар аз емес. Бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген жандардың арнайы бір кəсіптің иесі атануына себепкер болады. Кейін сол кəсіптің маманы атанған азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріп, өз игілігін өрістетуге мүмкіндік жасайды. Бұл үрдіс жылдан-жылға қарқын алып, даму үстінде.
Осыған байланысты жуырда аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Қайратхан Мəдіғұлұлы Баймолдаев жиын өткізді. Жиын барысында ол Ұзынағаш кəсіптік колледжін биыл тамамдайтын жетім жəне жартылай жетім түлектерді қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта осы түлектер жоғарыда аталған бағдарлама аясында оқуға жіберіліп, мемлекет тарапынан қолдауға ие болатын болды. Осылайша игі бастаманы қолға алған Қайратхан Баймолдаев алдағы уақытта оның тиянақты жалғаса беретінін атап айтты.
Мадина ШАМШИЕВА, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы.