«Туған жерім — тұғырым» жобасы аясында14-24 қыркүйек аралығында өткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленэрі өз мәресіне жетті.
Пленэрге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Қытай Халық Республикаларынан барлығы 20 суретші қатысып, 10 күн ішінде әрбір суретші 4 картинадан салып үлгерді.
Туындылардың басым бөлігі Жамбыл ауданының сұлу табиғаты мен ұлы тұлғаларын бейнелеуге бағытталды.
Кәсіпқой суретшілердің туындысы аудандық мәдениет үйінің ішінде көрме түрінде көпшілік назарына ұсынылды.
Ұйымдастырушылар пленэрді қорытындылап, іс-шараға қатысқан қылқалам шеберлерін марапаттады.
Марапатты аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев, халықаралық Түріксой ұйымының басқарма басшысы Санжар Мүләзімұлы үлестірді. Суретшілерге 300 мың теңгенің сертификаты мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.