Вторник, 10 ноября, 2026
Басты бет29 қараша - ҚР мәслихаттары депутаттарының сайлауыХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ – САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ – САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясынан №19 бірмандаттық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде аудан тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және түрлі сала өкілдерімен бірқатар кездесу өткізілді.
Кездесулердің негізгі мақсаты – сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын таныстыру, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылау.
Алғашқы кездесулердің бірі Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты Үмбетәлі Кәрібаев ауылындағы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектеп ұжымымен өтті. Сондай-ақ Шолаққарғалы негізгі орта мектебінің педагогикалық ұжымымен жүздесіп, білім беру саласын дамыту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ұстаздар мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері жөнінде пікір алмастық.
Білім беру саласы – ел болашағын қалыптастыратын маңызды бағыт. Сондықтан ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау сайлауалды бағдарламамыздың басымдықтарының бірі ретінде атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылымның, озық технологиялардың ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталып: «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды», – деп атап өтті. Президенттің бұл тұжырымы білім беру сапасын арттыру, білікті мамандар даярлау және өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындай түседі.

Ауыл медицинасына да ерекше назар аударылды. Үмбетәлі Кәрібаев ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлерімен өткен кездесуде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Өйткені халық денсаулығы – қоғам әл-ауқатының басты көрсеткіштерінің бірі.
Сонымен қатар Үмбетәлі ауылындағы «Ару Мерей» балабақшасының еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Онда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру сапасын арттыру, балабақшалардың жұмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жоспарлар таныстырылды. Мекеме қызметкерлерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, саладағы өзекті мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өрбіді.
Аудан экономикасының дамуы мен халықты жұмыспен қамту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта Шолаққарғалы ауылдық округінде жұмыссыз және жұмыс іздеуші ретінде тіркелген азаматтармен Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Молдашева Меруерт Сағындыққызымен бірлескен кездесу өткізілді. Жүздесу барысында сайлауалды бағдарламаларымыздың әлеуметтік-экономикалық бағыттары таныстырылып, тұрақты жұмыс орындарын ашу, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселелері сөз болды. Азаматтардың жұмысқа орналасу кезінде кездесетін қиындықтары мен ұсыныстары тыңдалып, тұрақты табыс көзін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Өндіріс саласының өкілдерімен де арнайы жүздесіп, Үмбетәлі ауылындағы «ORDA HOME» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өткіздік. Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгіме барысында отандық өндірісті қолдау, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар ауданның инфрақұрылымын жаңғырту, жолдардың сапасын жақсарту, тұрақты электр энергиясымен және таза ауызсумен қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту бағытындағы жоспарларымызбен бөлістік.
Өндіріс орындары – аудан экономикасының маңызды тірегі. Жергілікті кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау, өндірістік әлеуетті арттыру және жастарды еңбекке тарту арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік мол. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау мен жұмыспен қамту мәселелері өзара сабақтас маңызды бағыттар ретінде қарастырылды.
Сайлауалды кездесулердің тағы бір маңызды бөлігі тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Есіктен есікке» акциясы болды. Оның аясында Үмбетәлі ауылындағы Сенбаев және С.Әліпбаев көшелерінің, Қасымбек ауылындағы Жаңа тұрмыс көшесінің, сондай-ақ Баймұрат және Мұсабаев көшелерінің тұрғындарымен кездесулер өткізілді.
Аталған кездесулерде тұрғындарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қатысты ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелері тыңдалды. Әрбір үйге барып, тұрғындармен жеке сөйлесу олардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Халықпен тікелей байланыс орнату, айтылған ұсыныстарды назарға алу және оларды тиісті деңгейде көтеру – депутаттық қызметтің маңызды міндеттерінің бірі.

Жалпы, өткізілген кездесулер барысында білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, өндірісті қолдау және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мәселелері кеңінен қамтылды. Әрбір кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік берді.
Біз үшін ауданның дамуы тек жаңа нысандардың салынуымен немесе экономикалық көрсеткіштердің өсуімен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – сол өзгерістердің игілігін әрбір тұрғын сезініп, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізіп, тұрақты жұмыспен қамтылып, қолайлы ортада өмір сүруі.
Халықтың пікірі мен сенімі – кез келген бастаманың негізі. Сондықтан тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың талап-тілегіне құлақ асу және нақты мәселелердің шешілуіне ықпал ету алдағы жұмысымыздың басты ұстанымы болып қала береді.
Ауданның жарқын болашағы – халықпен бірлесе атқарылған нақты жұмыстар мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі!

 Берік ОРЫНТАЕВ,
№19 бірмандаттық сайлау округі бойынша
Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments