Четверг, 22 октября, 2026
Басты бетЖаңалықтарҒылым мен өндіріс байланысы нығаяды

Ғылым мен өндіріс байланысы нығаяды

Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-технологиялық әлеуетімен танысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті инновациялық шешімдерді енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы барып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің ғылыми жетістіктері мен заманауи технологиялық мүмкіндіктерін зерделеді. Сапар аясында университет ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, ғылым мен өндірісті ұштастыру, жоғары білікті кадрлар даярлау, жас мамандарды ауданға тарту және бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады.
Бүгінде ғылым мен технология экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың біріне айналды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және цифрландыру салаларында озық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу уақыт талабына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ауданның жетекші ғылыми орталықтармен байланысын нығайту – өңірдің даму әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Кездесу барысында университеттің соңғы жылдардағы жетістіктері сөз болды. Соңғы 3–4 жылда ҚазҰУ қалашығының аумағы кеңейіп, 10 заманауи ғылыми зертхана ашылған. Қазіргі таңда оқу орнында жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, экономика, робототехника және цифрлық технологиялар бағыттары бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сапар барысында аудан әкімі ғылыми зертханалардың жұмысымен танысып, өнеркәсіптік роботтарды басқару орталықтарын, отандық дрон үлгілерін және Қазақстан мен Қытайдың бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары зертханасын аралады. Бұл орталықтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар заманауи ғылымның нақты өндірістік міндеттерді шешудегі мүмкіндіктерін көрсетеді.
Әсіресе, спутниктік деректер негізінде жер құнарлылығын зерттеу, су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, күн энергиясын қолдану, табиғи құбылыстарды модельдеу және ауа райын болжау бағыттары ерекше қызығушылық тудырды. Аталған технологиялардың ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор. Өйткені жер мен суды ұтымды пайдалану, климаттық өзгерістерге бейімделу және өнімділікті арттыру – аграрлық саланың өзекті міндеттері.
Нұрлан Ертасұлы ғылыми жетістіктерді ауданның ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларына бейімдеп енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ғылыми мекемелермен өзара ынтымақтастық орнату жергілікті кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттыруға, ресурстарды үнемдеуге және жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
Кездесуде кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Үлкен ауылында салынуы жоспарланған атом электр станциясына байланысты болашақта энергетика, инженерия және ақпараттық технологиялар салаларында кәсіби білімі бар мамандарға сұраныс арта түсетіні айтылды. Осыған орай аудан басшысы университет түлектерін Жамбыл ауданына тарту, жастарға кәсіби бағдар беру және өңірге қажетті мамандарды даярлау бағытында бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Бұл бастама жастардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, ауданның кадрлық әлеуетін нығайтуға да ықпал етпек. Жоғары оқу орындары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы жүйелі байланыс білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге, жас мамандардың тәжірибелік даярлығын жетілдіруге жол ашады.
Өз кезегінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев Жамбыл ауданынан арнайы делегация келіп, оқу орнының ғылыми жетістіктерімен, зертханаларымен және инновациялық жобаларымен кеңінен танысу жөнінде ұсыныс айтты. Мұндай өзара тәжірибе алмасу алдағы уақытта нақты ынтымақтастық бағыттарын айқындауға негіз бола алады.
Жалпы, Жамбыл ауданы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы байланысты дамыту – ғылым жетістіктерін өңір игілігіне бағыттаудың маңызды мүмкіндігі. Ғылыми әлеуетті өндірістік тәжірибемен ұштастыру, білікті кадрлар даярлау және инновациялық жобаларды қолдау аудан экономикасын жаңғыртуға серпін бермек.
Ғылым мен өндіріс сабақтастығы – тұрақты дамудың негізі. Ал озық технологияларды тиімді пайдалану мен білімді мамандарға қолдау көрсету Жамбыл ауданының жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі болмақ.

жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Б.Айтәлі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments