ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық машина жасау саласының стратегиялық бағыттарының бірі саналатын автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселесі туралы баяндады.
«Еліміздің автомобиль өнеркәсібі әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесіне сәйкес кезең-кезеңімен дамып келеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бұл саланың қалыптасуына шамамен 30 жыл қажет болды. Қазақстанда 2010-2019 жылдары отандық автомобиль жасау саласының негізі қаланды. Осы кезеңде еліміздің нарығына әлемнің жетекші автомобиль брендтері келіп, құрастыру өндірісі жолға қойылды. Соның нәтижесінде автомобиль өндірісінің көлемі 3 мыңнан 50 мың бірлікке дейін ұлғайды. 2020 жылдан бастап сала дамудың жаңа кезеңіне өтті. Елде шанақты дәнекерлеу және бояу үдерістерін қамтитын толық циклді өндіріс енгізіле бастады. Соның арқасында саланың өндірістік әлеуеті едәуір артып, жыл қорытындысы бойынша 171 400 автомобиль өндірілді», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, негізгі міндет – дайын автомобильдер шығару ғана емес, ел аумағында автокомпоненттер өндірісін дамыту. Осы мақсатта өндірісті локализациялау деңгейін арттыру, отандық автокомпоненттер өндірісін жолға қою және қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру бойынша шаралар қабылдануда. Сондай-ақ жаңа нарықтарды игеруге, инженерлік әлеуетті арттыруға және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге басымдық беріледі.
Өткен жылы KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan атты екі ірі автомобиль зауыты пайдалануға берілді. Олардың құрылысына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 346 млрд теңгеден асты. Кәсіпорындар заманауи жабдықтармен жарақтандырылған және өндіріс үдерістері жоғары деңгейде автоматтандырылған. Қазіргі уақытта мұнда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөліктер өндірісін кеңейтуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін ұйымдастыру, SITRAK маркалы жүргізушісіз магистральдық тартқыштар шығару, сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансаларының желісін дамыту көзделуде.
Қазақстанда бүгінде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника өндіретін 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зауыттарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздік ісін жедел басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі ахуалдық орталық пайдалануға берілді.
Зияткерлік платформа бейнебақылау камераларынан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдайды. Бұл тәуекелдерді, төтенше жағдайлар мен ауытқуларды жедел анықтауға, сондай-ақ оларды уақтылы жою бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, дәнекерлеу жұмыстарының сапасын автоматты түрде бақылауды қамтамасыз ететін талдау жүйелері қолданылады. Өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін цифрлық сыңарлар технологиясы пайдаланылады.
Өндірісті локализациялау деңгейін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі – автокомпоненттер өндірісін дамыту. Бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобустарға арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер өндірісін игерді. Сонымен қатар бамперлер, электр сымдарының шоғырлары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын өндіру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда.
Осы бағытты дамыту мақсатында «Машина жасау және көлік мәселелері туралы» заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасты. Автокөлік өндірісімен қатар, оларға қажетті құрамдас бөлшектерді өндіруді дамыту, жаңа жеткізушілерді тарту және өндірістік тізбектерді қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта елімізде жүк техникасын өндіру саласында Scania және HOWO сияқты әлемдік брендтердің жүк тартқыштары шығарылуда. Саланы одан әрі дамыту мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, биылғы IV тоқсаннан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO жүк тартқышын өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG компаниясымен бірлесіп электрлі жүк тартқыштарын өндіру жобасын іске асыруда.
Ерсайын Нағаспаев саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті мамандарға тікелей байланысты екенін атап өтті. Кәсіпорындар инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға жүйелі түрде инвестиция салып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, дуальды оқыту бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар өңірлерге мамандарды тарту мақсатында еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде. Корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынуда. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Кәсіпорындар қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларын кеңейтіп келеді. Оның ішінде медициналық сақтандыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, көлікпен қамтамасыз ету және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері қарастырылған.
Автомобиль жасау саласында бүгінде 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы бес жылда салаға шамамен 457 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы елімізде 171 мыңнан астам автомобиль шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты.
Оң динамика биыл да сақталуда. Осы жылдың алғашқы 6 айында 94 400 автомобиль өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға жоғары көрсеткіш. Биыл өндіріс көлемін 11%-ға ұлғайтып, 190 мың автомобиль шығару жоспарланып отыр. Жалпы, биыл автомобиль өндірісі 131,1%-ға өсті.
Министр локализациялау деңгейін одан әрі арттыру үшін негізгі басымдықтардың бірі жаңа автокомпоненттер өндірісін игеру және отандық кәсіпорындарды әлемнің жетекші автомобиль компанияларымен бірлескен өндірістерге тарту екенін атап өтті.
Халық үшін автомобильдерге қолжетімділікті арттыру мақсатында автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру көзделуде. Оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғалар үшін автолизингті дамыту шаралары қарастырылған.
Электр және гибридті көлік өндірісін дамыту, сондай-ақ оларды пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру ісі зарядтау стансалары желісін кеңейтуді және жүргізушісіз көлік технологияларын қолдану үшін жағдай жасауды қамтиды.
Автомобильдерді импорттау кезінде заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік жағдай қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз схемалардың қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Өзіміздің зертханалық базамызды құру техникалық регламент талаптарына сәйкестікті тексеру бойынша толық сынақ циклін жүргізуді, елдегі инженерлік және технологиялық құзыреттерді дамытуды, жаңа модельдерді нарыққа шығаруды жеделдетуді, сондай-ақ отандық өндірістің технологиялық тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.
«Ұсынылып отырған шаралар автомобиль өнеркәсібін одан әрі тұрақты дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға, отандық өнімнің қолжетімділігін арттыруға және өңірлік әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. Министрлік өз өкілеттіктері аясында аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, қойылған міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады Ерсайын Нағаспаев.


