Соның бір мысалы – Алматы облысы. Соңғы бірнеше жылда өңірдің экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Мәселен, 2021 жылы облыс бюджетіне түскен салық көлемі 317 млрд теңге болса, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 628 млрд теңгеге жеткен. Яғни, бірнеше жыл ішінде екі есеге жуық өсім бар.
Инвестиция тарту қарқыны да жоғары. 2022–2025 жылдар аралығында облыс экономикасына 3,7 трлн теңге инвестиция құйылған. Ал биылдың өзінде жалпы құны 620 млрд теңге болатын 37 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Мұндай экономикалық серпіннің нәтижесін күнделікті өмірден де байқауға болады. Мәселен, дүкен сөрелеріндегі көптеген өнімдер – өз өңірімізде өндірілген тауарлар. Нарынқолдың картобынан жасалған чипсы да, түрлі сусындар мен азық-түлік өнімдері де Алматы облысының кәсіпорындарынан шығып жатыр. Бүгінде облыс азық-түлік, сусын және темекі өндірісі бойынша елде алдыңғы орындардың бірін иеленеді.
Экономиканың дамуы, жаңа өндірістердің ашылуы – елдегі саяси тұрақтылық пен жүйелі реформалардың нақты нәтижесі. Конституциялық өзгерістер де дәл осындай жаңаруларға жол ашып, өңірлердің әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Сондықтан, референдум – тек заңнамалық өзгеріс қана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Әр азаматтың дауысы – Қазақстанның ертеңіне қосылған үлес.


