Понедельник, 25 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтар“Қорғастағы” жаңа ережелер кәсіпкерлердің наразылығын туғызды

“Қорғастағы” жаңа ережелер кәсіпкерлердің наразылығын туғызды

“Қорғас” халықаралық сауда орталығындағы жаңа ережелер жергілікті кәсіпкерлердің наразылығын туғызды. Қазақ-қытай шекарасындағы орталыққа кіріп-шығу бұрыңғыдан да қымбат дейді саудагерлер.

Алайда пандемиядан кейін екі елдің азаматтарына есігін айқара ашқан «Қорғастың» басшылығы орталық, керісінше, заман талабына сай жаңарып, кедендегі кезек пен жүк тасымалындағы түрлі қиындықтарды түбегейлі шештік деп отыр. Жұмысын қайта бастаған халықаралық сауда орталығын КТК тілшісі көріп қайтты.

Үш жылдық үзілістен кейін «Қорғас» халықаралық сауда орталығы жұмысын қайта бастады. Арзан тауар іздеген саудагерлер таңнан бері арғы бетке ағылып жатыр. Орталықтың басшылығы Қытаймен арада көпір болған экономикалық аймақта жаңа ережелер енгізіліп, туристердің арлы-берлі емін-еркін кіріп-шығуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.  Орталықтың ішіндегі терминалдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Екі ортада адамдарды таситын автобустар да жаңартылыпты. Туристердің жүгін шекараның келесі бетіне жеткізіп беретін арнайы пункттер ашылған. Тауардың әр келісіне 80 теңге алатын ақылы қызметке жүгіну міндеттелген. Модернизацияға 800 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

Әсет Байғараев, «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ департамент басшысы: — Автобустарға бес келіден аспайтын қол жүгі болады, қалған 26 келі жүк қабылдау пунктіне тапсыруға міндетті. Орталықтың концепциясы бойынша, біз бұл аумақты ең басты бағытымыз туристік бағытты дамыту. Бұл жеке тұлғаларға жеке пайдалануына бір айда 31 келіден аспайтын, яғни мың еуродан аспайтын тауарларды Қазақстанға кіргізуге рұқсат етіледі. Егер айына алған затыңыздың салмағы осы межеден асып кетсе тауардың әр келісіне 4 еуродан төлеу қажет.

«Қорғастағы» жаңа тәртіп саудамен нәпақасын тауып жүрген кәсіпкерлердің көңілінен шыққан жоқ. Қазір Қытайдан тауар алып-сату мүлдем тиімсіз. Себебі, орталыққа барып-қайтудың өзі қып-қызыл шығын дейді олар. Кәмшат Жақыбаева, кәсіпкер: — Шығын өте көп. Кіргеннен бастап тұраққа 500 теңге деп жатыр. Ол үш сағатқа ғана. Үш сағаттан ары қарай тағы баға қосылады. Үш мың теңге билет. Ол билет құны біз 15 км кіріп қайтадан барғанға. Ал алған затымызды тасуға 80 теңгеден аламыз деп отыр. Одан да Алматыдағы барахолкадан алған пайдалы.

Әр қазақстандық туристті қытайлық полиция арнайы рентген аппараты арқылы тексереді. Ең қызығы, көрші елдің азаматтары біздің аумаққа еш кедергісіз өтеді екен. Оған қоса, қытайлықтарға айына емес, күніне 500 мың теңгеден астам тауарды баж сылығынсыз алуға болады. Ақмарал Иманжанова, кәсіпкер: — Қытай азаматтары күніне 8 мың юань тұратын тауар алуға мүмкіндігі бар. Ал бізге төлемсіз айына 31 келі алуға рұқсат. Әділетсіз ғой. Жалпы, «Қорғаста» тек қытайлықтар ғана ұтады. Өйткені біз оларға инвестиция қалдырамыз. Ал біздің аумақта санаулы сауда үйінен басқа қытайлықтарды қызықтыратын ештеңке жоқ. Ал қытайлық кәсіпкерлердің көңілі көтеріңкі. Олар пандемияда сатылмай, қоймада шаң басқан тауардың сан түрін шығарып, арзан бағаға өткізіп жатыр. Людмила, қытайлық кәсіпкер: — Қазір бұрынғы бағамен сатып жатырмыз. Себебі, жаңа тауарларға тапсырыс берген жоқпыз. Мұнда үш жыл бұрын сатылмай қалған заттар әлі тұр. Оны арзан бағада алып кете аласыз. Халықаралық сауда орталығының басшылығы «Қорғастың» Қазақстан аумағында аяқсыз қалған құрылыс көп екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта бой көтеретін сауда үйлерінде тек отандық өнімдер сатылмақ. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments