2026 жылғы 23 тамыз — Қазақстан үшін тарихи күн!
Еліміздің тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді! Бұл — халық билігін нығайту мен қоғамдық диалогты дамыту жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Әрбір азаматты азаматтық жауапкершілік танытып, осы тарихи үдерісте өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыруға шақырамыз. Сіздің даусыңыз — ел болашағына қосқан үлесіңіз!
Сайлау учаскелері туралы ақпаратты қайдан және қалай білуге болады?
Сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы мәліметтер 2026 жылғы 10 шілдеде «Іле таңы» аудандық газетінде жарияланған, сондай-ақ Іле ауданы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылған. Дауыс беру күні қиындық туындамас үшін осы ақпаратпен алдын ала танысып алуды ұсынамыз.
Сайлаушылар тізіміндегі деректерді тексеру
2026 жылғы 7 тамыздан бастап өз сайлау учаскеңізде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу құқығы бар сайлаушылар тізіміндегі өз деректеріңізді тексере аласыз. Егер қандай да бір қателік немесе өзгеріс енгізу қажеттілігі анықталса, учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беріп, деректеріңізді түзетуге құқығыңыз бар.
Егер сіз демалыста болсаңыз немесе елді мекеннен тыс жерде болсаңыз қалай дауыс беруге болады?
Жазғы демалыс кезеңін ескере отырып, сайлауды ұйымдастырушылар тұрғылықты жерінен тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік қарастырды. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін сіз дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алып, басқа жерде дауыс бере аласыз.
Есептен шығару куәлігін алу тәртібі:
Сайлаушылар тізімімен жалпы танысу кезеңі мен дауыс беру күні аралығында сіздің тұрған жеріңіз өзгерген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сіздің жазбаша өтінішіңіз негізінде және жеке куәлігіңізді көрсету арқылы (немесе сенімхат арқылы өкіліңізге) есептен шығару куәлігін береді. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
Маңызды рәсімдеу талаптары:
• Өтінішті сайлаушы өзі жеке әрі анық толтырады.
• Егер есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы өкіл алса, өтінішке сенімхат қоса беріледі. Сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді!
• Куәлікті толтыру мемлекеттік немесе орыс тілінде — сіздің таңдауыңыз бойынша жүргізіледі.
• Куәлікті берген комиссия мүшесі сайлаушылар тізімінде сіздің тегіңіздің тұсына белгі қойып, бес таңбалы серия нөмірін, күнін көрсетіп, қол қояды.
• Сіздің өтінішіңіз сайлаушылар тізіміне тіркеліп, сізді өз учаскеңіздегі тізімнен шығару үшін негіз болады.
Назар аударыңыз!
❌ Бір елді мекен ішіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі берілмейді.
❌ Жоғалған есептен шығару куәлігі қалпына келтірілмейді.
❌ Есептен шығару куәлігінің телнұсқасы берілмейді.
Сайлау күні дауыс беру
2026 жылғы 23 тамыз күні дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін көрсеткен жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сізді нақты орналасқан жеріңіз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіп, дауыс беруге мүмкіндік береді.
Құрметті сайлаушылар!
Сіздің белсенді азаматтық ұстанымыңыз бен сайлауға қатысуыңыз — демократиялық қоғамның негізі әрі мемлекетіміздің табысты дамуының кепілі. Тарихи сәттен тыс қалмаңыз! Сайлауға келіп, өз таңдауыңызды жасаңыз!
Жамбыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.


