2026 жылғы 23 тамызда елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі. Аталған саяси науқан азаматтарға өз еркін білдіріп, елдің дамуына тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді.
Құрылтай – қоғамның түрлі салаларының өкілдерін біріктіретін маңызды қоғамдық институт. Оның басты мақсаты – елдегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту және халық пікірінің ескерілуіне ықпал ету.
Алдағы сайлау барысында Құрылтай құрамына депутаттар сайланады. Олар азаматтардың мүддесін қорғап, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қатысты мәселелерді көтеруге, маңызды бастамалар ұсынуға қатысады. Осы тұрғыда әрбір сайлаушының дауысы айрықша мәнге ие.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Құрылтай құрамына 145 депутат бес жыл мерзімге сайланбақ. Қазіргі таңда депутаттық мандатқа үміткерлердің партиялық тізімдеріне 545 кандидат тіркелген. Бұл өз кезегінде сайлаушыларға лайықты таңдау жасап, Құрылтайдың сапалы құрамын қалыптастыруға кең мүмкіндік береді.
Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар оның азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Белсенділік танытып, өз таңдауыңызды жасау арқылы еліміздің тұрақты дамуына және жарқын болашағына өз үлесіңізді қоса аласыз.
Елдің ертеңі – бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан барша азаматтарды алдағы сайлауға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамыз.


