Четверг, 10 сентября, 2026
Басты бетЖаңалықтарҰЗЫНАҒАШТА 30 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

ҰЗЫНАҒАШТА 30 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

 

Ауылдың ажарын айшықтап, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі – жолдың жағдайы. Осы бағытта Ұзынағаш ауылында көше-жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары биыл да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда бірқатар көшеде жол жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл Ұзынағаш ауылы бойынша жалпы ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын 30 көшені қамтитын 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын кезең-кезеңімен жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бірі. 35 үй ықшамауданында басталған жұмыстың қарқыны жақсы.

Бүгінде аталған жобаларды жүзеге асыру үшін екі мердігер мекеме жұмысқа кіріскен. Жоспарға енгізілген көшелерде жолдың негізін дайындау, тегістеу және асфальт жабындысын төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Жаңадан төселген асфальт тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың жалпы келбетінің жақсаруына да оң ықпал етеді.

Ұзынағаш – аудан орталығы әрі халық саны жылдан-жылға артып келе жатқан елді мекен. Сондықтан ауылдағы көлік қозғалысының артуы жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені де көбейтуде. Осыған байланысты көшелерді жөндеу, жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Жол жөндеу барысында ең басты талап – жұмыстың сапасы. Осыған орай атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуы мен белгіленген мерзімде аяқталуы Жамбыл ауданы әкімдігінің жіті бақылауында. Мердігер мекемелерге де тиісті талаптар қойылып, жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Әрине, ауылдағы барлық көшені бір жылдың ішінде толық жөндеп шығу мүмкін емес. Сондықтан жолдарды жаңарту жұмыстары қажеттілік пен басымдыққа қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биылғы 30 көшенің жөнделуі де осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы.

Жаңа жол – тек асфальт төселген көше емес. Ол – тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауы, жедел жәрдем мен қоғамдық көліктің кедергісіз жүруі, ауылдың көркеюі мен инфрақұрылымының дамуы. Осы тұрғыдан алғанда, Ұзынағаштағы жол жөндеу жұмыстары аудан орталығының келбетін жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Алдағы уақытта да ауыл ішіндегі жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments