Суббота, 1 августа, 2026
Басты бетAtamekenӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН ҚОРЫН БІРГЕ ҚАЛЫПТАСТЫРАЙЫҚ

ӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН ҚОРЫН БІРГЕ ҚАЛЫПТАСТЫРАЙЫҚ

Десек те, осынау ұлы тұғырдың дәрежесін сақтап қалу мәселесі бүгінде аудан әкімі Нұрлан Ертасұлын да қатты толғандырып жүргені байқалады. Сондықтан да болар, соңғы кездегі жиындар мен кездесулерде бұрынғы алыптардың жолын лайықты жалғайтын жас таланттардың азайып кеткенін айтып, мәселенің шешімі ретінде ауданымызда ақындар даярлайтын арнайы мектеп немесе үйірме ашуды ұсынып, қаламгерлер қауымдастығын құруды ойластырсақ деген игі бастаманы алға тартуда. Н.Ертасұлы өз сөзінде: «Жақында маған бір адам: «Жамбыл ауданы өзін «ақындар мен батырлар еліміз» деп таныстырады. Өлке тарихынан ойып тұрып орын алатын аға буын ақын-жазушыларыңыз жетерлік. Алайда, сол аға буынның ізін жалғап, қаламдарының сиясын кептірмей, әдебиет айдынын тербете жөнелетін осы заманның өкілі – ізбасар шәкірттеріңіз бар ма?» деп сұрақ қойды. Расымен, мен ойланып қалдым. Сондықтан біз болашақта ата жолын жалғар шәкірттерді даярлауды қолға алып, ақын-жазушылар мектебін қалыптастыратын үйірмелер ашсақ…» – деген еді.

Басшылықтың бұл ізденісі мен толғанысы дәл осы мақаланың жазылуына негізгі арқау болды. Себебі осы игі ұсыныстардан кейін бізде бірнеше заңды сұрақтар туындаған болатын. Ол сұрақтардың бас-аяғы көз алдымызда жүрген бүгінгі Жамбыл ауданының қаламгерлеріне келіп тіреледі.

Шынымен-ақ, Жамбыл ауданының брендтік тіркесіне сай келетін ақын-жазушылар шықпай жатыр ма? Осы бір ғана ойдан өзара қарама-қайшы сауалдар тізбегі туады.

Біріншіден, Жамбыл ауданының заманауи руханияты мен шығармашылық әлеуетін сөз еткенде, бүгінде қаламгерлік өлкесінде өзіндік өрнегімен алға суырылып шыққан жазушы Есболат Айдабосынның есімін ерекше мақтанышпен атауға болады. Ақтерек ауылының топырағында түлеп ұшқан ол – қазіргі қазақ әдебиеті мен журналистикасының белсенді өкілі ғана емес, беделді «Алтын қалам», «Алтын тобылғы», «Алтын тұғыр» әдеби сыйлықтарының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Оқырман қауымды сырлы суреткерлігімен баураған «Сүлікқара», «Қызыл сақа», «Тибет аруы», «Қасқыр ішік» және «Ит тірлік» кітаптарының авторы. Е.Айдабосын бүгінде туған өңірдің мәдени брендіне айналып, аудан мақтанышы ретінде шығармашылық биіктерді бағындырып келеді. Әсіресе, жуырда жарық көрген «Бүкір» романын қаламгер шығармашылығының жаңа бір белесі ретінде ерекше атап өткен жөн.

Сондай-ақ, шығармашылық пен мәдениет айдынында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қоғамдық белсенділігімен танылып жүрген Асқар Қызырханұлының да өңірлік руханиятты дамытуға қосқан үлесі ерекше. Жамбыл ауданының мәдени тыныс-тіршілігіне, өлкетану бағытындағы құнды бастамалар мен әдеби-мәдени үдерістерге белсене араласып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда алдыңғы шептен көрініп жүрген ол – қаламы қарымды, ойы орамды тұлға. Өңірдің шығармашылық әлеуетін арттыруға аянбай еңбек етіп жүрген Асқар Қызырханұлының ізгілікті қадамдары туған өлкенің мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізіп, қалың бұқара мен зиялы қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Республика деңгейіндегі ақын-жазушылардан кейін, туған өлкесі Ұзынағаш өңірінде әлі күнге тұрғылықты азаматтар ретінде бірге жасасып келе жатқан заманауи ақындар мен жазушылар легін қалайша ұмытамыз. Жұрт мойындап, үлкен аренаға шығарып үлгерген замандас қаламгерлеріміз бар емес пе? Ортамызда жүрген, есімдері көпшілікке танымал Роза Сейілхан, Бақтияр Айталы, Елдар Жақыпбек, Елдос Үмбетәлі, Жалғас Садырұлы сынды таланттар неліктен «жоқтың» қатарына еніп, тізімнен тыс қалып қойды? Мәселе ізбасардың жоқтығында ма, әлде барымызды бағалай алмай, көре алмай отырмыз ба?..

Біз бұл ақындардың есімін жайдан-жай атап отырған жоқпыз. Бұлар – кешегі Есенқұл Жақыпбековтің отты жырынан сусындап, қазақ прозасының алыбы Жұмабай Шаштайұлының ақ батасын алған, Күмісжан Байжан әпкеміз бен Рәтбек Терлікбаев ағамыз сынды қаламгерлердің көзін көрген буын. Олар «Атамекен» газетінің іргетасын қалап, ауданда үлкен ақын-жазушылық мектептің ұлағатын таратқан ұстаздардың тікелей шәкірттері емес пе?

Олар мәселенің түйткіліне тереңінен тоқталып, өз ұсыныстары мен тілектерін де жеткізді. Күн тәртібіндегі заңды сауалға бірге жауап іздесе отырып, біз де өз тарапымыздан ортақ шешімге келуге болатын бірқатар ұсыныстарды пысықтап үлгердік. Ендеше, қаламгерлер не дейді?

Роза Сейілхан, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ұстаз.

Жамбыл ауданы ежелден-ақ ақындар мен батырлар елі. Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының бұл сауалды қоюуы орынды. Өйткені соңғы кездері «қазір бала ақындар, жас таланттар жоқ» деген сөздерді өзім де шәкірт тәрбиелеуші ұстаз ретінде бірнеше адамнан естідім. Мен мұны жаңсақ айтылған пікір деп есептеймін. Себебі, менен тәлім алып, сабақ үйреніп жүрген жастар бар, таланттар бар. Мүлдем үзілді деуге келмес. Алайда, сол талантты жастарды дер кезінде тауып, бағыт-бағдар беріп, баулымасақ, бойындағы құдіретті өнерді іштей тұншықтырып, жоғалтып алатынымыз анық.

Ақындық деген тігіншілік немесе басқа қолөнер сияқты үйрете салатын дүние емес. Ол – Алланың адамға берген ерекше қасиеті, пешенесіне жазған құдіреті. Адам ақын болып өмірге келеді, оны қолдан жасай алмайсың. Әйтпесе, екінің бірі қолына қалам алып, ақын болып кетпес пе еді?

Дегенмен, сол Алла берген талантты ұштау үшін үлкен еңбек пен ізденіс керек. Менің шәкірттеріме қояр ең басты талабым – кітап оқыту. Өйткені кітап оқымаған баладан ертең ешқандай ақын да, жазушы да шықпайды. Тіліміздің шұрайын, сөздің құдіретін түсінбеген жас жеткіншектің қаламынан көркем өлең тууы мүмкін емес. Кітап оқыған баладан ғана ертеңгі күннің үлкен драматургі, прозаигі, ақыны шығады.

Біздің Жамбыл өлкесінен шыққан, кешегі әдебиетіміздің іргетасын қалаған Сейдахмет Бердіқұлов, Жұмабай Шаштайұлы, Есенқұл Жақыпбековтей алыптардың ізін басып, бүгінде сол алтын көпірді жалғастырып жүрген ақындар бар. Бірақ олар көбінесе әлеуметтік желіде жүр. Заман талабына сай төселіп, шығармашылықтың дәстүрлі жолын, заманға сай сұраныс үлгісіне бейімдеп үлгерді. Желідегі парақшаларына шығармаларын, өлеңдерін жариялап, сол уақытта халықтың әділ бағалауымен танымалдығын арттырып, өз тарихын жазып жүрген азаматтар мен азаматшаларға айналды.

Ал, енді кешегі өткен Есенқұл Жақыпбеков секілді ағаларымыздың орны ерекше. Жұмабай Шаштайұлы ағамыздың өзі шығармашылыққа өте кірпияз қараса да, Есағаңның өлеңдерін өте жоғары бағалап, оны «ерекше құбылысқа» балаған еді.

Бүгінде алдыңғы аға-апаларымыздың ізін жалғап жүрген замандасымыз, ақын Мадина Омар Алматыдан арнайы келіп, осы Жамбыл ауданына, яғни ақындардың туған өлкесіне тұрақтап қалды. Сондай-ақ, замандасыммен бірге қалам тербеп жүрген мен сияқты жазба ақындар бар. Осы ретте айтпасқа болмайтын бір өкініш бар. Біз неге бар талантты тірі кезінде бағаламаймыз?

Әдетте қазақта адам өмірден өткеннен кейін ғана сан соғып, аһ ұрып жатамыз. Сол Есенқұл ағамызды да өлгеннен кейін ғана іздедік. Ал қасымызда жүрген, тірі классик боларлық таланттарға дер кезінде неге көңіл бөлмейміз? Барымызды көзі тірісінде ардақтай білу – мәдениеттіліктің белгісі деп білемін.

Біздің кезімізде қазіргідей дайын қолдау болған жоқ. Біз өзіміз әйтеуір жанталасып, Жазушылар одағына барып, газет-журналдарға өлеңдерімізді беріп, сол арқылы танылдық. Оқырмандар мен зиялы қауым бізді өлеңіміз арқылы тапты.

Сол секілді қазіргі жас балаларға да дәл осындай қолдау қажет. Сондықтан мен қолымнан келгенше шәкірттерімнің өлеңдерін аудандық газетке беріп, олардың алғашқы қадамдарына тұтастық пен сабақтастықтың әлсіреуі. Кезінде Есенқұл Жақыпбеков сияқты көрнекті тұлғалар әр өнерпазға жеке қолдау көрсетіп, олардың ішкі мотивациясын оятып, басын қосып жүретін. Бүгінде мұндай ұйытқы болатын қамқорлықтың азаюы және тұрмыстық қажеттіліктердің алға шығуы талантты тұлғалардың өз алдына оқшауланып, шығармашылықтан гөрі күнделікті тіршілік қамына көбірек уақыт бөлуіне әкеп соқтырды. Әрине, аудан әкімдігінің руханиятты қолдап, өнерпаз жастарды дайындайтын арнайы орталықтар ашу туралы бастамасы өте құптарлық қадам. Дегенмен, тек мектеп оқушыларымен ғана шектеліп қалмай, қазіргі уақытта белсенді қызмет ете алатын, бірақ түрлі себептермен шеттеп қалған орта буын өкілдерін де бірінші кезекте жинап алып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Өйткені жас балалар өсіп-жетілгенше ортада үлкен рухани үзіліс пайда болып, алдыңғы толқынмен байланыс үзіліп қалуы мүмкін.

Осы орайда, аудан көлеміндегі әдебиет пен өнер ошағын қайта жандандыру үшін жүйелі түрде нақты іс-шараларды қолға алса деген ұсынысым ескерілсе нұр үстіне нұр болар еді. Атап айтқанда, поэзия, проза және айтыс бағыттары бойынша жас ерекшеліктерін ескере отырып, аудандық немесе аймақтық деңгейдегі дәстүрлі конкурстар мен мүшәйраларды жылына кемінде бір рет өткізіп тұрса. Бұл байқауларға шығармашылық адамдарын шынайы ынталандыру үшін демеушілер тарта отырып, жүз-екі жүз мың теңге төңірегінде лайықты жүлде қорын тағайындаған абзал болады. Байқаудың барынша әділ әрі таза өтуі үшін қазылар алқасының құрамына жергілікті өңірге қатысы жоқ, Алматы қаласынан немесе Жазушылар одағынан бейтарап, кәсіби мамандарды шақыру өнерпаздар арасындағы кез келген өкпе-реніш пен жершілдік сияқты түсініспеушіліктердің алдын алады. Сонымен қатар, Күмісжан Байжан апайымыз сияқты көненің көзі, мол тәжірибесі бар ардагер тұлғаларды жастарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер әрі қазы ретінде тарта отырып, жеңімпаздарды белсенді басылымдар мен желілік парақшаларда кеңінен насихаттау жұмысын жолға қою қажет. Сонда ғана өнерпаздардың намысы қайралып, олар аудан руханиятын биіктету жолында қайтадан шынайы ықыласпен жұмыла қызмет ете бастайды деп ойлаймын.

…Біз тілдесе алған ақындардың ойы мен ұсыныстары осындай еді. Ал мақала желісіне орай жолдаған сауалымызға өз пікірін қысқаша жеткізген орта буын қаламгерлер шығармашылық жолында орын алған түсініспеушілік пен дер кезінде бағаланбау салдарынан туған өкпе-реніштерін алға тартқан еді. Олардың өз тәжірибесіне сүйенген бұл реніштері, бәлкім, орынды да шығар? Біз білмейтін, ішкі шығармашылық ортада қалып қойған қатпарлы мәселелер де бар болуы мүмкін. Сондықтан біз оның арғы жағын қазбалап, жеке бас арасындағы дүниеге үңілуді жөн көрмедік.

Десе де, «сырт көз – сыншы» деген қағидамен қарағанда, екі буын арасындағы рухани алшақтық анық сезілді. Бүгінгі таңда осы бір киелі топырақтағы ұрпақтар сабақтастығының алтын арнасы суып, қалам ұстаған қауым арасында белгілі бір деңгейде үзіліс пен түсініспеушілік пайда болғаны жасырын емес. Осы орайда, Ұзынағаш әдебиетінің «сөз шеберханасы» кімге маңызды деген өткір сауал көкейде тұрады. Бұл тек биліктің ресми есебі немесе аға буынның өткен күнге деген сағынышын басу үшін ғана керек дүние емес. Бұл шеберхана, ең алдымен, бүгін ара жігі суып, бір-біріне өкпелеп жүрген қаламгерлердің өзіне – рухани тұтастығын сақтау үшін, екіншіден, ертеңгі күні кімді оқып, кімнен үлгі аларын білмей бағдарсыз қалған кейінгі жас буынға, ал ең бастысы, Сүйінбай мен Жамбылдың, Есенқұлдың рухы сіңген жерде қара өлеңнің қасиеті жоғалмаса екен дейтін қалың елге керек. Бұл тұрғыда біз ресми шеңберлермен шектелмей, руханиятты тірілтетін нақты да жүйелі қадамдарға баруымыз қажет.

Осы бағытта біздің редакция тарапынан бірнеше нақты әрі сындарлы ұсыныстарды ортаға салсақ. Ең алдымен, өңірдегі қаламгерлердің басын біріктіретін бейресми ақын-жазушылар қауымдастығын құрып, оның жұмысын жүйелі иесі өзінің жазған жаңа туындыларын жергілікті басылымдар мен аудандық газет беттеріне тұрақты ұсынып тұрғаны жөн. Және олар мұны тек кәсіби міндет ретінде ғана емес, Жаратқаннан бұйырған дарынының аманаты мен ел алдындағы рухани борышын өтеу деп қабылдаса игі еді. Мәселенің ашығын айтқанда, бұл шығармашылық алаңы «аузы қисық болса да бай баласы сөйлейтін» тамыр-таныстықтың, рушылдықтың тар шеңберінен биік тұруы тиіс. Себебі, сол рушылдық – қай кезеңде де қазақтың басына бүлікшілдік бәлесін сәлдедей орап, ұлт тұтастығына көлеңке түсіретін ең қауіпті кеселдің бірі. Елдің санасын билеген рушылдық пен күншілдік сонау ойшыл Абайдың да таным-түйсігіне сыйдыра алмаған жағымсыз қасиет еді ғой. Ал шынтуайтында өнердің басты өлшемі – туыстық пен жақындық емес, таза талант пен көркемдік деңгей болғанда ғана шынайы шығармашылық орта қалыптасып, өлке әдебиетінің еңсесі тіктелер еді.

Екінші жағынан, біз әлемдік озық тәжірибедегі қарапайым, бірақ темірдей тәртіпке негізделген қадамдардан үлгі алып, бүгінгі жас ақындар мен жазушылардың назарын өтпелі трендтер мен күнделікті жылтырақ дүниелерден бұрып, іргелі де классикалық шығармалар жазуға бағыттауымыз қажет. Өйткені, шетелдік озық тәжірибеде жастарды бір-екі өлеңмен шектелмей, тұтас бір концептуалды кітап жазу ісіне баулитын арнайы жобалар сәтті жүзеге асып келеді. Бізге де бүгінгінің арзан атағы мен әлеуметтік желінің уақытша мақтауына алданбай, ертеңгі ұрпақ іздеп жүріп оқитын классикалық үлгідегі туындыларды жазуды қолға алу керек. Сондай-ақ, әрбір қаламгер өзінен кейінгі әдебиет кеңістігін алаңсыз аманаттап кете алатын қаламы қарымды, ойы ұшқыр шәкірт тәрбиелеуді – ұстаздық жолдың ең ұлы парызы деп сезінуі тиіс. Егер суреткер өз бойындағы нұрды кейінгі буынға сіңіре алмай, өзімен бірге алып кетсе, бұл – оның ақындығы мен жазушылығына ең үлкен сын болары сөзсіз. «Сөз шеберханасы» жас таланттардың бағытын ұсақ дүниелерге шашыратпай, олардың бойындағы қуатты ірі әдеби жобаларға жұмылдыратын басты темірқазыққа айналуы тиіс.

Үшіншіден, редакциямыздың тарапынан өңірдегі шығармашылық адамдарын ынталандырудың мүлдем жаңа, заманауи форматын енгізуге болады. Мысалы, әр жыл қорытындысы бойынша аудан деңгейінде «Ең үздік қаламгер», «Ең белсенді жас оқырман», «Ең үздік сатирик», «Ең үздік сазгер», «Ең үздік сарапшы», «Ең мерейлі ұстаз», «Ең үздік тәлімгер», «Ең үздік корреспондент» сияқты арнайы аталымдармен марапаттау жобасын ұйымдастыруы қажет. Ол жердегі үміткерлердің шығармашылық жолындағы жеткен жетістіктері мен игі істерін, халық назарына ұсынған еңбектерін заманауи экрандар арқылы бейнеролик ретінде таныстырып, жыл бойы атқарған жұмыстарына баға беруді әлеуметтік желідегі ашық халықтық дауыс беру арқылы жүзеге асыруға әбден болады. Мұндай ашық әрі әділ бәсеке қаламгерлер арасындағы сыбайластық пен тамыр-таныстық уәждерін жойып, шын таланттардың бағалануына жол ашады. Егер ақын-жазушыларға осындай шынайы халықтық қолдау мен лайықты қошемет көрсетілетін болса, олардың ұлттық мұрамыздың алтын қорына енетіндей іргелі туындыларын көретін күн де алыс болмасы анық.

Егер біз шынымен де Ұзынағаш топырағының «ақындар мен батырлар елі» деген заңды беделін сақтап қалғымыз келсе, әдебиетті жеке бастың өкпе-реніші мен өтпелі түсініспеушілігіне айналдыруға болмайды деп есептейміз. Өйткені әдебиет – халықтың тамыр-тынысы, ұрпақтар сабақтастығын жалғаушы алтын көпір және әр заманның шынайы рухани айнасы. Нағыз әдебиет бар жерде менмендік емес, ұлтқа қызмет етуге бағытталған ортақ құндылық бірінші орында тұруы тиіс. Кімнің қандай тектілікті арқалап жүргендігінен бұрын, артында қандай із қалдыра алғаны маңызды емес пе?

Орта буын ақын-жазушыларға бағыттап айтар болсақ, өздеріңнің үлгі аларлықтай сағынышпен еске алатын, көпшіліктің құрметіне бөленіп, есімі ел есінде жатталған, әлі күнге дейін әдебиет сахнасынан түспей жүрген Есенқұл ағамыздың да оңай өмір сүрмегені онсыз да белгілі. Бірақ, «мені бағаламады, маған атақ бермеді» деп, қолын бір сілтеп, қаламын лақтырып кеткен жоқ қой. Өз уақытында отты жырларын да жазды, газеттің де басшылық тізгінін ұстады, артынан ерген шәкірттерін де баулып үлгерді. Нәтижесінде «Есағам!» деп еске алатын адал шәкірттері мен «Ерім!» деп жоқтайтын елі қалды. Әдебиеті өлген жоқ, шығармашылығы бүгін де жалғасып жатыр. Міне, нағыз ақынның өнегелі өмірі осындай болса керек!

Әдебиет майданында талай цензураға ұшыраса да дес бермеген Мұқағалидың: «Мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп, жүз жылдан кейінгі келетін ұрпаққа рухани қолтаңбасын арнап кеткен қайсарлығынан, Алаш қайраткерлері Әлихан мен Міржақыптың, Мағжан мен Бейімбеттің жанкештілігінен, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің көрегендігінен, Абайдың ұлы даналығынан үлгі алатын тұсымыз дәл осы сәт емес пе? Әдебиеттің ұлы айдынында ескегі сынған қайықтай, қаламымыз сиясыз қалмасын десек, барымызды бағалап, жоғымызды бүтіндейтін уақыт жетті. Болымсыз ғана дүниеде болмашы нәрсеге айрықша маңыз беріп, сағымызды сындыруды әдетке айналдырып алмасақ екен.

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments