Жексенбі, Қараша 27, 2022

Мерзімі өткен берешекті өтеудің бірыңғай тәртібі: қарыз алушы-жеке тұлғалар нені білулері қажет

2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда заң жүзінде банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті тәртіп қолданылады, оның шеңберінде кредитті өтеуде қиындық көріп отырған қарыз алушы өзінің мерзімі өткен берешегін реттеу үшін кредиторға өтінішпен жүгінуге құқылы

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) азаматтардан қарыздарды қайта құрылымдау бойынша сұрақтар келіп түсуде.

Fingramota.kz қарыз алушыларға кредит бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған жағдайда не істеу және қайда жүгіну керектігі жөнінде толығырақ айтып береді.

Агенттік азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тетігі енгізілген сәттен бастап бір жыл бойы тұрақты негізде банктердің және МҚҰ-ның осы тәртіпті қолдануының мониторингі мен талдауын жүргізуде. Кредиттік ұйымдар қарыз алушының өтінішін кезең-кезеңмен қарау процесін қоса алғанда, қарыздар бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібін қолдануды регламенттейтін ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Банктер мен МҚҰ өз клиенттері үшін ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және бар болса мобильді қосымшаларда ақпарат орналастырады, сондай-ақ call-орталықтар арқылы азаматтарға кеңес береді.

Агенттіктің мәліметінше жасалған кредиттік шарттардың талаптарын өзгерту үшін банктер мен МҚҰ-ға 2022 жылдың басынан бері 273,8 мыңнан астам қарыз алушы жүгінген. Оның ішінде азаматтардың шамамен 70%-ына (199,2 мыңнан астам қарыз алушы) қатысты қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізілді.

Банктер мен МҚҰ не істеуі керек?

Заңнамалық талаптарға сәйкес кредитор қарыз алушыға төлем мерзімін кешіктіру туралы ол басталған сәттен бастап 20 күн ішінде хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға:

– туындаған кешіктірудің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлем жасау қажеттілігі;

– қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығы;

– кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы хабарлайды.

Сондықтан, егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда бірінші кезекте оған қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға өтінішпен жүгіну қажет. Ешқандай жағдайда кредит берушіден жасырынудың қажеті жоқ! Орын алған жағдайда дұрыс шешім қабылдау қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет. Сондықтан, реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады.

Кредит бойынша төлем мерзімін кешіктірген жағдайда қарыз алушы үшін іс-қимыл алгоритмі қандай?

Қарыз алушы төлем мерзімін кешіктірген күннен бастап 30 күн ішінде кредиттік ұйымға өтінішпен жүгінуі қажет. Өтініште мыналарды көрсету керек:

– өз міндеттемелерін орындамау себебі. Қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттардың болуы маңызды;

– болашақта кредитті өтеу бойынша өзіне қолайлы нұсқалар.

Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу мыналарды көздейді:

• қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына өзгерту;

• шетел валютасында берілген қарыз бойынша негізгі қарыздың қалған сомасының валютасын ұлттық валютаға ауыстыру;

• негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;

• берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде басымды тәртіппен негізгі борышты өтей отырып өзгерту;

• қарыз мерзімін өзгерту;

• айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың), комиссиялардың және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жою арқылы мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру;

• ипотека мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес өткізуі;

• қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну;

• сатып алушыға қарыз шарты бойынша міндеттеме бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізу.

Қарыз алушының өзі кредит берушіге өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, кірістердің төмендеуі немесе болмауы өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермеу фактісін құжатпен растауға тиіс. Сұратқан құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады.

Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржы және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепіл тұрғын үйдің жалғыз баспанасы екені, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.

Күнтізбелік 15 күн ішінде кредитор төмендегі жауапты беруге тиіс:

– шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдап, келісу;

– шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын ұсыну;

– себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту.

Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек?

Қарыз алушыға қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредит берушімен келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса немесе кредит беруші мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредит берушінің шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бірақ өз өтінішімен бірге кредит ұйымына жүгінгенінің және онымен өзара қолайлы шешімге келмегенінің дәлелін қоса беруі керек.

Қарыз алушының өтінішінің негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттық тексеру жүргізуге бастамашылық жасайды.

Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе қандай жағдайға тап болуы мүмкін?

Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға құқылы:

– жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариустың депозит жағдайындағы енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу шотына қаражат алуға.

– берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге.

Қарыз шартында қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.

Сонымен қатар, кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешекті реттеу бойынша барлық шараларды қабылдауын ескеретін болады.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы сәуірде Агенттік және ҚР Жоғарғы сотының арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум сотқа дейін, соттан тыс реттеумен байланысты дауларды шешуге бағытталған. Осылайша, соттар кредиттік ұйымдардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу жөніндегі бірыңғай тәртібін сақтауына барынша көңіл аударады. Аталған тәртіп тиісті түрде орындалмайтын жағдайда, соттар істерді қараусыз қайтарады.

Мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі бойынша ХӘОТ санатына жататын ипотекалық қарыз алушылар нені білулері қажет?

Уәкілетті орган ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушыдан түскен жолданымды қарайтын уақытта кепілдегі мүлікті сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіппен өндіріп алуға жол берілмейді.

Ипотекалық қарыз шарттарынан туындайтын наразылықтарды реттеу үшін қарыз алушылар банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.

2021 жылы Агенттік Алматы қ. әкімдігімен, Банк омбудсманымен, банктермен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның талаптарына сәйкес проблемалық берешекті реттеу кезінде банктер сот талап-арыздарын беруді, берешекті өтеу бойынша атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуді, сондай-ақ ХӘОТ-қа жататын қарыз алушылардың банк балансына қабылданған тұрғын үйін қоса алғанда жалғыз баспанасын өткізуді және қарыз алушыларды, оның ішінде банк балансындағы осы мүліктің бұрынғы меншік иелерін тұрғын үйден шығаруды тоқтата тұрады.

Қазіргі уақытта Меморандумның қолданысын атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз қарыз алушыларға да тарату бөлігінде оған өзгерістер енгізу, сондай-ақ мерзімін 2023 жылғы 1 қазанға дейін ұзарту жөнінде жұмыс жүргізілуде.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтарды қабылдауға қалай жазылуға болады?

Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде консультациялар мен түсіндірмелер беру, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісінше деңгейін қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдан бастап азаматтарды қабылдауды жүргізеді.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Агенттік 2021 жылы 250 кездесу өткізді, аталған кездесулерде шамамен 3 мың азаматқа қаржылық қызметтерді көрсету мәселелері жөнінде консультациялар беріліп, құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ ипотекалық қарыз алушылардың проблемалық қарыздары жөніндегі ұсыныстар пысықталды. 2022 жылдың басынан бері 350 азаматпен 50 кездесу ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта азаматтарды қабылдау апта сайын сейсенбі күндері сағат 10:00-ден бастап 13:00-ге дейін (Астана қ. уақыты бойынша) өткізіледі.

Жазылу үшін .@. электрондық мекенжайына мынадай деректерді: аты-жөнін, ЖСН, байланыс деректерін, қаржы ұйымының толық атауын, өтініштің қысқаша сипатын жолдап, «Қабылдауға жазылу» тақырыбын міндетті түрде көрсету қажет.

Кредит бұл – үлкен жауапкершілік, осыны ұмытпаңыз! Өз қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz сайтымен бірге арттырыңыз!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments