Понедельник, 9 ноября, 2026
Басты бетAtamekenТенге ме әлде теңге ме?

Тенге ме әлде теңге ме?

Биыл шілде айының алғашқы күнінен елімізде жаңа заң күшіне енген болатын. Ата Заңымыздың жаңа нұсқасында теңгенің Қазақстан Республикасының дербес ұлттық валютасы екені, оны айналымға шығару тек мемлекетке тиесілі екендігі заң жүзінде бекітілді.

Төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр. Жыл сайын 15 қарашада аталып өтетін айтулы күннің тарихымыздағы маңызы да зор. 1993 жылы 12 қарашада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы” жарлыққа қол қойған болатын. Артынша 15 қараша күні теңге ресми түрде айналымға енді.

Ұлттық теңгеміз – егемен еліміздің ең басты нышандарының бірі. Экономикалық дербестігімізді айқындайтын, өзге елмен терезесі тең тұрып бәсекелесе алатын мүмкіндікті беруші негізгі құрал. Сананы тұрмыс билеген заманда, теңгенің тұрақтылығы қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Қарапайым халықтың қалтасындағы әл-ахуал да дәл осы тұрақтылықпенбайланысты.

Тәуелсіз еліміздің Ата Заңымен қорғалған валютамыз , айналымға түскен кезеңнен бері бірнеше даму сатыларын бастан өткерді. Мәселен, 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай, коллекциялық монеталардың алғашқы сериясы шықты. Дәл осы жылы ұлттық банктің өз банкнот фабрикасы да ашылған болатын. Ал 1996 жылы – алғашқы инвестициялық монеталар – “Жібек жолы” сериясы шығарылды. 2006 жылы – “Бәйтерек” монументі бейнеленген жаңа дизайн айналымға енсе, 2007 жыл – теңгенің ресми символы бекітілді. Әрмен қарай 2011 жыл – банкноттар қатары “Қазақ елі” монументі бейнеленген сериямен толықты. Ал соңғы өзгеріс 2023 жылы – KÓKBÓRI инвестициялық монеталары мен “Сақ стилі” банкноттарының жаңа сериясы болды. Бұл тарихты да білу міндет. Өйткені елдің даму кезеңі сөз болғанда, теңгенің де қатар жүретіні сөзсіз.

Ұлттық валютамыз айналымға түсіп, қалыптасу барысында «теңге» атауына байланысты біраз пікірталастар да болды. Сарапшылар сөзінше, «алтын», «ақша», «таньга» (тенга) сынды нұсқалар ұсынылған. Орта ғасырларда түркі күміс монеталарының «денге» немесе «танга» сияқты тарихи атауы болған деседі. Таңдаулар арасында «сом» атауы да ұсынылған. Кейіннен 1993 жылы Қырғыз мемлекеті «сом» ақша бірлігін енгізгеннен кейін, біздің елімізде де «теңге» атауы тұрақтанды. Бұл терминді ресми түрде ұсынушы академик Сауық Тәкежанов болатын. Ал теңгенің ұсақ бөлігі «тиын» деп аталып кетті. Ұлттық валютамыздың өз симвлоы бар (₸). Ал оның мән-мағынасы «теңге» сөзі басталатын «т» дыбысы мен «тәңірі» сөзінің мағынасын білдіретін көне түркі алфавитының белгісі. Символ ақша бірлігінің тұрақтылық идеясы мен әлеуетін, даму динамикасын әрі ел экономикасының өсуін білдіреді.

Теңге атауына байланысты биыл да өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда «теңге» сөзі орыс тілді нұсқада да дәл солай жазылған. Бұған дейін жылдар бойы ресми орыс тілді құжаттарда «тенге» нұсқасы қолданылып келген болатын. Конституция жоғары заңдық күшке ие болғандықтан, «теңге» сөзі Қазақстан аумағындағы барлық мәтінде Ата заңға сәйкес жазылуы тиіс. Бұл мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын да қамтиды.

Теңгенің Конституциялық деңгейде бекітілуі, оның ұлттық валюта, төлем және жинақтау құралы ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайды. Заңды мәртебе ұзақ мерзімді ақша-кредит саясатын жүргізудің негізін күшейтіп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан тыс заңда көрсетілген теңгеге байланысты соңғы өзгерістер арқылы азаматтардың, бизнестегі тұлғалардың, сондай-ақ халықаралық серіктестердің ұлттық ақша жүйесіне деген сенімін арттырмақ. Бұл өз кезегінде экономикалық дамудың тұрақтылығына негіз болады.

Дербес ел ретінде өз валютамызды қалыптастырудан бөлек, әлемдік нарықта оның құндылығын сақтап тұру ең үлкен мәселе. Ондағы өзгеріс әр азаматтың қалтасына салмақ салады. Соңғы жылдарда теңге құнының құлдырауына байланысты дау көп. Дегенмен дәл бүгінгі есеппен қарасақ, теңге соңғы айларда айтарлықтай нығайып, тұрақтылық көрсетіп отыр. 2026 жылдың қаңтарында доллар бағамы 512 теңгеден асқан болса, қазіргі уақытта (Ұлттық банктің 2026 жылғы 4 қарашадағы ресми мәліметі бойынша) 1 доллар 453,26 теңгені құрайды.

Нақтылай кетсек, жаңа Конституциядағы теңгеге байланысты өзгеріс – ақша реформасы, валютаны ауыстыру немесе оның атауын өзгерту туралы болып отырған жоқ. Тек жаңа заңға сәйкес сөздің ресми жазылуы нақтыланды.

 

Назира Адақ

 

 

 

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments