Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырып, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын айқындайтын басты құжат. Онда адамның өмір сүру, білім алу, еңбек ету және әлеуметтік қорғалу құқықтары бекітілген. Бұл қағидаттар қоғамның тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Әсіресе, еңбек саласында Конституцияның маңызы ерекше. Қазақстан Республикасының Ата Заңында әр азаматтың еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіз еңбек жағдайына және еңбегі үшін әділ сыйақы алуына кепілдік берілген. Бұл – әрбір адамның өз мүмкіндігін жүзеге асырып, қоғамның дамуына үлес қосуына жол ашатын маңызды құқықтар.
Халықты жұмыспен қамту саласының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың еңбек ету құқығын іске асыруға жәрдемдесу. Осы бағытта жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіби оқыту, қайта даярлау, жастарды еңбекке бейімдеу және әлеуметтік осал топтарды қолдау жұмыстары жүргізіледі. Мұндай шаралар азаматтардың тұрақты табыс көзіне ие болуына ғана емес, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға да ықпал етеді.
Жұмыспен қамту – тек экономикалық көрсеткіш емес, ол отбасының берекесі мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының негізі. Әр азаматтың лайықты жұмыс тауып, өз еңбегімен тұрмысын жақсартуына мүмкіндік жасау – маңызды қоғамдық міндет.
Конституцияда бекітілген еңбек құқықтарын сақтау мен қорғау – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ал халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар осы құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуына ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Конституция – әр азаматтың құқығын қорғайтын, еңбек етуге мүмкіндік беретін және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтатын басты құқықтық тірек. Заңды құрметтеу, еңбекке адал болу және өз құқығын білу – өркениетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары.
Ж.Базарбаев


