Понедельник, 25 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарТілсіз жаудың беті қайтар емес

Тілсіз жаудың беті қайтар емес

Міне, еліміз қара жамылып, төрт күн бойы арпалысып жат­са да, тілсіз жау тізгін бермей тұр. Өрттің кейбір ошақтарын ауыз­дық­тай алсақ та, біраз тұста қауіптілік деңгейі басылған жоқ.

Бородулиха ауданы­ның ауыл­дарын шарпыған өрттің салдарынан Семей қала­сына қарасты Каштак, Талица, Бұлақ, Озерка ауыл­дарының тұрғындарына да қауіп төніп, олар облыс орталы­ғына көшірілді. Семейдегі электртехникалық колледж бен құрылыс колледжінің жатақ­ханаларына аталған ауылдардан 148 адам орналастырылды. Олардың 56-сы – бала.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Бородулиха ауданындағы Успен­ское ауылында орналасқан жедел штабта жағдайды жіті назарда ұстап отырғанымен, ауыл іргесінде жанып жатқан ағаш­тардың қою түтіні әлі де басылар емес. Негізінен, тілсіз жау­дың тізгін тартпай тұруына ауа температурасының көтерілуі және желдің күшеюі де мейлінше әсер етіп тұр.

Әуел баста 60 мың гектар жерді жай­паған өрттің қазіргі аумағы 43 мың гектарға азайды десек те, қызыл жа­лын­ның Семей қаласы бағытында жыл­жығаны сақтық шараларын барынша күшейтуді қажетсінеді. Осы себептен қазір өртті оқ­шаулауға баса назар аударылып жатыр.

«Өртті оқшаулау үшін біз жеткілікті топ құрдық. Жеке құрамда 1,5 мыңға жуық адам бар: өрт сөндірушілер, орман қорғау қызметкерлері, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері. Сондай-ақ 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмыл­ды­рылды», деді министр С.Шәріпханов. Сонымен қатар министр Қарағанды облысынан келген өрт сөндіру машинасының Каштак ауылында жанып кетуі­не байланысты да түсінік берді. Айтуынша, қат­ты түтіннің салдарынан көлік жүргізушісіне алдыңғы жақты көру мүмкін болмай қа­лып, ағашқа соғылған. Артқа шегінбекші болғанда көлік от алмай қалған. Сол себепті жеке құрам өрт сөндіру техника­сын тастап кетуге мәжбүр болған.

Ауа райына болжам жасаған «Қаз­гид­ро­меттің» мәліметінше, бүгін Абай облысы бойынша жауын-шашын түспейді. «Солтүстік-батыс, солтүстік ба­ғы­­­тындағы 9-14 м/с-пен соқ­қан жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Ауа температурасы түнде – 12-17 0С, күндіз 27-32 0С-қа шейін көте­ріледі», деп хабарлайды «Қаз­гид­ромет» болжау­шылары.

Жедел штабтағы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Александр Чистяковтың айтуынша, орман өртін күндіз ауыздықтау үшін өрт сөндіру машиналарының кіруіне қиын­­­дық бар. Сол себептен де әуеден тікұшақпен су тө­гу жұмыс­та­­рын тоқтатпау қа­­жет. Тек кеш­­­кі­сін өрт қы­зуы баяулағанда ба­­рып, машиналар мен жеке құрам жұмылдырылады. «Елді мекен­дерді түтін басу жайы бар. Бірақ өрттен қауіп төніп тұрған жоқ» деді А.Чистяков.

Қазір Каштак орман шаруа­шы­лығының 75. 77 137.139 кварталында өрт сөндіру жұмыс­тары жалғасып жатыр.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments