Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетРухани жаңғыруБөлектің қызы мен Жамбыл

Бөлектің қызы мен Жамбыл

немесе бұл қыздың есімі кім еді, оның кейінгі тағдыры туралы ел не біледі?

 

     Жамбыл жылында жадыраған ағайынның қаламынан небір жақсы пікірлер туындап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ бұл дүниеден көшкеніне де 75 жылға жуықтаған Жамбыл туралы тың дүние кездестіріп, ол жайында қалам тербеу оңай емес, дегенмен…

     Жуырда газет редакциясына қарғалылық қадірменді ағамыз Жеңіс Молдасынұлы бір мақала әкелді. Ұлы ақынның бұған дейінгі кезеңдерде жария көрген жинақтарында үнемі басылып келген «Бөлектің қызы мен Жамбыл» атты айтысы туралы түсініктемеден бізге таныс мәтінде былай жазылғаны белгілі:

     «…айтыс 1946 жылғы жинақта тұңғыш жарияланды. Жамбылдың айтуынан жазып алған Ғали Орманов.

     1870 жылдың орта тұсында Жамбыл Іле өзенінің солтүстік-шығыс жағындағы Алтын-Емел тауындағы Жалайыр руларының арасына барады, той-тамашаларға қатысады. Жамбылдың елге қайтатын уақыты болады. Жолда тауға беттеп бара жатқа Бөлек (Балғалы) деген дәулетті адамның көшіне кездеседі.

     Бұл жөнінде Жамбыл Ғалиға былай деп әңгімелеген:

     – Шеңгелдіден Қарашоқыға қарай бет алған қалың көшке жолықтым. Көш алдында тоғыз түйе жетелеген құла қасқа атты қызға көзім түсті. Ер-тұрманы саф күміс, кигені дүрия-торғын, салтанатты қыз екен. Неде болса қатарласа жүргім келді. Жетегімдегі торы шолақты қамшылап жіберіп, қызға қатарласа кеттім. Бір-екі рет салқын қарап қойды да, қыз өлеңді қоя берді. Біраз айтысып едік, шешесі тоғыз беріп,  тоқтатып қойды, – деп ақын үзілген айтысқа өкініш білдірген». («Жамбыл», Таңдамалы жинағы, 1 том, 298 бет. Алматы, «Ғылым», 1996 ж.)

     Енді біз қалың оқырманға қуана хабарлағымыз келіп отырған ең бір табысты дерек – сол Бөлектің қызының аты. Жеңіс Молдасынұлы өз жазбасында осы айтыстың тарихын былай өрбітеді.

***

     «Менің әкем Молдасынның інісі Қожахмет ағаның отбасындағы өзімізге үйреншікті есімі Қарақай еді. Өйткені, туған жеңгесі – менің шешем Өзипа қайнысының атын тергеп, қазақы салтпен солай атайтын. Анамыздың сөзіне сүйенген біз де ол кісіні Қарақай аға дейтінбіз. Сол Қарақай ағамыздың айтуы бойынша есімде қалған мына әңгімені ұлы Жамбылдың 175 жылдық мерейіне орай көпшілік назарына ұсынуды жөн санадым.

     Жамбыл туралы ел аузындағы сөзге сүйенсек, жырау жас кезінде ақын, әнші қыздарды жоғары бағалап, кейбіріне тіпті ғашық болыпты. Оларды өзі іздеп барып, сөз сайысына шақырғаны да бекер емес-ау. Мысалы, алғашқы сүйгені Бұрымға деген сүйіспеншілігі онымен айтысқаннан кейін басталған. Айкүміспен айтысында да оған деген іңкәр сезімін әдемі жеткізеді. Одан кейін «Сара ән салғанда әуедегі аққу жерге құлап түседі екен», – деген даңқын естіп, Жамбыл Сараны арнайы іздеп барып айтысқан.

Айкүміспен айтысқанда Жамбыл:

Айкүміс, асықпауға шама бар ма?

Жасшылық ұрындырды талай жарға!

Сен үшін жатсам, тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп қыз тағдырына алаңдаушылық білдіреді.

     Жамбыл бірде ел аузына жақсы атымен ілінген, ақындығына әншілігі сай, көркіне көз тоярлық Құлпы аруға жолығады. Құлпы Жалайыр Бөлек батырдың тоғыз ұлдан кейін көрген ерке қызы екен. Қайсар мінезді өжет қызды Жамбыл сөз сайысына шақырады.

     Құлпы жолға салса көсем, сөзге салса шешен, аты алты алашқа әйгілі, көзінің тірісінде есімі ұранға айналған Жалайыр (Балғалы) Бөлек батырдың көмейліге сөз, көсемдіге жол бермеген өте көрікті, сұңғақ бойлы қызы екен.

     Жамбыл Құлпының атағын ел аузынан естіп, бір көріп кездесуге құмар болыпты. Содан жаз шыға Шеңгелді, Сарыөзек, Алтын-Емел қайдасың деп шыққан беті екен. Ел жайлауға көшетін кез. Балғалы Бөлек батырдың кең жайлауы ұшы қиырсыз Іленің бойынан Алтын-Емелдің шығысына дейінгі жерді алып жатқан кең алқап. Бөлек батыр әр жылы жайлауға елдің, жердің, ауа райының ыңғайына қарай қоныстанатын көрінеді. Бұл өлкені еркін мекендеп жатқан он екі ата Жалайырдың ішінде Балғалының Бөлек батыры қай елді қалай қай жайлауға, қалай қоныстандыратынын  да әр жылы өзі шешетін.

     Майтөбенің баурайынан екі күн бұрын аттанған Жамбыл араға бір қонып, Шеңгелдіден асып Алтын-Емел жаққа бет алған. Көк бестісін тепеңдетіп, бүгін Сарыөзекке жете жығылмақ ойы бар. Алдынан бір-екі атты жігіттер жолығады. Сұрастыра келсе, олар Жалайыр Бөлек батырдың ауылынан болып шығады. Батырдың ауылы жайлауға көшіп барады екен. Бұлар алдын ала барып қонып, үй тігетін орынды дайындамақшы көрінеді. Бір белдің астында көш те жақындап қалыпты. Ішінде Бөлектің қызы да бар екен. Оны естіген Жамбыл жеделдетіп жүріп кетеді. Жетегінде торы төбел дөнені, кеше қонған ауылды түнімен думандатып өлең жырға қарық қылған, елі-жұрты, әсіресе жастар жағын риза.

     Қонған ауылы Жалайырдың Күшік атасының елі екен. Жамбылға риза болған олар ат мінгізіп, шапан жауып аттандырған. Ақын енді бір белді аса бере қырға қарай өрлей көтеріліп келе жатқан көшті көреді. Жақындағанда көштің алдына таман оң жақ қанатын ала келе жатқан бір топ қыз-келіншектерді байқап қалып, атының басын солай қарай бұрады. Дәу де болса, қыз осылармен бірге болуы керек деп топшылайды.

     Балғалы руы биыл көп алысқа ұзамай, Іле өзенінен өте бере Шеңгелді аймағының оңтүстік-шығысын жайлайтын болып келісілген. Оның өзіндік себебі бар еді. Үзеңгілес досы Ақбау Бөлек батырға құда түсіп, биыл Құлпыны келін етіп түсірмекші болатын. Мән-жайдың бәрі келісілген. Шапырашты Айқым елімен елі аралас, қойы қоралас жатқан Жалайыр Бөлек батыр Айқым Ақбаумен үзеңгілес дос еді.

     Бөлек батырдың досы, әрі жаугершілік кезде ақылгөй Ақбау батырға: «Достығымыз құдалыққа жалғассын, қызың Құлпыны менің балам Терлікбайға бер» деп қолқа салған. Терлікбайдың ержүректігі, ақылдылығы, байсалды көрегендігі ел аузына іліге бастаған. Оның үстіне досының көңілін қимай Бөлек батыр иілген. Сонымен биыл жазда құдалықты дәстүрге сай өткізбекші. Жайлауға шығарда сол жағы да ескерілген. Келіп қонған ауылдан Жамбыл бұл әңгімеден ептеп құлағдар болған.

     Иә, сонымен қыздардың ішінде бірден көзге түскені құла қасқа атқа мініп, сәнді киінген әдемі қыз болды. Мінген аты қамыс құлақ, есік пен төрдей тұрқы ұзын, шоқтығы биік, омырауы кең, бота тірсек нағыз сәйгүлік екен. Ер тұрманы, өмілдірік, құйысқаны, үзеңгісі күмістелген. Үстінде қызыл мәуіті камзол, басында үкілі сәукеле, белінде күміс белдік, аяғында қонышы қызыл етік.

     Құлпы әжем менің апам (шешем) келін болып түскенде сол белдікті апамның беліне тағып, қолына жуандығы баланың саусағындай таза сом күмістен соғылған білезік салыпты. Апам сол белдік пен білезікті өмірінің соңына дейін сандығында сақтап жүрді. Кейін белгісіз жағдайда олар жоғалды.

     «Ел құлағы елу» деген, торы төбел атты жетектеп келе жатқан Жамбыл екенін, оның өзін іздеп келе жатқанынан құлағдар болып жүрсе керек, қыз Жамбыл жақындай бергенде сөзді бастап жібереді.

Қыз (Құлпы):

Көк шолақпен тепектеп,

Тор шолақты жетектеп.

Жанай берме көшімді,

Түйелерім шошиды.

Жамбыл:

Әсем басқан құла атың,

Өзіңді де ұнаттым.

Жақындағым келеді,

Жақсы көрген жұратым.

Құлпы қыз:

 

Қашан құда болып ең Балғалымен,

Күн өткізген түрің бар сандалумен.

Балғалының батасы бұйырмайды,

Қол қусырып келсең де мал-жаныңмен.

Жамбыл:

Қарға тамыр ел едік, қашаннан-ақ,

Жекжатымен ел өсіп, жасаңдамақ.

Ел аруағын сыйламас, есер қыздар,

Жеңіл сөйлеп орынсыз шошаңдамақ!

Жолаушылап келемін, өзім жүдеп,

Киім тозған, сәнім жоқ, жолға түнеп.

Жылы көріп жүзіңді жақындап ем,

Қомытсынып сөйледің үдеп-үдеп.

Құлпы қыз:

Жолаушы адам, білемін, жүдеп келер,

Еру ерден бірдеңе тілеп келер.

Көш қасынан қалмайсың қосанжарлап,

Аулақ жүрсең жарқыным кім өкпелер!

Жамбыл:

Оның рас, жолаушы жүдеп келер,

Жүдесем де мен емес қыз өткерер.

Көк шолақпен көшіңде бір жүрмесем,

Балғалыда Бөлектің қызы өкпелер.

Құлпы қыз:

Құла қасқа – бәсірем көшке мінген,

Құлақ жымса атыңды сескендірген.

Қапелімде қаларсың күлкі болып,

Кетсең деймін, жарқыным, көш шенінен!

Жамбыл:

Не қылсаң да кетпеймін мен қасыңнан,

Сүйкімді боп барасың алғашқыдан.

Ат тістесе атымды қуанамын –

Тәңірімнің ісі деп жармастырған!

Айтыс, Алматы: «Жазушы», 1968 ж.,Т-1, 140 бет.

     Сол жылы отыз күн ойын, қырық күн ұлан-асыр тойын өткізіп, Жалайыр Бөлек батыр қызын Шапырашты Айқым еліне ұзатады. Екі жылдан кейін алтын құрсақ Құлпы Ана босанып ұл табады. Бұл ұлдың есімі – Сайлыбай. Кезінде бүкіл Айқым елі ардақтаған, ел-жұртының қамқоршысы болған Сайлыбай би осы Ақбаудың ұлы Терлікбайдың бел баласы саналады. Ал Құлпы болса біздің ұлы әжеміз. Сайлыбайдан – Молдасын мен Қожахмет деген екі ұл, Молдасыннан –  біз, Қожахметтен – ұзақ жылдар бойы № 3 Қарғалы орта мектебінің директоры қызметінде болған білікті ұстаз, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Төлегетай бауырым.

     Қарақай (Қожахмет) ағамның айтуынша айтыстың соңында үй тігіліп, қой сойылып, Жамбыл қонақ болып аттандырылған деседі. Сол күнгі ұзын-сонар айтыстан ел аузында қалып, есте сақталғаны жоғарыдағы шумақтар ғана.

Жеңіс МОЛДАСЫНҰЛЫ.

     P.S. Әрине, ауызекі деректердің әртүрлі айтылуы заңды нәрсе. Жоғарыда Ғали Ормановтың жазбасында: «Біраз айтысып едік, шешесі тоғыз беріп,  тоқтатып қойды, – деп ақын үзілген айтысқа өкініш білдірген» делінсе, Жеңіс Молдасынұлының ағасы: «…айтыстың соңында үй тігіліп, қой сойылып, Жамбыл қонақ болып аттандырылған» деп түйіндейді.

     Мейлі ғой, қалай десе де, біз үшін бұл айтыстың тарихта шынайы болғанын дәлеледейтін тағы бір дерек табылғаны, және Бөлектің қызының аты Құлпы екені анықталғаны зор қуаныш. Демек, бұл мақала жамбылтануға қосылған болмашы үлес ретінде болашақ зерттеушілердің бір қажетіне жарап жатса, нұр үстіне нұр.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments