2021 жылдың 10-шы тамыздағы жағдай бойынша Алматы облысында коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлауда, облыс қызыл аймақта орналасқан. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында айтылды.
Соңғы тәулікте КВИ-дың 270 жағдайы тіркелді, өсу қарқыны – 0,8%.
14 жасқа дейінгі 25 балада, 16 оқушы және 3 студентте коронавирус анықталып отыр.
«Өткен аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында және Қапшағай қаласында байқалады»,- дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз-хатшысы Әлия Шагиахмет.
Вакцинаға келетін болсақ, Облысқа барлығы 1 компоненттен 679 255 доза келіп түсті, бүгінгі күні онымен 588 218 мың адам егілді, екіншісімен – 449 564. Жалпы облыс бойынша халықтың 53%-ы вакцина алып үлгерді.
Естеріңізге саламыз, ағымдағы жылдың 14 сәуірінен бастап Алматы облысының аумағында «Ashyq»пилоттық жобасы іске қосылды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 2829 нысан артықшылықпен жұмыс істейді. «Аshyq» жобасын енгізу басталғаннан бері мониторингтік топтармен 1797 нысан қамтылып, 371-інде жұмыс алгоритмін бұзу фактісі анықталды.
Бұдан басқа, облыс бойынша QR-кодты сканерлеу кезінде «қызыл» және «сары» статусы бар 314 келуші анықталды, оның ішінде «қызыл» статусы 148-інде, «сары» статус 166 келушіде анықталды. Алакөл, Еңбекшіқазақ және Капшағай қаласының 5 келушісіне 218 775 теңге сомасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама қолданылды.