Воскресенье, 6 октября, 2024
Басты бетЖаңалықтар« COVID-19» - ойыншық емес!

« COVID-19» — ойыншық емес!

Коронавирус!!! Өңір «қызыл» аймақта. Пенденің үрейін алатын, жан түршігерлік сөздер өмірімізге еніп кеткелі қашан.
Дабыл үні, дәрменсіз адам, дамылсыз қызмет. Аурухана қабырғасында өтіп жатқан өмірдің көрінісі осы. Жанына араша іздеп жатқан науқастың мұңлы көзі, тарыққан дем, қауқарсыз жанның тағдыры ақ халаттылардың кәсібилігін барынша сынап жатыр. Қашып құтылатын жол жоқ. Өйткені ол-індет!.
Сенбегендер бар-тын. Әлі де бар. Бірақ, ақиқаты сол «тәжді тажал» бізді тастап кеткен жоқ. Жанымызда, мұрын ұшында, аяқ астында жатқанын бірі сезсе, бірі сезбейді. Нақтыласақ, сезгісі де, сенгісі де келмейді.
Ал, ажалға бетпе-бет келгендер індеттің барын жоққа шығармайды. Олар бір өлімнен аман қалды. Екі дүниенің ортасында шыбын жандарын шырқыратып күресті. Шегінерге жол жоқ. Өйткені, отбасы күтіп тұр.
Алматы облысында да індет өршуде. Статистикалық деректер жаға ұстатарлық. Әлдекімдер, үкіметтің халықты шошыту үшін жасап отырған айла-тәсілі десті. Ақиқатына көз жеткізу үшін, басымызды қатерге тігіп, тәуекел етіп, індеттің шоғырына кірдік. Облыстық инфекциялық ауруханаға жағдайды өз көзімізбен көру үшін бардық.
Бір көзбен қарағанда, ауласы таза, аурухана іші мүлгіген тыныштық сияқты. Бұл сырт адамның қос жанарына сыйған көрініс. Ал, ішкі жұмыс мүлдем басқа.
Науқас жатқан бөлімге арнайы қорғаныш киімдерінсіз кіруге қатаң тыйым салынған. Аурухана қызметкері бізді киіндіріп, қарусыз майданның ортасына, жалындаған оттың ішіне жіберді. Таңдау біздікі еді. Шындыққа тура қарап, эпидахуалдың қаншалықты ауырлығын сезінгіміз келді.
Хош, бардық. Сауытын асынған сарбаздай, киімді кидік. Әп сәтте, тыныс тарылып, дем жетпеді. Бір сәт, коронавируспен ауырғандар қайтті екен? деген ойға қалдық. Өте ауыр. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жарық дәліз, сансыз есіктер, оның артында бір тағдырдың иесі өмір үшін күресіп жатыр еді. Біразының беті бері қараған.
Ақ халаттылардан бұрын науқастың өзіне, сөзіне мән бердік. Сөйттікте сөзге тарттық.
26 шілде күні ауру белгілерін берген. Дене қызуы 39,5 –ке дейін көтерілген. Дәрінің күшімен қызуды түсіріп отырған. Пенделікке салынып, ковидке сенбегендердің бірі Ақнұр Нұрбекова.
Айтуынша, 2 тамызда жағдайы тым нашарлаған соң жедел-жәрдем шақырған. Тест тапсырып, артынша індетке шалдыққаны анықталған.
«Дерт өте ауыр дәрежеде өтті. Ауруханаға келерде өзіме қажетті киім-кешегімді жинай алмадым. Екі өкпем қысқанда «өлген жерім осы»,- деп ойладым. Екі ұлым бар. Соларды кім қарайды деп қорықтым. Қазір бетім бері қарады. Денсаулығым жақсарды. Дәрігерлерге рақмет. Күндіз-түні қарап, ажалдан аман алып қалды. Ауруға сенбейтіндерге айтарым, бұл — қалжың емес. Қатты өршіп жатыр. Өз-өздеріңізді күтіңіздер»,-дейді Ақнұр Нұрбекова.
Кәдуілгі тамақ ауруы сынды басталыпты алғашында. Вирус барлық адам ағзасын әп сәтте дендеп кетеді екен. Облыстық ауруханаға түскендердің басым көпшілігі жай ғана атамақ ауруы ғой деп елемегендіктен емхана керуетіне таңылған. Солардың бірі Әсел Сабырбаева.

«23 шілде ауырып бастадым. Жұтқыншағымда ауырсыну белгілері болды. Өзім бұрыннан «Танзилит» болып ауыратындықтан «ковид» деген ой болмады. Үйдегі кішкентайлардың да тамағы ісіп ауырды. Олар тез жазылды. Менікі болса асқына берді. Күнде жедел-жәрдем шақыртумен болдым. Коронавирусқа тест алды. Оң нәтиже шықты. Содан ауруханаға түстім. Тынысым тарылып, демалуым қиын болды. Алғашқы күндері оттегі аппаратының көмегімен тыныстадым. Қазір жағдайым жақсарды. Мен вакцина алып үлгермедім. Егер екпе салдырғанда ауыру жеңіл түрде өтер ма еді. Үш айдан соң екпе аламын. Денсаулығым маңызды»,-дейді науқас.

Біз тілдескен қос бұрымдының да айтқаны « COVID-19» бар. Ешқандай өтірік емес дейді. «Адамдармен тығыз-қарымқатынас жасаудан сақтану керек, көшеге беталды шықпаңыздар, екпеден қорықпаңыздар. Ол керісінше иммундық жүйені қалыптастырады»,- деп екі кейіпкерде жанұшыра шындықтарын айтып бақты. Ден қойып тыңдар халық болса, бойына сіңіретін сана болса, өлім аузынан қайтып келген адамдардың қателігін қайталамайды деп сенім аратмыз. Ескерту! « COVID-19» — ойыншық емес.
Қазіргі кезде ресми деректер, Алматы облысында осы уақытқа дейін КВИ зертханалық расталған 33 959 жағдай тіркелгендігін көрсетуде. Бүгінгі таңда 100 мың тұрғынға шаққанда КВИ сырқаттанушылық көрсеткіші – 1588,8 құрады.
Облыс бойынша вирустың өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,8% — дан 1,0% — ға дейін артты. Өткен аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Райымбек, Сарқан аудандарында және Қапшағай қаласында байқалды.
Ең сорақысы бір тәулікте 300 адам коронавирусқа шалдыққан. Кесел-жас таңдамайды. Ол ақиқат. Бүгінгі күні, облыста 14 жасқа дейін 49 бала вирус жұқтырса, 3 студент пен 30 мектеп оқушысы аурудың зардабын шегіп отыр.

Ес жиып, етек жинар уақыт жетті. Кеселдің жолын кесудің жалғыз жолы-ұжымдық иммунитет. Оны қалыптастыратын — екпе. Сақтансаң, сақтайды!.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments