Суббота, 14 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтар"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТАУЫ "AMANAT" БОЛЫП ӨЗГЕРДІ - ПРЕЗИДЕНТ

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТАУЫ «AMANAT» БОЛЫП ӨЗГЕРДІ — ПРЕЗИДЕНТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Nur Otan» партиясының бүгін өтіп жатқан кезектен тыс ХХІІ съезінде партия атауын «Аманат» деп өзгертуді ресми түрде толық қолдайтынын жеткізді.

«Құрметті партияластар! Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін.

Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар. 1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды.

Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан, бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды.

Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. Сондықтан, мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын», — деді Мемлекет басшысы партия жиынында сөйлеген сөзінде

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments