Понедельник, 2 декабря, 2024

Аштық пен қуғыннан қанша қазақ жапа шекті?

немесе қазақтың 70 %-ін жойып жіберген бұл жылдар туралы не білеміз?

Аштық пен қуғын-сүргін жылдарын біз 1930 жылдан басталды деп оқып келдік. Бірақ бұл зұлматты жылдар қазақ даласында 1920 жылдардан бастап етегін кеңге жая бастады. Осылайша Ұлы даланың ұлы халқы аштықтың үш кезеңін бастан өткерді. Бұл туралы еліміз тəуелсіздігін алғаннан кейін айтылып келеді. Бірақ əлі толық зерттеліп бітпеді. Қазақ халқы аштық пен қуғын-сүргінді көрмегенде қазіргі саны 50 миллионнан асып кетер еді. Қолдан жасалған бұл аштық бүтін бір халықтың тамырына балта шабуды көздегенін аңғартады. Себебі тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазақ халқының саны 1917- 1926 жылдары 10 миллионнан 13 миллионға дейін жеткен деген дерек бар. Ол туралы КСРО мемлекеттік мұрағатында мынадай мəліметтер жарияланған екен. «Из всех тюркских или турецких народов России… самым многочисленным являются казахи. На территории в два миллиона триста тысяч кв. верст живет без малого 10 миллионов казахов». (Архив Октябрьской революции, фонд №1318, опись №1, Ед. Хр. №56)» – деген. Мəскеулік тарихшы В.Кушкин «Советизация казахского аула» деген монографиясында бұл жылдары Қазақстанның тек солтүстік облыстарындағы (халқы тығыз орналасқан оңтүстігін есептемегенде) қазақтың саны 9 млн-нан асады деп жазған.

Жоғарыда ашаршылық қазақ даласында үш кезеңнен тұрды деп айтып өттік. Енді соған тоқталып өтсек. Алғашқы аштық жылдары 1916-1918 жылдары жүрді. Осы жылдар аралығында алғашқы дүниежүзілік соғыс пен азаматтық соғыс басталғандықтан Ресей империясы малмен күн көріп отырған халықтың алдындағы малын сыпырып алып қолдан аштық жасап, халықты тығырыққа тіреді. Малын тартып алған ел жұтқа ұшырап, егін сала алмады. Сөйтіп 1917-1920 жылдары халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген.

1919-1922 жылы Ресей басқыншылары қазақ даласындағы төрт түлік пен астықтың, азық-түліктің 80 процентін тонап өзіне алып кетті. Нəтижесінде Қазақстан жеріндегі халық саны 1917 жылғы 6 218 300, 1920 жылға келгенде 4 679 795, 1923 жылы 3 786 910 адам болды. 1924-1928 жылдары қазақ даласын басқаруға Ф.Голощекин келді. Ол «Қазақ даласында Қазан төңкерісі болмаған екен, «Кіші Қазан төңкерісін» жасаймыз» деді. Сөйтіп, 1928 жылы аласапыранды бастап кетті. Голощекин билікке келген соң қазақтың алдында қалған малын тартып алып «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қолдан аштық жасады. Ол тек қазақтың малын ғана тартып алуды емес қазақтың мəдениетін біржола жою саясатын да іске асыруға бар күш-жігерін салды. Сөйтіп араб əліпбиімен оқып жүрген қазақтың əліпбесін өзгертіп: «Қазақ халқының мəдениетін ұмыттыру үшін олардың алдымен əліппесін өзгерту керек. Əліппесі өзгерген соң бұл халық өздерінің тарихи мəліметтерін оқи алмайтын болады. Осылайша қазақтың кейінгі жастары өздерінің өткенін ұмытатын болады», – деді. Əліппені өзгертіп қана қоймай көзі ашық, ғылым-білімге ден қойған, қазақтың мұңын күйттеп жүрген зиялы қауым өкілдерін де абақтыға қамап, «Халық жауы» деп жала жауып, ату жазасына кесті. Кейбірін Сібірге айдап қуғын-сүргінге ұшыратты.

Осылайша Голощекин саясатын қолдаған сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Олардың қатарында А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Асфендияров болды. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін 40 жəне 50 жылдары да жалғасты. Бұл жылдары Қ.Сəтбаев, М.Əуезов, А.Жұбанов, Е.Бекмаханов жəне тағы басқалары қуғынсүргінге ұшырады.

Осылайша Сталиндік репрессия мен Голощекиннің сұрқия саясатының арқасында қазақ халқы үлкен қасіретке ұшырады. Бұл бір ұлтты толық жойып жіберудің саясаты еді. Осы қорлыққа көнбей талай қазақ Қытай мен Түркияға, Ауғанстан мен Иран сияқты мемлекеттерге бас сауғалап қашып кетті. Оның көбі жолда қаза тапты. Бұл қазақ халқына жасалған геноцид деп білуіміз керек. Бір ұлтты тамырымен жойып жіберуді көздеген саясаттан аман қалған бүгінгі қазақ халқы осы уақыттарды ұмытпаса екен дейміз. Ұлтымыздың болашағын ойласақ өткеніне көз жүгіртіп, келешегімізді бағамдай білейік. Қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымас. Сол үшін ауызбіршілігіміз мықты болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанымыз абзал. Ру-руға, ата-атаға бөлініп, бір-бірімізді алалай берсек ертеңгі күніміз қараң. Бірлікте болып, кешегі аштық пен қуғынсүргіннен қаза болған халқымыздың аңсаған арманын іске асыра білейік!

Елдар ЖАҚЫПБЕК.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments