Пятница, 26 апреля, 2024

Саяси сүргіннің қалың қасіреті

Қарт тарихтың қатпарына қарасақ, қазақ халқы түрлі басқыншылықты бастан өткеріп, небір тауқыметті артта қалдырған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалатамын» деген кешегі Кеңес өкіметі қазақ еліне көптеген нәубет әкелгені белгілі болғанымен ел еңсесін көтергенше ашаршылық ақиқатын ашуға сол кезде өкіметтің тарапынан қатаң тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алғанан кейін ғана тарихшы-ғалымдарымыз осы зобалаң жылдардың себептері мен зардаптарын жан-жақты зерттеуге кірісті.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақты қынадай қырған 1931- 1933 жылдар аралығындағы аштықтың себебі, сол кезде жүргізілген кеңес өкіметінің құйтырқы əлеуметтік-аграрлық реформасының салдарынан болатын.

Ауыр кезеңдерге толы қазақ тарихын азабына қарай жіктейтін болсақ, 1931-1938 жылдар аралығында көрген тауқыметіміз басқа кезеңдерде көрген құқайымыздан асып түсері хақ. Бұл азапты жылдар аралығында қазақ халқы ішер ас пен ақылестен қатар айырылды. Ашаршылықтың басқа зұлматтардан айырмашылығы бұл нəубет халықтың жаппай қырылып, құрып кету қаупін төндірді. Мəселен, қуғын-сүргін, репрессия кезінде халықтың зиялы бөлігі өкіметтің қаһарына ұшыраса, соғыс кезінде елдегі ер азаматтардың бір бөлігі қырғынға ұшырады. Ал, ашаршылықтың зұлматынан ер-əйел, кемпір-шал, балашаға, қыз-бозбала, сəби, бүлдіршіндердің ешқайсысы аман қалмады. Бұл тұтас халыққа бағытталған жойқын нəубет еді. Ашаршылықтың себебін жаңсақ түсінуден əлі арылар емеспіз. Аштықтың себебі ретінде құрғақшылықты жиі мысал ету ұшырасады. Ол пікірге құлақ түрсек, мал қырылып, егін шықпай қалған сияқты жұттың салдарынан аштық бел алған. Алайда мына екі нəрсені жіті назарымызда ұстағанымыз жөн: а) мұндай жұт қазақ тарихында əр ғасырда 2-3 рет қайталанып отырған. Бірақ 30-шы жылдардағыдай миллиондап адамдар қырылмаған; ə) тіпті жұттың өзі қазақ даласын ешқашан түгел қамтымаған. Су көздерінің тартылуы, шабындықтың сор тартуы, мал басының кемуі жекелеген аймақтарда ғана орын алып, қалған өңірлер бақуатты тұрмыста болған. Қиыншылыққа тап болған бір ру екінші бір руды паналап жан сақтауы немесе күйзелген бір жүздің басқа жүздің қасына көшіп барып аштықтан аман қалуы ауыз əдебиеті жанрларында жиі кездеседі. Екінші қате көзқарас аштыққа ұшыраудың себебін халқымыздың экономикалық қабілетін төмен бағалаудан іздестіру. Аштықты басынан өткерген жандардың естеліктерін оқыған адам бұл мəселеге оңай көз жеткізеді: 1931- 1932 жылдардағы еліміздегі ашаршылық туралы «Қызылдар қырғыны» атты естеліктер жинағында: «Константин Бугаев, Семей облысы: «Нағыз аштық 1932 жылы басталды. Ауыл-селоларға қайыр сұраған босқындар толып кеткен. Ал аштықтан өлгендердің мəйіттері бір қабірге көмілген. Өлгендердің қалталары ақшаға толып тұрса да, оған сатып алатын ештеңе болмаған» жəне де «Зейтін Ақышев: «Жаз шықты. Азық таусылды. Ендігі күніміз қараң. Ертеңіміз тіпті үрейлі. Бұл – 1932 жылдың шілдесі. Менің алатын 24 сомым төрт адамның жұтқыншағына жұқ болмайды жəне оған табылып жатқан тамақ жоқ» деп жазады.

Тарихшыларымыз «Қазақстандағы аштық нəубеті шын мəнінде қолдан əдейі ұйымдастырылды» деген пікірді үнемі тілге тиек етеді. Олардың зерттеулеріне зер салсақ, Ресейдің империяшыл топтары мен Кеңес өкіметі ұлттық интеллигенцияны ғана емес, олардың тəрбиесімен қаулап өсіп келе жатқан ұрпақты да өзіне қауіпті санаған. Осылайша қазақтар «Қужақ» атап кеткен Ф.Голощекин Қазақстандағы билікке келген бойда қазақ халқының социалистік құрылысқа қарсылығын Мəскеуге жиі хабарлап, «Қазақ жерінде əлі Кеңес өкіметі орнамаған, мұнда «Кіші қазан» революциясын жасау керек» деген қорытындыға тіреледі. Жасыратыны жоқ, сол уақытта қазақтың қолындағы бар малын түгел сыпырып алып, Ресейге жөнелткен соң ел аштыққа ұрынды емес пе? Біз əдетте ашаршылық туралы сөз қозғасақ, оның себебін іздеуді 1928 жылғы əкімшілікэкономикалық реформадан бастаймыз. Бірақ бұл реформа аштық науқанынының алғышарттары ғана. Ал шын себебі жергілікті дəстүрді үзіп, көне рухани жəдігерлердің қанатын қырқу еді. Қаламгер Таласбек Əсемқұлов «Аштық пен соғыс» атты еңбегінде «Аштықтың салдарынан адамның ішкі дүниесі, кісілік салттары, бүкіл моральдық тұлғасы оңалмас, түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Ұзаққа созылған аштық адамның рухани келбетін аздырады. Біртұтас «мен» бір-біріне кереғар бірнеше «мен»-ге ыдырайды… Сананың тежегіш күші əлсірегендіктен ойлар, идеялар бір-бірімен байланыссыз тез алмаса бастайды. Есту мен көру қабілеті галлюцинацияға ұшырайды, осылайша адам санасына ақылға сыймайтын нақұрыс идеялар билей бастайды. Алайда бұл идеялар да санаға тұрақтамай, бірбірін жиі алмастырады. Адам өз-өзімен күбірлеп, жынмен сөйлескендей күй кешеді… Ақырында, аштықтың ең сұмдық зардабы – естен адасу, жындану болып табылады» деген екен.

Иə, ашаршылықтан аман қалған азғантай ұрпақтың санасы дəл осындай дүбəрə күйде еді. Мұндай мəңгүрттенген сана не бұйырса да орындауға дайын тұрғандықтан, коммунистік идея қазақтың трефотаксистік мінез-құлқына іркіліссіз сіңе берді. Аштық құрбандарының саны туралы сөз қозғалғанда əртүрлі фактілерге кезігеміз. Əрқилы деректер ашаршылықтан қырылғандардың ұзынсонар саны 1,5 миллион мен 4 миллион аралығында деп көрсетеді. Бүгінде олардың дəл санын анықтаудың да өте қиын екені белгілі. Алайда көпшілік қауым қазақтың саны 3 миллион деген пікірге жиі тоқталады.

 Алапат ашаршылықтың азабын тартқан менің атам Қойгелді Əбуұлының да бозбала шағы барша қазақ жұртының басына түскен нəубет-ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген. Қазақтың алдындағы бар малын тартып алып, қанды қасапқа айналдырған солақай саясатты көзімен көрген ол балаларына:

– «Аштық келген кезде ауылаймақтағы адамдар тау-тасты, сай-саланы аралап, қаңғырып кетті. Олардың ішіндегі əлділері Қырғызстанға үдере көшті. Бір тамағының қамы үшін Майбұлақ ауылының тұрғындары арпаның басын теріп жеп, іштері кеуіп, далада өліп жатты. Ауыл маңында жейтін нəрсе қалмағандықтан ашыққан кісілер бір күні ауылға ешек мініп келген келіншекті бас салып, ешегін сойып, етіне таласты. Күн көріс тауқыметі үшін не істемейсің? Менде сол кезде ешектің бас сүйегін ұрлап үйге қаша жөнелдім. Соның арқасында үйде аштықтан ауырып жатқан ағам аман қалды. Бұдан соң нақақтан жазаланып, түрмеге тоғытылғанымда жанымдағы жолдасыма үйдің жертөлесіне тыққан бір қап бидайдың бар екенін айтқан болатынмын. Ол сол уақытта бір қап бидай үшін жұбайым мен ұл-қыздарымды аяусыз өлтіріп кеткен еді», – деп есіне алады екен.

Жасыратыны жоқ аштықты көзімен көрген қарияларымыздың осы сынды жантүршігерлік оқиғалары «отбасы, ошақ қасы» əңгімелерінен ұзай қоймады. Ал, қазақ даласындағы жұтты көзі көрген ұлтымыздың ұлы перзенттері Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сəдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов жəне т.б. Мəскеуге ресми хаттар дайындады. БК (б) П ОКнiң Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.Голощекинге жолданған Т.Рысқұловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дəулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бесеудiң хаты» жəне т.б. хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себептерi, экономикалық жəне демографиялық шығынды айғақтайтын нақты мəлiметтер берілдi. Ел ішіндегі ахуалға баға берген 1932 жылы жазылған Бесеудің хатында мына төмендегідей мəселелер көтерілді: I.Орташаларға байлармен бірдей соққы берілді, сондықтан, орташалар байлар жағына шығуда. II. Байлар малды қырып тастауға тырысуда. III. «Жалған колхоздарды» ұйымдастыру жалғасуда. IV. Өлкеде ашығушылар саны көбеюде. Тап осындай ресми хаттар 1918-1922 жылдары үздіксіз жүрген ашаршылық кезінде де жазылған болатын. Бірақ бұл мəселеге пəлендей назар аударылған жоқ. Қазақ зиялыларының жанайқайын еститін құлақ болмады. Оның ақыры немен аяқталғаны, баршамызға белгілі.

Қанды қырғын қазақты қаймағынан айырды. Жұрттың жадын, елдің тарихи санасын қалыптастыруға қапысыз қызмет етіп жүрген Алаш қайраткерлері қуғынға ұшырап, ұлттың иммунитеті əлсіреді.

Алайда ұлт қамын ойлаған қазақ зиялылары мен жекелеген аймақтардың көрсетілген көмектері арқасында бұл күндер артта қалды. Бірақ, зұлматты жылдардың бетбейнесін көрсетуге бағытталған

Заманның басқа салғаны,

Жидіп түсті қолаң шаш.

Көктей солды ардағы,

Бота көз сұлу арулар.

Бидайық үзіп талмады,

Сары асық қайран боздақтар,

 Тышқан, суыр аулады.

 Сəтсиəлизім халықтың,

 Бола алмады қорғаны.

 Үш миллион қазақты,

Аждаһа болып жалмады, деген өлең жолдарынан əлі күнге дейін зарлы əуендер жаңғырып естілетіндей.

Бүгінгі жас ұрпақ ашаршылықтың азабы мен қасіретін жəне де ұлт үшін жазықсыз жапа шегіп, айыпсыз атылған арыстарымызды ұмытпағаны жөн.

Əйгерім ƏБУ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments