Четверг, 14 ноября, 2024

Еңбегі ерен Елбасы

Отыз жылдың ішінде біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Оның бəрі əрине, Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мүмкін болды. Себебі, ол тəй-тəй басып, аяғынан енді нық тұруға ұмтылған жас мемлекетті құрып, əлемге əйгілі етті. Өзге елдермен терезесі тең дəрежеге жеткізді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында сыртта жүрген қандастарымыз атамекеніне оралды, елге ел қосылып, құтымыз арта түсті. Кең байтақ қазақ елінің шекарасы шегенделіп, ұлттық рəміздері бектітілді. Соның ішінде ел бойына патриоттық сезімді ұялата білетін Көк туымыз қандай керемет десеңізші! Көк тудың астында үш жүздің баласы бірігіп, тəуелсіз елдің болашағы жолында аянбай еңбек етуде.

Тəуелсіздік алған алғашқы кезде біз бірқатар сынды бастан өткердік. Алайда, артылған жүкті жұмыла көтеріп, кездескен қиындықтарды жеңдік. Тіліміз бен дініміз жаңғырды, білім-ғылым өрістей түсті.

Білімсіз ұрпақ ел болашағын жарқын ете алмасын ұққан Елбасы еліміздің дарынды жастарын шетелде оқыту үшін «Болашақ» бағдарламасын қолға алды. Сол жұмыстың нəтижесінде мыңдаған жас өз білімін шыңдап, білікті маман болып, қазір елге қызмет етуде. Мұның өзі үлкен жетістік.

Елбасының көрегендігінің арқасында Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтеріп, ертегі əлеміндегідей ғажайып қалаға айналды. Еңселі Елордада елімізде ынтымақпен өмір сүріп жатқан бірнеше ұлттар мен ұлыстардың басын қосатын Ассамблея құрды. Осылайша Нұрсұлтан Əбішұлы Қазақстан халқын бір шаңырақ астында тату-тəтті ғұмыр кешуге үндеп, жолбасшы бола білді. Соның нəтижесінде біз өзге ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, бейбіт аспан астында күн кешкен бақытты заманның куəсі болдық.

Иə, Елбасының елі үшін ерінбей еткен еңбегі ұшан-теңіз. Оның бəрін тізіп айтып тауыса алмаймыз. Десе де, елін сүйген Елбасының еңбегін бағалаған елі де оны шынайы сүйіп, еңбегіне бас иері сөзсіз. 16 желтоқсанда ел тəуелсіздігінің мерейлі отыз жылдығын атап өттік. Елі сүйген, елін сүйген Елбасының арқасында қол жеткізген бейбіт күніміз бен теңдесі жоқ тəуелсіздігіміз баянды болсын!

Динара ЖАППАРОВА, Шоқан Уəлиханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments