Вторник, 23 апреля, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылЖамбыл поэзиясындағы шешендік иірімдер

Жамбыл поэзиясындағы шешендік иірімдер

Қазақтың шешендік сөздері ғана емес, аты аңызға айналған Асанқайғы, Қорқыт, Бұқар айтты деген сөздерді былай қойғанда, Қазтуғаннан бастап, Махамбет, бертінгі Жамбыл, Кенен, Иса сияқты ақын-жыраулар поэзиясының төл туындылары, айтыстары, жыр-толғаулары мен термелері ауызекі немесе жазба түрде шығарылуына қарамастан, «көпұлтты совет фольклорының алтын қорына енгені», шын мəнінде олардың фольклор емес, авторлығы ауызша сақталған əдебиет екендігі жөнінде академик Р.Сыздықова, белгілі ғалым Е.Тұрсынов алғаш рет пікір түйіп, сол негіздегі ғылыми пайымдаулар Ж.Дəдебаев, С.Негимов сияқты басқа да əдебиеттанушылардың еңбектерінде нақты зерделеніп, дамытылған еді. Соған қарамастан, «авторлығы ауызша сақталған əдебиет» деген ұғымға ғылыми көпшілік құлақ арта қойған жоқ. Жамбылдың жеке авторлығы дабыл қағып тұрса да, кейбір танымал əдебиетшілердің күні бүгінге дейін сол баяғы кеңестік ескі сүрлеуден шыға алмай, оны фольклорлық əдебиет өкілі ретінде танып, сөйтіп, «халық ақындары шығармашылығының»  фольклорға телініп келгендігін ескермеуін немен түсіндіреміз? Əйткенмен, мұның себебін өткенді күстаналаумен ғана емес, ауызша əдебиеттің жекелеген өкілдері шығармашылығын тəуелсіздік кезеңі əдебиеттануында əлі де жаңаша көзқарас тұрғысынан бағалау, көркемдік əлемін терең аша білу қажеттігімен түсіндіруімізге болады.

Жамбыл шығармашылығын кеңестік кезең фольклорға қанша иіп апарғанымен, Жамбыл деген əйгілі аты, авторлығы өшпегені белгілі. Ұлы жазушы М.Əуезов айтқандай, «атсыз ақын» болып кетпегендігі «ат берген, қартайған шағы, сол шағында оны жетістірген өз заманы» десек те, сол заманның шындығын жырлаудағы Жамбылдың ақпа-төкпе ақындықпен, данагөй жыраулықпен, суырыпсалма шешендікпен, асқақ азаматтықпен ұштасып жатқан ұлы дарынының құдіреті деуге болады.

Туып-өскен, есейген жердің тұмса табиғаты мен Ұлдан-анадан дарыған тума қасиетті жазбай таныған əйгілі Бөлтірік шешен бала Жамбылды көргенде: – «Атың Жамбыл болса, көңілің даңғыл болар, балам», – дейді. Сөз астарында ашық айтылмаған үлкен сыр жатқаны анық еді.  Шешеннің ой қайнарынан тұнып шыққан бұл сөзі бала Жамбылдың болашағының зор екендігін бейнелейді. Сегіз жасынан ақындығын аңғартқан Жамбылдың өзі де бұл жайды: «Жасымнан атым аян Жамбыл едім, Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім», – деп жырлайды.

 Расында, Жамбылдың өлеңдері ауызекі айтылғандығы, кейіннен хатшыларының жазып алып отырғандығы баршаға мəлім. Жамбыл бұл туралы өзі де аңдатады: «Ағыт деп, асыл сөздің қазынасын, Сөйлесем домбырама – қаламыма».

Қағазға түспей жоғалып кеткендері де бар. Жамбылды ауыз əдебиеті мен жазба əдебиетті байланыстырушы дегенімізбен, бұл арнайы текстологиялық зерттеуді қажет ететін күрделі мəселе болып табылады.

Тегінде, Жамбылды ауызекі суырыпсалмалық өнердің өкілі деп танығанымыз жөн болса керек.  Мұхтар Əуезов: «Төкпелік ұзақ сүре үлкен толғауда шығып кетеді. Осыны бірде Өтегендей, Сұраншыдай үлкен эпос туғызып отырса, бірде дəл келелі сүре айтыстың өзінің үстінде Құлманбет, Сарыбасқа Сұраншы тарихын поэма еткізгендей, ұзақ сүре əңгімелі жыр желісін жатқызып кетеді. Кейде ескі труверлер үлгісінде – Домалақ дастанындай, тамаша көркем (Сарыбаспен айтысында) аңыз поэманы толғап кетеді», – деп Жамбылдың сол ақпа-төкпе ақындығын ерекше бағалайды.

М.Əуезов Жамбылдың Күсеп, Сүйінбай, Майкөт ақындар өзінше жырлаған дастандарды қайта жырлағанда өзгеге ұқсамайтын өрнек тауып, труверлерше түлеткен шеберлігін айтады. Шынында, айтыстың идеялық құрылымына ел аузында қара сөзбен айтылып келген шежіре-əңгіме, аңызды жыр желісіне сары майдан қыл суырғандай шеберлікпен қиюластыруы аузымен құс тістеген жүйрікке ғана тән емес пе? Иə, ғұлама Мұхтардың қырағы көзі шалмаған Жамбыл шеберлігі бар ма екен, сірə деген ойға қаласың…

Сол жыршылық өнеріндегі шеберлігінің бір қыры – дəстүрлі батырлық жыр үлгісін өзінше жаңғыртуы. Бұл эпикалық жанрлардың жалғастығына көз жеткізеді. Академик С.Қирабаев «Сұраншы батыр» дастанының тарихилығы туралы айта келіп: «Дастанда дəстүрлі батырлық жырдың үлгісі жаңа мазмұнмен байытылады. Жырдың тағы бір жаңалығы: онда қазақ халқын Қоқан қол астынан азат етудегі шаруа орыс əскерлерінің пайдалы қызметі, азаттық жолындағы күресте табысқан қырғыз, өзбек еңбекшілерінің достық ынтымағы нанымды суреттеледі», – деп жазады. Əрине, жырдың бұл аталмыш жаңалығы Жамбыл ақынның еларалық ынтымақты көксеген мəмілегерлігін де аңдатпай қоймайды жəне өмірлік шындықтан алшақ емес. Жамбыл ақын сол кездегі «жаңа заман» шындығына дауасыз сенгенін жоққа шығаруға болмайды. Ол: «Бейнесін төрт заманның өзім көрдім, Заманның онан арғы сөзін көрдім. Қалмақ хан, Тезек төре, Құдияр хан, Ұсқынын Николайдың көзбен көрдім», – деп жырлайды.

 Жамбыл сол замандардың қай-қайсысында да ел мүддесін қорғап жыр төгеді. Жамбылдың халық ақыны атануының бір бөлек сыры осында болса керек. Ақындық өнерінде «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықтық қағиданы ұстанады. Жамбыл бастаған бір топ ақын Ресей патшасы – Романов əулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған тойкөрмеде патша тұқымын мадақтап, ояз, ұлықтарды дəріптеуден бас тартып, ақындық өнерді қорлаған жендеттерге қарсылық білдіреді. Сонда соққыға жығылғандардың бірі Жамбыл болады. «Əділетсіз ояздар, Ақтаяқты оқталып, Есігінде тұрады. Жазығы жоқ Жамбылды Төбеден сілтеп ұрады, – деп Жамбыл өлең шығарады. Ел еркесі ақынын сабатып қойып, ұйлығып тұрған қазақ байларының дəрменсіздігін бетіне басып, Жамбыл «Өстепкеде» деген айыптау өлеңін қалың жұрттың көзінше айтады.

Жамбылдың қай заманда да көрген құқай-қыспағы аз болмаған. Осы жағынан ол өз замандасы Абаймен тағдырлас екенін ұқтырады. «Абайдың суреті» деген өлеңінде: «Терең ойдың түбінде теңізі бар, Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар: Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!», – деп қамығып, өз жүрегінен де шер төккендей болады. Өлең 1940 жылы жазылған.

Осыған қарағанда, Жамбыл өзі ағынан жарылып қуана қарсы алған «жаңа заманның» кейбір құбылыстарынан түңілгенге ұқсайды. Бірақ, бұған дəлел табу қиын. Өйткені, Жамбыл шығармалары кеңестік сүзгіден өткізілгеніне күмəніміз жоқ.

Жамбыл мен Абайдың ақындық қасиеттеріндегі үндестіктер аз емес. Екеуіне ортақ мүдде – ұлт мүддесі. Екі ақын ел ішіндегі əлеуметтік қайшылықтарға жаны күйзеледі. Тығырықтан шығар жол іздейді. Қытымыр байдың қылықтарына күйініп, кедейдің мүшкіл халіне жаны ауырады. Абай:

 «Кəрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

О да қылған кедейге үлкен сыйы», – десе, Жамбыл:

«Сараң байдың үйіне қонақ келсе,

Қояды кəрі қойын ол ыңғайлап.

Кедей жомарт үйіне мейман келсе,

Жалғыз қойдың тұрады басын байлап», – дейді. Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақындардың, əсіресе Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция болып табылады. А.Ахматованың «Белая стая» (1915) өлеңіндегі «қайыршы» реминисценциясы Бунин, Горький, Блок шығармаларындағы «қайыршы» сөзінің тарихи мəнімен, олардың «қайыршы Ресейге» деген сүйіспеншілігін айғақтайтын азаматтық үнімен қалай ассоциацияланса, Жамбыл мен Абай өлеңдерінің əлеуметтік мəні де солай шендеседі. Ақынның «Əлемде бір жұлдыз бар» өлеңінде: «Үміт алыс, өмір шақ» деген интермəтінді шеберлікпен сыналап енгізгенін де көруге болады.

Ақындық пен шешендік егіз өнер екенін Жамбыл айтыс өлеңдерінде ерекше танытқаны белгілі.

Жамбыл шешендік өнері қанат жайған, фольклоры аса бай əлеуметтік ортадан өсіп шыққандықтан, оның ақындық əлемі бұлардың екеуімен де астарлас жатқанын дəлелдеудің қажеті болмас. Дегенмен,  Жамбыл поэзиясында суырыпсалмалық өнер, ойға жүйріктік, халықтық қағидаларды қанат ету, нақыл сөздерді жаңғырта қолдану, өзінше афоризм түю, шешендік айшықтар түрінде көзге түседі.

Мəселен, қазақтың би-шешені: «Арғымақ атта жал болмас, Жабы келіп жалымен теңесер. Ақиық ерде мал болмас – Жаман келіп малымен теңесер», – десе, Жамбыл: «Жабы жүйрік болар ма байлағанмен, Жасық болат болар ма қайрағанмен? Жамбыл қайта жасарып жігіт болмас, Жағасын неше қайта майлағанмен», – дейді.

Ұлы М.Əуезов өзінің айтулы мақаласында, Жамбылдың күнделікті өмір қарым-қатынастарындағы əзіл-қалжыңдарын мысалға келтіріп: «Ақындық теңеу тілімен сөйлейді. Бірақ оны келістіріп айтқан күнде де ақындық демейміз, шешендік дейміз», – дейді. Айтқандай-ақ, Жамбыл өлеңдерінің тілі шешендік иірім-өрнектерге бай. Жамбыл поэзиясындағы таңбалық жүйенің өзіндік ерекшеліктерін көруге болады. Олардың семиозис тұрғысындағы құрылым ерекшелігі аңғарылады. Ақын ел басына төнген зұлматты жалпылық мəндегі портрет арқылы таңбалайды:

«Малы бардан мал алды,

Малы жоқтан жан алды.

Аралдағы қояндай,

Ел топанға қамалды».

Тығырыққа тірелген ел сиқы – «аралдағы қояндай». Жамбылдың шамырқанған ойынан туған – əрі шынайы, əрі жанды бейне. Ақын «үріккен қойдай» деген сияқты дəстүрлі теңеулерді қолданбай, өзіндік соны сурет салады. Жалпы, ақынның «Толғау» жыры тұтастай алғанда градацияға негізделген риторикалық-публицистикалық стильге құрылады. Алайда, шешендікті қоғамдық қайраткерлікпен, күрескерлікпен жалғастырар болсақ, Жамбылдың азаматтық даусы, ұлт мүддесін қорғаудағы қайраткерлік қажыры 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тұсында айтқан өлең-жыр, толғауларынан айқын танылады. «Халықтың ерік кетті баласынан, Сөзімнің ғибрат ал сарасынан. Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп, Он тоғыз-отыз бірдің арасынан. Осыған тірі отырып көнеміз бе, Іріктеп бар боздақты береміз бе?! Болмаса елдік қылып, тізе қосып, Батырға қол бастаған ереміз бе?!», – дейтін өлеңінің публицистикалық қуат-күші ерекше. Бұл – Жамбыл өлеңіндегі күрескерлік идеясының көрінісі.

Жамбыл Ақтамберді, Қазтуған, Махамбеттердей жауынгер-жырау болмағанмен, қозғалысқа, күреске (Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлеңдері) қашанда дем беруші болғанын білеміз. Ақын «Толғау» жырында патша соғысын мақтап-жақтамағаны үшін байлауға түскенін: «Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық, Түсінгенім болмады мүлде менің, Ұстаған қанды тырнақ елді қысты, Кім болмақ ызаланса елден күшті?!», – деп, «Хан – қайық, Халық – теңіз» деген халықтық қағиданы ескерте сөйлейді. Би-шешендерше ширыға сөйлеп, айтар сөзін риторикалық сұрақтармен қайырады. «Бесігі – тау, анасы – ел» деген жырында: «Жер байлығы болмаса, Жерден алтын шығар ма? Ел қамын ойлар болмаса, Ерден ақыл шығар ма? Теңіз терең болмаса, Түбінен інжу терер ме?! – деп толғайды. Бұл жолдардағы «ж» жəне «т» дыбыстарының аллитерациясы, «е» дыбысының ассонансы ғана көркемдік үстеп тұрған жоқ, «алтын – қамын – ақыл» сөздеріндегі буын үндестігі мен өлең жолдарындағы «а», «е» сияқты тұтқа дыбыстардың да қызметі ерекше екенін тануға болады.

Жырауларша ел басында болған тарихи оқиғаларға дер кезінде үн қатып, халықты күреске үндеп, дүние, өмір жайлы толғауы Жамбыл ақындығының жыраулық өнермен қанаттас екенін аңғартады.

«Жаратылыс сыры» деген толғауында: «Асқар тау ғаріп емес пе, Айдынды көлі болмаса. Ер жігіт ғаріп емес пе, Белгілі елі болмаса…», – деп жырау-шешендер дəстүрін жалғай келіп, оған да өз өрнегін қосады.

Ақын батырлық жыр дəстүрін түлетіп қойған жоқ, фольклордың жұмбақ секілді басқа да жанрлары үлгісінде өлең өнерін дамытты деуге болады. Мəселен: «Туған айдай дер едім, Түнде бар да күндіз жоқ. Жанған күндей дер едім, Күндіз барда түнде жоқ» немесе «Тауды көрдім дегенім –Тау емес екен, дөң екен. Өзен, көл көрдім дегенім – Көз жасынан сел екен», – деген жолдар соның айғағы.

Сонымен, о баста айтқанымыздай, Жамбыл авторлы ауыз əдебиетінің өкілі екеніне талас тудыруға болмаса керек. Өйткені, Белинскийдің айтуынша, фольклорда əйгілі есімдер болмайды,  фольклордың авторы – халық. Жамбыл əралуан фольклор жанрларына тəн сөз өрнектерін,  жыраулық, шешендік өнерге тəн дəстүрлер мен көркемдік құрылымдарды терең игеріп, ақындық шығармашылықпен дамытқаны белгілі. Демек, Жамбылдың ауызекі суырыпсалмалық өнерге негізделген поэзиясы жыршы-жыраулық өнермен ғана емес, шешендік шеберлік үлгілерімен де ұштасып жатқанын пайымдауға болады. Олар түптеп келгенде, ақынның отты өлеңдеріндегі –  көркемдік келісім. Ұлы сүре ақын атанған Жамбыл поэзиясындағы барша сипаттар оның көркемдік əлемінің көз жетпес көкжиегін айқындайды.

Раушан  ƏБДІҚҰЛОВА,

əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments