Пятница, 11 октября, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылКӨҢІЛ БӨЛЕТІН МƏСЕЛЕ КӨП

КӨҢІЛ БӨЛЕТІН МƏСЕЛЕ КӨП

Биыл тəуелсіз ел атанғанымызға – 30 жыл толады. Қабырғасы қатайған мемлекет үшін бұл аз уақыт емес. Отыз жылда қандай жетістіктерге жеттік деген сауал туындайды. Халқымызда «Артыңа қарап қартаясың» деген сөз бар. Расында, осы сөзге мəн беріп қарасақ, шынымен де астары терең ақиқат көрінеді. Дəл қазіргі кезде өмір сүру үрдісі кім-кімге де оңай тиіп жатпағаны рас. Табиғат тылсымына бойласақ, Алланың қаһарына ұшырадық па, жоқ, бұл саясаттың салдары ма деген пайымға тірелеміз. Əйтеуір, қазір кімге, неге сенетінімізді білмей қалғанымыз анық.

Былай қарасаңыз, өмір өз бағытымен сырғып өтуде. Оны ешкім тоқтата алмайды. Қазақ даласы қилы тағдырды басынан кешті. Дала төсінде ежелгі сақ, ғұн, түркі, қыпшақ тайпалары мекен етті. Сайын дала сол перзенттерін жат көрмей, құшағына басты. Ол олардың мекеніне айналды. «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, 1991 жыл еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан кезі еді. Содан бері 30 жыл өте шығыпты. Жасыратыны жоқ, қазір еліміз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге қол жеткізді. Ширек ғасырға жуық уақытта экономикалық байланысы артқаны белгілі. Тәуелсіздік алу жолында аянбай тер төгіп, өз үлесін қосқан білімді, білікті азаматтар да баршылық. Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман болғаны рас. Қазақ жерінің байлығы, табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі болып табылады. Осының бәрі де тәуелсіздік тұсында қол жеткізген жеңістер мен табыстар.

Тәуелсіздікті тарихи тұрғыдан бағамдасақ, отыз жыл – аса көп уақыт емес. Десек те, Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі алпауыт елдермен терезесін теңестіріп, жаһанға қарышты қадамдармен танылғаны ақиқат. Егемендік алған жылдары еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық деңгейде атқарған абыройлы істері том-том кітап жазуға арқау болары сөзсіз. Бүгін біз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мұрат етіп отырмыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы әр қазаққа ой салған болатын. Егемен ел атанып, бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолымызға терең ой жүгіртсек, әр белесіміздің қазіргі тарихымыздағы орны мен ерекшеліктері жан-жақты айшықтала түседі. Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздікке аяқ басқан жылдар өте қиын кезең болғаны рас. Жас, буыны қатпаған мемлекеттің алдында алынбас қамалдай болып үлкен мәселелер тұрды. Дегенмен, «Асу бермес асқар жоқ» екен, тәуелсіздік алған жылдары алдымыздан кездескен небір бөгеттер мен белестерден өттік. Сөйтіп, кездескен қиыншылықтарға төтеп бердік.

Мемлекет басшысы бұл бағдарламалық мақаласында «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді екен. Атабабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан – тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Соның барлығы да тәуелсіздіктің арқасында өзімізге қайта оралды» деген еді.

Алайда, көңіл жабырқатар жайттар баршылық. Халқымызда «Бүгінгі жас ертеңгі ел ағасы» деген ұлағатты сөз бар. Осы сөздің мәніне терең үңілер болсақ, жастардан болашақта ел билейтін тұлға шығатынына күмән келтіре алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда сол жастардың қазіргі ахуалы қандай? Оларға мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп отыр ма? Жастардың әлеуметтік, мәдени және саяси құқығы іске асып келе ме? Республикалық жастар ұйымдарының қоғамға, әсіресе, жастарға жасалып жатқан көмегі қай деңгейде? деген сұрақ туындайды. Әлеуметтанушылардың пайымына сүйенсек, «Жастар – жеке тұлға болып қалыптасып келе жатқан азаматтардың ең әлсіз буыны, осыған байланысты олар қоғамдық өмірде әлеуметтік және психологиялық күйзеліске жиі ұшырайды екен. Жастарды қолдай отырып, мемлекет олардың бәсекеге қабілетті мүмкіндіктерін шыңдап, әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді және өз болашағының «адами ресурстарын дамытады» дейді олар.

Қазақстан халқының үштен біріне жуығын жастар құрайды. Олай болса, жастардың қазіргі таңдағы білімі, денсаулығы, рухани-мәдени дайындығы мемлекеттің келешегін айқындайтын адами капиталдың негізі болып саналады. Мемлекет жастар арасында әлеуметтік шиеленістерді бәсеңдету, жасөспірімдер арасында нашақорлыққа, маскүнемдікке қарсы күресте үнемі ісшаралар қолданылып келеді. Алайда, бұл іс-шаралар жастардың мәселесін толық шешіп отыр деп айту қиын. Себебі, қазіргі таңда қоғамда жұмыссыз, оқуын жалғастырмаған, бұзақы ортаға тап болған жастар аз емес көрінеді.

Еліміздің тәуелсіздік алуы мемлекеттегі жастар саясатын жаңаша қарау керек деген талапты алға қойғаны белгілі. Ендеше, «жас келсе іске» деген сөзді алға тартып, оларды өз деңгейінде қолдау керек деген ой айтқымыз келеді.

Өкінішке қарай, бүгінгі ахуал дамыған мемлекеттермен бәсекелесер тұста арман-тілектерге көлеңкесін түсіргені бұлтартпас шындық. Сондайақ, жастар қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші десек, қателеспейміз. Сол себепті де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталған. Рас, еліміз егемендік алған елең-алаң шағынан бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгіледі. Ел тәуелсіздігін алған сәттен мемлекетіміз өскелең ұрпақты қоғамның маңызды стратегиялық ресурсы ретінде танып, жастардың жанжақты дамуына көңіл бөлді.

Нақтырақ айтсақ, тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитеті құрылғанын білеміз. 2004 жылы жастарды мемлекеттік тұрғыдан қолдау бағыттары мен механизмдерін, олардың әлеуметтік және саяси тұрғыдан қорғалуын анықтаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңы қабылданды. 2015 жылы ел дамуының қазіргі кезеңгі шындығымен санасқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заңның қабылдануы маңызды қадам болды.

Бірақ соңғы уақытта «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, күллі адамзат баласы басына қара бұлт үйірілгенін сезінді. 30 жылда талай биіктерді бағындыруға күш салып, оның біразына қол жеткізе бастаған тұста әлемді індет жайлап, үрей туғызып отыр.

Қазақ елі үшін маңызды күндердің біріне айналған тәуелсіздіктің 30 жылдығы да таяп қалды. Жас мемлекет саналатын Қазақстан әлемдік аренада өзін көрсете білген елдің бірі. Тарих тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап отырып, атабабаларымыз өмір сүрген кезеңдердегі шайқастар, аштық, жау қолында қалған елдің көз жасы – тәуелсіздіктің ерекше ұлтқа, күллі әлемге қатысты ой бар. Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші – жастар. Жастар жаңалыққа, өзгерістер мен жедел іс-қимылға бейім. Еуразия кеңістігіндегі елдердің тарихына үңілсек, жастар және олардың қозғалыстары мемлекеттің дамуына түрткі болған. Қоғамды дүр сілкіндірген кейбір оқиғалардың бел ортасында жастар жүргені шындық. Қазіргі уақытта да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсене араласып келеді. Мемлекет өзінің саясатына сәйкес жастардың білім алуы, баспанамен және жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламаларды қабылдаған болатын. Дегенмен, жастардың арасында жат ағымға ілесу, ажырасу сияқты мәселелер де жоқ емес. Жаһандану жағдайында жастарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, рухани-патриоттық тәрбие беру өзектілігін жоғалтақан жоқ. Жастарға бұл тұрғыда бөлекше көңіл бөлінуі керек екендігін түсінеміз. Өйткені олар тәуелсіздіктің бастауы, тұтқасы. Қазіргі уақытта адамзаттың білімі мен дүниетанымының сыртқы ықпалы зор, өйткені олар әлемдік қоғамдастықтың келешек даму бағытбағдарын айқындайтын кезеңде өмір сүріп жатыр. Тәуелсіз ел ендігі жерде жаһандану процесін де көзімен көріп, жанымен сезіну үстінде. Осы тұста «қазіргі тәуелсіз елдің жастарын өткен уақыт жастарымен салыстырып, қазіргі жастар азып барады, бұрынғылар керемет еді деу бекер. Бұл қате ұғым. Бүгінгілерде ақпарат мүмкіндіктері бар олар әлемдегі үдерістерден хабардар. Біздің және бізге дейінгі ұрпақ кеңестік тұста әлемде не болып жатқанын білмей өсті. Қай заманда да топтық психологиялық динамика бірдей жағдайда өтеді. Бірақ жасөспірімдіктен ересектер тобына өтіп, балалық кездегі құндылықтарды ересек адамның құндылығына айналдыру үшін осы өткел берік болуы керек. Мен қит етсе, жастарды баяғыдағыдай емес деп негатив мағынада ғана айта беруге қарсымын. Иә, жастар баяғылардай емес, себебі, заман өзгерді. Бар болғаны сол» дейді, мамандар. Рас, заманына қарай адамы. Орын алып жатқан жағдайларға жеке бір тұлғаны кінәлай беруге де болмас. Ең бастысы, азаттығын аңсаған ата-бабалар аманатына қиянат жасамаған ұрпақпыз. Маңыздысы да сол. Ешкім туа сала дана, дара болып қалыптаспайды. Оны өмір көшіне ілесе алған адам ғана біледі. Қалай десек те, өмір тек шуақты күндерден ғана құралмайды, оның жауынды, дауылды сәттерінің болып тұратынын ұмытпаған жөн. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқанымызға енді ғана отыз жыл болатын уақытта, оның жемісін жеуді келешек ұрпаққа Алла бұйыртады деген үміттеміз.

 Роза АЙТЖАНҚЫЗЫ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments