Четверг, 14 ноября, 2024
Басты бетСағынышМЕНІҢ ƏКЕМ – ТҰРЫСБЕК

МЕНІҢ ƏКЕМ – ТҰРЫСБЕК

Әкем Тұрысбек Әбілбақыұлы 2001 жылдың 4 маусымында көз жұмды. Мәйітін үйде екі түнеткен соң, ертеңгілік есік алдында жаназасы шығарылды. Қалың қауым әкемнің сүйегін қаумалай көтеріп, Жайсаң ауылы тұсындағы ағайындар бейітіне жеткізетін көліктің ашық қорабына жайластырды да, бір топ ер азамат қоралана отырған көк мәшине баяу жылжып, жүріп кетті. Ұлардай шулап жөнелткен қалың әйелдер нөпірінің бір шетінде қақпаға сүйеніп тұрған менің жүрегімнен тарам-тарам жас ақты. Көк мәшине көше қиылысынан бұрылып, көрінбей кеткенше көз айыра алмай, шарасыздықтан жаным езіліп, жылап тұрдым. Аяулы әкеммен қоштасқандағы жанар жарқылына жазылған соңғы сурет сол болды…

Арада жылдар өтсе де әкеме деген перзенттік сағынышым еш басылмапты. Сірә, басылмақ та емес!..

Апамның əңгімесі

Əкемнің артында, қанаты қайырылған құстай аңырап қалған қосағы – анамыз Рысжан өмірлік жолдасының мезгілсіз кетіп қалғанына көндіге алмай, қайғырып, ұзақ жыл құлазыды. Енді ше?!. Жастай қосылғалы жұптары жазылмай, елу екі жыл отандасып, ащы-тұщыны бірге татысып, ыстық-суықты бірге кешіскен, он бала тəрбиелеп өсіріп, бірінсіз бірі – бір шəугім шəй іше алмайтын мұңлықтар емес пе еді?!..

 – Біз, сонау, 60-шы жылдардың басынан бастап, Жамбыл ауданына қарасты Қастек асыл тұқымды қой совхозында 40 жылға жуық үзіліссіз мал бақтық қой.., – деп бастайтын апамның əңгімесінің алтын өзегі, бас кейіпкері де – əкем болып келеді… Атам кеткелі (біз ес білгеннен, əке-шешемізді «ата», «апа» деп атадық), апамның жанындамын. Отыра қалсақ, өткен күндердің əңгімесін айтамыз. Əңгімемізде, бірде тауға – жайлауға шығамыз. Бірде ойға – қыстауға түсеміз, енді бірде ескі ауылды аралаймыз. Бұрынғының адамдарын түстептүгендейміз. Апам еңбекпен өткен өмірінен сыр шертеді…

Қой азабын қойшы білер…

 – Ақ қар, көк мұзда мал баққан адам ғана малшылықтың тым ауыр, азапты кəсіп екенін біледі. Біз сол жолдан өткен жандармыз, – дейді апам. Өкіметтің қарамағымызға берген отар қойынан тұяқ шығын қылмай, мал басын аман ұстауға өмірімізді арнадық, күш-қайратымызды жұмсадық, денсаулығымызды бердік… Ел-жұрттан алыс, жапан далада жалғыз үй отырып, түнде ит-құстан қорып, мал күзеттік. Таң бозарып атқаннан, күн ұясына қонғанға дейін Тұрысбек мал соңында жүрді. Борап жауған қарға да, сызды тұманға да, шелектеп құйған жаңбырға да, ұйытқып соққан желге де, шыжыған күнге де төзіп жүріп, ісімізге адал болдық. Тұрысбек марқұмның дала мінезіне, мал жағдайына жетіктігіне жергілікті жердің қарияларына дейін таңғалушы еді. Өйткені, Тұрысбек анасынан 6 жасында, əкесінен 12 жасында қалып, жалғызіліктілік пен жетімдік өмір оны қаршадайынан ширатып, шынықтырып, шарболаттай қайраған болатын…

Біз таза еңбек адамы болдық

– 1976 жылдың күз айы. Қарақия жайлауында бойдақ қой бағып, үш ай отырдық та, күз түсе төмен жылжыдық, – деп есіне алады апам. Үйді жығып, бүкіл заттарымызды буып-түйіп, мектепке баратын балаларды қосып, сапқоздың жіберген мəшинесімен ойға түсіріп жібердік. Екі-үш жастағы кенжелеріміз Ғалия мен Бақытжанды қолымызға алып қалғанбыз.

Сартекше асуынан асып келеміз. Тұрысбек анадай қияда ірі-қара мал мен отарды жалғыз өзі айдап барады. Бергі қияда Ғалияны алдыма алып, Бақытжанды артыма міңгестіріп, беліме орамалмен байлап, жалғыз аяқ қия жолмен мен келемін. Айнала құз, терең шатқалды құлама жартас. Атпен жүрудің өзі қауіпті, қорқынышты. Ат үстінде екі баланы алды-артыма алып, ішімнен «Аллалап!» келемін. Жүк артқан жетек атым тағы бар. Бір кезде Бақытжан ұйықтап кетсе керек, байлаған орамалымнан сусып, жерге сылқ ете түсті. Жүрегім су етіп, баланың бір жеріне зақым келді ме деп, жалмажан Ғалияны көтерген бойда аттан түсіп, Бақытжанды да қатар көтеріп алдым. Бала дін аман екен. Сол сəтте бұршақ құйды да кетті. Атпен тайғанақтайтынымды, əрі екі баланы ат үстінде қатар алып жүре алмасымды біліп, «Аққұйрықты» жүген-шылбырын түріп, қарсы қапталда келе жатқан Тұрысбекке қарай бағыттап, «шу, жануар!» деп ем, ол оқыранып шауып ала жөнелді.

 Ғалия мен Бақытжанды кезек-кезек өрге қарай арқалап, жаяу тасыдым. Бірін өрге жеткізіп, екіншісіне ылдиға қайта келгенімде екіншісі бақырып жылап отырады. Екеуін кезек-кезек көтеріп қия тастан өттім. Өлдімталдым дегенде жотаның үстіне шықтым. Бұршақ та басылды. Демімді алуға жерге отыра кеттім. Бір уақытта, анадайдан есекке мінген, басында шілəпі қалпағы бар ер адамның сұлбасы көрінді. Жақындай келе таныдым. Өзімізбен сыйласып жүретін Садық аға екен. Ол кезде Садық Қамысбаев «Қызылауызда» зəпісклəт болып отыратын. Жары Зейнеп екеуімен көп жылдан сыйласып жүрген жегжат ағайын еді. Сол Садық аға, бізбен қатарласа көшіп, малын бізден бұрынырақ Қызылауызға айдап барған өзге малшылардан:

– Тұрысбек көшіп келеді, əйелі екі баласын таудан жаяу арқалап келеді, – дегенді естіп, біреудің есегін сұрап мініп, менің алдымнан шыққан беті екен. Садық ағаға жолда қиналып, көрген қорлығымды айтып жыладым. Ол кісі:

– Жылама, қарағым! – деп жұбатты. Сол арада, бізді қарсы қапталдан көрген Тұрысбек те, қойды иіріп қойып, мінетін ат алып келді. Садық аға атқа мініп, алдына Бақытжанды алды. Мен есекке мініп, Ғалияны алдыма алып, Қызылауызға жеттік. Садық аға мен Зейнеп жақсы кісілер еді ғой, жарықтықтар. Сол жолы өздеріне зəпісклəтке бөлініп берілген (шопандарға таратылатын киім-кешек сақтайтын) киіз үйдің бірін бізге босатып берді. Сол киіз үйге кіріп, жылынып, ұйқымыз да жайлы болып, киімкешегімізді жуып, жетісіп қалдық. Сол кезде Қызылауызда 7-8 үй отыратын. Олар: мал дəрігері Алмабек Сыйқымбаев (əйелі – Қызмет), мəгезінші Қырғызбай Жұмабаев (Əшімнің баласы), мал дəрігерінің көмекшісі Мұсахан Аққұлиев (əйелі Гуля адам доғдыры). Солармен араласып-құраласып, бір аптадай Қызылауызда жəне отырдық. Бір аптадан соң келген сапқоздың кезекші мəшинесімен екі баланы алып мен кеттім де, Тұрысбек малды айдап 5-6 күн өткенде Аңырақайға барды. Ол кезде тоқтаған жерінде тігулі үй қайдан болсын қойды иіріп, далаға түнейді. Шаң жұтып, еріні кеберсіп, талай күн арып-ашып, шөлдеп, қойды айдап жұртқа жететін…

 Көп жыл бойы саулық қой бақтық. Саулық қой баққан жылдар біздің көп күшқайратымызды, денсаулығымызды алды. Жастықпен ағысқа қарсы жүздік. Ауыр еңбекке төздік. Балаларымызды да еңбекке, төзімділікке біздің күнделікті іс-əрекетіміз тəрбиеледі. Өкіметке əр жүз саулықтан 150- ге дейін қозы бердік. Ауданның маңдайалды, озат шопаны қатарынан түспедік. Сөйтіп, қар кешіп, мұз төсеніп жүріп, біз төккен терде есеп болмады. Бірақ, өз уақытында сол еңбегіміз бағаланды деуге келмес… Біз таза, өз еңбегіміздің арқасында, терең судан жүзіп өткен адамдармыз…

Қатал қыстан да аман шықтық!..

Көзі тірі кісілер ұмыта қойған жоқ. 1969 жылдың қысында қар қалың, ерекше суық болды, əрі ұзаққа созылды. Алты ай қыс əсіресе, малшылар үшін азапты болды. Алмалы қыстауының Төсбастау деген жерінде саулық қой бағып отырамыз. Əдетте, Алмалыда қар жатпайды. Сол жылы «ə!» дегеннен қалың жауған қардан жолдар жабылып, Алмалыға мəшине-тірəктір қатынай алмай қалды. Сонда Алмалыдан қыстауға атпен теңлеп, Тұрысбек екеуіміз сығымдалып буылған ауыр-ауыр түк (пресстелген шөп) тасып, оны малдарға шашып шөп бердік. Күндердің күнінде ол шөп те таусылды. Шашатын шөп жоқ, қалың отар ішінде тұрып қалғаным сол еді, ашқұрсақ қойлар жан-жақтан жаланып лап қойды. Менің үстімдегі халатымды жұлмалап жұлып жеп барады. Қорқып кеттім. Отарда мың бас қой болатын. Жолдасым Тұрысбек қиыннан жол табатын табанды азамат еді. «Отарды тауға айдап жаймасақ, жағдайымыз қиын» деп шешті. Болмаса, мал бір күнде қырылғалы тұр. Көмек қолын созатын айналамызда тірі жан жоқ!..

Содан қарды бұзып тауға жол салу машақатын бастап кетті. Бір атқа өзі отырып, келесі атты жетегіне алып, арлыберлі жүріп, əрең дегенде қардың көбесін сөкті. Артынан серкештерді айдап, жолдың қарын таптатқыздық. Кəдімгідей жол ашылды. Малды тауға айдап бардық. Бір атқа өзі отырып, алдына Күлбүбі қызымызды алды, екінші атқа мен міндім. Аш мал барғаннан таудың сарымсағын, жусаны мен тобылғының басын жұлып жеп, лап қойды. Қалың отар кəдімгідей жайылып, жетісіп қалды. Суырып соққан қарлы жел жолды қайта бастырып тастайтын болған соң, сол күні тауда ашық далада қондық. Қыстаудағы үйге Тұрысбек атпен барып, шəугім, тамақ алып келді. Тауда қасқыр көп. Олар оттан қашады. Тастан ошақ жасап, түнімен от жағып малды күзетумен отырдық. Ертесі, күндіз күні бойы малды жайып, кешке қарды қайта «бұзып» жол салып, малды қайта айдап қайттық.

Күнде сол əдіспен жол ашып, қойды қыстай тауға жайдық. Таудағы бұтаны үнемі қолымен сындырып, қыстай ашық далада от жағумен болған Тұрысбектің теріден өзім тігіп берген екі қолғабы сол бір қыстаақ жұлым-жұлымы шығып тозып кеткені əлі күнге көз алдымда… Сол жылғы жұттан совхоз малы түгелге жуық қырылып қалды. Тұрысбек екеуміз бір отар қойды қыстан аман алып шығып, көктемде 5-фермаға көктеуге көшіп келдік. Сол жұт жылы ұзынаяқ жылқы малы азығын тепкілеп, тауып жеді. Ал, ұсақ малдар, сиыр, қой-ешкі қырылып қалды. Суықтан үсіп өлген адамдар да болды. Біз байғұс жанұшыра тырбанып, мал басын аман алып шыққанымызбен, зардабын артынан тарттық…

Шіркін, бұрынғының адамдары-ай!..

– Ол уақыттың заманы да, адамдары да бөлек еді ғой, шіркін! – дейді, апам. – Еңбекқор еді. Адамдық қасиеті ісінен көрініп тұратын…

Құлансаз деген жайлауда малшылар сүлеті (слет) болушы еді. Оған күміс ертоқымды аттарымызды ерттеп, жақсы киімімізді киіп, месімізге қымызымызды толтыра құйып, салтанатпен барушы едік. Құрмет-алғыс ретінде, озат еңбек еткен шопандардың кеудесіне қызыл атластан тігілген, «Озат шопан» деген жазуы бар лентаны көлденеңдеп тағушы еді. Оған қоса, телебізер, радио, кілем, қоржын деген сияқты, көди-сөди сыйлықтармен марапаттап, қарық қылып тастайтын. Сол сыйлыққа іліккендердің көңілі шалқып «көкте» жүретін. Соған мəз болушы едік. Бірақ, сол абыройға жеткенге дейін қаншама тер төгіліп, бел бүгілуші еді ғой. Оны қатар жүріп еңбектенген шопандар ғана сезді, біз ғана білдік. Жайлау, күзеукөктеу, қыстауда да қатар қоныстанған замандас Мұқан Көккөзов пен жары Ұлтуар Əбдірақымқызы, Мұқат Сатыбаев пен жары Нұржай Қанағатова, Мұса Ақбаев пен жары Мекенжан Əбдібаққызы, Асқар Мұстафаев пен жары Ұлжан Сатыбаева, Батырхан Иманбеков сынды шопандар еңбектің адал үлгісін көрсетті. 4-ші ферма бастығы Абықан Мырзахметов пен жары Тоқан Мырзахметова сондай бір ақжүрек, адамның қадірін білген аяулы жандар еді. Жандүниелері кең, шаруақор, қазақы болмысты сол бір көзкөргендерді бұл күнде жанарым жасаурап еске аламын…

***

 Иə, «заманы да, адамы да бөлек!..» деп апам айтпақшы, алтынға айырбастамас сол бақытты бал дəурен жылдарымды, мен де, аласармас асқар тауым – əкемнің асыл бейнесінсіз көз алдыма келтіре алмайтын сияқтымын!.. Бақилық болғанына 20 жыл болған жан-атамның пəни дүниедегі дəмтұзы таусылған күні қарсаңында кеудемде жамырап, жапатармағай бас көтеріп жатқан көп естелігімнің бір-екеуімен өзім де бөліспей тұра алмадым…

Темір пештің жылуы

… Жайлауға көшіп бара сала, үй тігеміз. Мал айдап кеткен атам көштен бұрын жетсе, ескі жұрттың орнын шауып, үй орнын дайындап, алдымыздан шығатын.

Өзі шаңырақты көтеріп беретін де, біз буулы уықтардың жібін шешіп, бір-бірлеп апама тасып беруге жарайтынбыз. Алты қанат киіз үйдің керегесінің етек жағына айнала ши ұсталып, іргесі шыммен бекітіледі. Үй ішіндегі əр заттың тұратын өз орыны болатын. Төрді тұтас жүк аяқ алып тұрады. Оң босағадағы кереге басына қара саба мен аяққап қатар ілінетін де босағадан төрге қарай бір адым жерге темір пеш қойылатын. Алты қанат үйдің бүкіл керегесіне апамның өз қолымен кестеленіп тігілген қызылды-жасылды тұскиіздері тұтылатын. Шаңырақтың дəл астына дөңгелек көк жозы қойылып, дастархан жайылады.

 Атам мен апам ерте тұрады. Атам Үйтасқа қарай малды өргізіп кетеді. Апам үйдегі 5-6 сиырды сауып келіп, түңілікті ашады. Таудың таңғы саф таза ауасы сондай салқын! Біз ұйқымызды қимай, жылы төсектен шыққымыз келмей, тағы да жата тұрғымыз келеді. Ондайда, апамның: «Тұрыңдар енді, қазір əкелерің келеді!» деген бірауыз сөзі жеткілікті… Атам біршама уақыттан соң, малды жусатып, таңғы шəйін ішуге келетін. Апам бұрқ-сарқ қайнаған самаурынды тəтті түтінімен ілестіре көтеріп үйге кіреді. Оттығындағы қып-қызыл тобылғы шоғының қызуынан сары самауыр көпке дейін демін баса алмай, гүжілдеп, əндетіп тұратын дауысын айтсаңызшы!.. Апам жағалай шəй құйып беріп отырып, арасында самаурында қалған шоқты қышқашпен алып, алдында тұрған темір пешке ауыстырып салады. Біз шəйға отырғанда шаңырақтың күлдіреуішінен көкпеңбек аспанның қиығы көрініп тұратын. Атам күн райын аспанға қарап болжайды. Əке-шешеміздің қасындағы қайғысыз-қамсыз, қайран, сол күндер!..

Жаздың шайдай ашық күні. Аспанда бір түйір бұлт жоқ. Мұндай күндері атам мен апам киіз үйдің өр жағына, беткей жерге көрпе төсеп алып, іс жасайды. Апам қол мəшинесімен құрақ құрайды. Ал, атам жылқының майымен айыл-тұрманын баптап майлап болып, жаңа қамшыға таспа тілуді бастайтын. Алдымен: біз, бəкі, балға, кемпірауыз сияқты асай-үсейі мен басқа да ұсақ-түйек заттары салынған талысты алдыртатын.

– Балам, жүгіріп барып, талысты алып келші, – дейді. Біз түсіне қоямыз да, былғары қара сөмкені екі құлағынан дедектете сүйретіп алып келеміз. Атам сабын тобылғыдан жонып, алты, сегіз, он екі өрімді қамшыларды шашақтап, сəндеп, өзі өре беретін.

Мектепке бармаған кезім. Əкем айранға иленген сиырдың жұп-жұмсақ, жалпақ терісінің бір ұшын менің қолыма ұстатты. Тартып ұстап отыруымды тапсырып айтты. Содан таспа тіліп, əдетінше қамшы өрмекші. Əкемнің сенімін ақтау үшін, қол күшім жетіңкіремесе де, барынша тырысып, теріні өзіме қарай кере тартып, ұстап отырдым. Əкем жалпақ терінің бір шетінен өткір бəкісімен жіңішкелеп тіліп, ұзатып өзіне қарай алып барады. Сөйтіп, мені қара көріп, іс тапсыратын əкемнің, айтқан сөзі құлағымда қапты.

 – Қызым, үйренгенің өзіңе жақсы. Не істі болса да, үй тірлігінің бəрін біліп, қазір үйреніп ал. Кейін барған жеріңде əке-шешеңнің атына сөз келтіріп отырма,– деуші еді сынай қарап. Əрине, ол сөздердің қорғасындай салмағын сол кезде парықтай алдық дейсіз бе?..

Бірде, əкем маған байлаудың күрмеу түрін көрсетті. Сол жасымда күрмеп байлау маған соншалықты керек те болмаған шығар. Бірақ, тағы да сол «білгенің өзіңе жақсы» деген ниеті болар.

 Ауа райы қалай құбылса да, атам бəрібір Торы атына мініп, малын бағып кетеді. Күні бойы ішетін тамағын қоржынына салып алады. Көбіне өзінің сүйікті сусыны – қатық қосылған арпа көжені ақ кəністірге толтырып алып кетеді. Жəне бір көмбе нанды бөзге орап, қоса салып береді апам.

Жауынды күні киюге арналған кең-мол сулық-плащы болатын. Күні бойы жауған жауынға бір қабат қаудырлақ сары плащ қайдан қамқа болсын, кейде қас қарая малын айдап, үсті-басы малмандай су болып келеді. Қыстауда да сол көрініс көз алдымда. Күні бойы қар-боранға беті-қолы домбығып, қасы-көзіне дейін аппақ қырау қатып, үстіндегі қара тұлып-тонымен бірге даланың бір құшақ аязын қоса арқалап, үйге кіретін. Темір пештің бүйіріне алақанын тосып, суықтан тілім-тілім болып кеткен қолын қақтап, бойын жылытып біраз отыратын. Өмір бойы мал бағудың қиыншылықазабын аяусыз тартса да, соған төзіп, тауы шағылмай, тік жүріп, бала-шағасын бағыпқағып, жақындарымен сыйласып өткен қайран менің қайыспас қаранар, əкем-ай!..

Атам мен апам қымыз баптаудың хас шеберлері болды. Күн сайын дастархан басында екеуі өзара шүйіркелесіп, ойда ыстық күнде таңдайлары кеуіп жатқан жекжат-жұраттарының жағдайын сөз етісіп, «солар шөлін бассыншы!» – деп, жайлауға қатынайтын кезекші мəшинелердің шопырларына табыстап айтып, таудан дүркін-дүркін мес тола қымыз, ет, құрт, май жіберіп тұратын дағдылы əдеттері болды.

– Əкең марқұм, өзінен бұрын кісінің жағдайын ойлайтын еді ғой. Іңір түсіп, биебаудан құлынды ағытатын уақыт əлдеқашан өтіп кетсе де:

 – Рысжан, биені енді бір саушы!.. Төменде, ыстықтағылар (ауылды айтып отыр) шөлдеп отыр ғой. Соларға молырақ қымыз болсын дейтін жалынғандай болып, – дейді апам…

Осы күндері ойласам, таңғаламын. Сол кезде, атам мен апам өздері жыл он екі ай демалыссыз, қайнаған жұмыстан бас көтере алмай жүріп те алыс-жақындағы туған-туыс, ағайын-жегжат, көрші-көлем, дос-жарларының қандай да бір қуанышқайғысынан қалыс қалмайды екен ғой. Мəшине сирек қатынайтын құзар тау басындағы жайлауда болсын немесе алыс «отгондағы» қыстауда отырсын, өзгенің қайғысына жолын жасай барып көңіл айтып, қолын қусырып қызметін жасасып, соңғы сапарына жөнелтісіп қайтады. Той-томалаққа арнайы мал атай барып, құтты болсын айтып, қуаныштарына ортақтасып қайтатын. Мұның сыртында қатар жүрген құрдас-замандастары арасында болып жататын бесік той, беташар, тұсаукесер, сүндет тойларға күмістелген атəбзелдері тағылған жорға-жүйріктерін мініп, сəн-салтанатымен оларды да атқарысып, барып-келіп жататын…

 …Жайлауға жауын жиі жауатын. Жауынды күні үйдегі темір пештен от үзілмейді. Лезде тұтанған құрғақ ағаштар шатыр-шұтыр жанып, от гүрілдей жөнелетін. Артынан тезек саламыз. Келе-келе шоқ қызуынан шойын пештің əппақ қалайы керней-мұржасы қып-қызыл болып, ісініпбөртіп, балқуға шақ қалатын. Қиғаштай ұрып, сабалай жауған жауын тамшылары сорғалап ағып, сол балқып тұрған мұржаға тиген сайын, шыж-быж етіп, бір қызық дыбыс шығып жататын.

Атам мен апамның да өз перзенттерінің өміріне салған із-үлгісі мен жан жылуы сол қызуы күшті шойын пештің айналасында сіңісіп жатқан екен-ау… Бірақ, атам мен апам сол сезімдерін сөзге айналдырып, бізге ешқашан да əңгіме қылып айтқан емес. Қайран, бұрынғының адамдары-ай, сол кісілер, перзенттеріне деген ата-аналық сүйіспеншілік ықыластарын да жарияға жар салмай-ақ, «қарғам», «қарағым», «шырағым» деген сияқты, қарапайым сөздердің сиқырымен-ақ жеткізген екен ғой…

Мейірім

 Үңгіртас орта мектебін бітірген соң, өзім армандап, таңдап барған журналист мамандығына оқытатын ҚазМУ-ға түстім. Жаңа жыл қарсаңында алғашқы қысқы сессияны тапсырып, демалысқа шыққан бойда ауылға тарттым. Ол кезде атам мен апам Үңгіртастағы үйде тұрып жатқан. Əдет бойынша келген бойда үй шаруасына кірісіп, аз күн болса да қолғабысым тисін деп, айналшықтап ас үйде жүргем. Соны байқаған əкем:

– Шырағым-ау, енді студент болдың, біруақыт көшеге шығып, кластастарыңмен кездесіп, сөйлесіп қайтсаңшы. Таусылмайтын үйдің шаруасын қой, – дегенде, іштей шындап таңғалғаным бар. Өйткені, əкем бізді қатал өсірді. Құрық алып қасымызда отырған жоқ, əрине. Бірақ, əкеміздің қас-қабағы мен сесінің өзі біз үшін «жазылмаған заң» еді. Бос жүріс, қылжақ күлкі бізде болмайтын. Бір көрген жанға əкем сұсты, суық көрінуі мүмкін. Бірақ, сол сыртқы қаталдықтың арғы жағында өзгелерге үнемі жақсылық жасауға жəне де оны ешқашан сұратпай, айтқызбай, өз ықыласымен жасауға құлшынып тұратын мəрт жүрегі бар еді. Қайран менің елге жақсылық жасамаса ұйқысы бөлінетін, болмысы бөлек əкем-ай!..

Сонымен, аз күндік демалысым аяқталып, Алматыдағы оқуыма қайтатын уақытта, əкем жарықтықтың, жанына шақырып, айтқан сөзі əлі есімде.

 – Қызым, енді студентсің, үстіңдегі киімің дұрыс болсын. Жаурамай жүр, қой терісі жылы болады. Саған арнап 7-8 қойдың терісін илетіп, қаттап қойдым. Соны ал, Алматыға апарып, дүблөнкі тіктіріп ки, шырағым! – деді.

– Жоқ, ата, менің пəлтөм бар ғой, оны қайтем, қазір ешкім тіктіріп дүблөнкі кимейді, – деп, тап сол жерде бас тарттым. Асыл əкемнің пəк пейілін пайымдай алсамшы?..Ауылдан қалаға түс уақытында ғана қатынайтын икарус автобусқа асыға жетіп, Алматыға кете бардым. Кейін, сол асыққан Алматымның көшелерімен дедектеп жаяу жүріп келе жатып та, қалалық жолаушы таситын жылуы жоқ көліктермен дірдек қағып жұмысқа кетіп бара жатып та, атамның сол бір əкелік мейірімі ойыма сан оралды…

Ойлап отырсам, əкемнің көзі тірісінде бір күн жанында еркін отырып, жүрегіне үңіліп, сырласып, əңгіме-дүкен құра алмаппын. Оның өмір бойғы қара жұмыспен қатайып, мүйізденіп кеткен алақанын маңдайыма басып еркелеп, маған жасаған əкелік мейірім-шапағатына перзенттік алғысымды айтып жеткізуді де білмеппін. Ондайды ерсі санап, қош көрмейтін, қазақы тəрбиеəдептен аса алмағанымды көзі кеткен соң барып сезініп, бұл күнде өкінулімін!..

Маржан ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments