Жексенбі, Қараша 27, 2022
Басты бет Қаржылық сауаттылық Шұғыл түрде ақша аудару керек: оны қалайша және қайда жасауға болады

Шұғыл түрде ақша аудару керек: оны қалайша және қайда жасауға болады

Қазақстан тұрғындарының ақша аударымдарының көлемі жылдан жылға өсуде. Оның себептерінің бірі –   цифрландырудың белсенді дамуы және ақшамен операциялардың басым бөлігінің онлайн жүргізілуі.

Fingramota.kz азаматтарға өз ақшаларын аудару үшін қандай мүмкіндіктер бар екені жөнінде айтып береді.

 

 

Біздің әрқайсымыздың күнделікті өмірде басқа адамға ақша аударатын кездер болады. Бүгінгі күні банктік сервистердің дамуымен ақша аударымдарын бірнеше минут ішінде жасауға болады.

Ақша аударымына үш тарап қатысады: жөнелтуші, яғни ақшаны жіберетін адам, алушы – адресат  және делдал – ақшаны адресатқа жеткізетін адам.

Ақша аударымын жүзеге асыру үшін қызмет көрсету нүктелеріне (банктер, ақша аударымдары жүйесінің офисі) өтінуге, ақшаны пошта арқылы аударуға не төлем қызметтерін жеткізушілердің (делдалдардың) қызметтерін пайдалануға болады.

Аударымдардың түрлері:

сыртқы – Қазақстаннан шетелге (ақша аударымдары жүйесі және SWIFT халықаралық аударымдар жүйесі арқылы);

ішкі – Қазақстанның ішінде (карточкадан карточкаға, пошта аударымдары мен банк шоттарына аударымдар).

Заңнамаға сәйкес ішкі аударымдар қатаң түрде бір жұмыс күні ішінде есептелуі мүмкін, ал халықаралық аударымдар арқылы ақша аудару мерзімі
1 күннен 3 жұмыс күніне дейін құрайды.

Ақшаны қандай тәсілмен аударуды таңдау жөнелтуші мен алушының талаптары мен қалауына, сондай-ақ келесі факторларға байланысты:

– қандай делдалдардың жақын жерде офистері бар;

– қандай соманы жіберу керек, бір аударымның мөлшеріне немесе бір күндегі, айдағы аударым сомасына шектеулер болуы мүмкін;

– аударымның жеделдігі;

– операция үшін комиссия мөлшері – әдетте, неғұрлым қысқа мерзімдегі  аударымдар үшін  жоғары тарифтер көзделеді;

– жөнелтуші ел – делдалдардың комиссияларының мөлшері ақша аударымының бағытына байланысты.

Төлем карточкалары арасындағы ақша аударымдарының айырмашылығы неде?

 

Банктік аударымдар – бұл барлық клиенттерге ыңғайлы, әсіресе жіберуші мен алушының бір банкте шоты болған жағдайда, таптырмайтын әмбебап әдіс.

Аударымды онлайн режимінде мобильдік қосымша немесе банктің сайты арқылы жеке кабинетте, сондай-ақ банкоматтар немесе тікелей кассадағы банк бөлімшесі арқылы жасауға болады.

Мәселен, мобильдік қосымшада немесе банктің сайтындағы жеке кабинетте аударым жасау үшін төлем карточкасының 16 таңбалы нөмірін және аударым сомасын көрсету қажет. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін көптеген банктер клиенттің телефон нөмірі бойынша банк ішінде ақша аударуға мүмкіндік береді, ал жекелеген қаржы институттары клиенттердің ақшаларын басқа банктердің клиенттеріне телефон нөмірі арқылы аударады. Бірақ оның жедел төлем жүйесіне қосылғанына және телефон нөмірі арқылы ақшаны басқа банктерге аудару мүмкіндігінің бар екендігіне көз жеткізу үшін банкке алдын ала хабарласу керек. Аударым сол сәтте түседі.

Банкомат арқылы аудару үшін жіберушіде, әдетте, эмитент-банктің карточкасы болуы керек. Сізге сондай-ақ алушының шотының, картасының немесе телефонының нөмірі қажет болады. Кейде банктер банкоматтар арқылы тек өз клиенттеріне ақша аударуға рұқсат береді. Ал кейбір банкоматтар жіберушіде карта болмаса да, бірақ алушының сол банкте шоты болған жағдайда аударым жасауға мүмкіндік береді,

Көптеген делдал ұйымдар қаражатты қолма-қол ақшасыз, яғни шоттан шотқа немесе касса арқылы қолма-қол ақша салу арқылы аударуға мүмкіндік береді. Екінші жағдайда, алушы өз қаласындағы әріптестің кассасынан ақша ала алады.

Ақшаны қолма-қол ақшасыз жолмен, мысалы, банк арқылы аудару үшін қаржы институтында шот ашудың қажеті жоқ. Жіберушіден тек аударым туралы өтініш және жеке басын куәландыратын құжат қажет. Өтініште жөнелтуші ақша келіп түсуге тиіс банктің атауы мен деректемелерін, сондай-ақ адресаттың тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) және оның төлқұжаттық деректерін көрсетеді. Алушыға ақша банк кассасында беріледі. Сіз жай ғана адресаттың банктік шотын көрсете аласыз, ақша сол жерге аударылады.

Қызмет көрсету тарифтеріне келетін болсақ, әдетте, бір банктің ішінде аударымдар үшін комиссиялар алына бермейді. Бір банктен екінші банкке аударған кезде комиссиялардың сомасы соманың 0,1-ден 1%-ға дейін құрауы мүмкін немесе бұл белгілі бір сома, мысалы, бір операция үшін 150 теңге болуы мүмкін.

Ақша аударымдарының жүйелері

 

Қазақстандықтар ақша аударымдары жүйелерінің біреуі арқылы ақша жібере алады. Оларды Қазақстан халқы ел аумағында ақша аударымдарын жүргізу үшін де, шетелге/шетелден ақша аударымдарын жөнелту/алу үшін де пайдаланады. Қазақстанда халықаралық ақша аударымдарының бірнеше жүйесі, соның ішінде «Золотая Корона», Contact, Western Union, MoneyGram, «Юнистрим», Faster, American Express және басқалары жұмыс істейді.

Олардың көпшілігінде әртүрлі елдерде ақша жөнелту және алу пункттері бар. Сондай-ақ олар банктермен, байланыс салондарымен, поштамен ынтымақтасады. Бұл әдіс барлығына дерлік, әсіресе шетелге ақша аударымдары кезінде жарамды. Қолма-қол ақшаны аудару үшін жөнелтуші өтінімді толтырып, кассаға ақша салып, құпия кодты алып, оны алушыға беруі керек. Аударымды алу үшін жеке басын куәландыратын құжатты көрсетіп, құпия кодты атау қажет.

Ақша аударымдары жүйесінің сайты арқылы банктік картадан алушының шотына, оның ішінде шетелдік шотқа аударымдар жасауға немесе қолма-қол ақшаны алуды бөлімше арқылы ресімдеуге болады.

Жүйелер арқылы аударымның ең көп сомасы бойынша шектеулердің мөлшері әр түрлі, осы компаниялардың кеңселерінде және осы жүйелермен ынтымақтасатын банктерде нақтылау қажет. Мәселен, бір банкте жүйелердің біреуі арқылы аударымның ең көп сомасы 10 мың АҚШ долларын құрайды, ал екіншісінде – 5 мың АҚШ доллары және т.б. Қазіргі уақытта Қазақстанда SWIFT-аударымдар бойынша шектеулер жоқ. Төлем жүйесіндегі аударым үшін комиссия орташа алғанда 1%-ды құрауы мүмкін. Ақшаны аудару жылдамдығы – бірнеше минуттан 3 жұмыс күніне дейін.

Ақша аударымы үшін комиссия тарифтерге сәйкес жөнелтушіден ғана алынады және жіберілетін соманың мөлшері мен межеленген елге байланысты болады. Аударымды төлеу валютасын аударымды жөнелту кезінде жөнелтуші айқындайды. Ақша аударымдарын төлеу, әдетте жүйеде қолданылатын бағам бойынша межеленген елдің валютасында жүзеге асырылады, кейбір елдерде төлемдер USD (АҚШ доллары) арқылы жүргізіледі.

Ақша аударымын төлеу кезінде қиындықтар туындаған жағдайда, жөнелтуші ақша аударымын жөнелту пунктіне жүгінуі қажет. Аударым белгілі бір уақытқа дейін жүйеде сақталады. Сондай-ақ жүйеде тиісті өтініш беру арқылы аударымда өзіңе қайтару туралы өтініш беруге болады, бірақ жүргізіліп қойған аударым үшін комиссия әдетте қайтарылмайды.

Электрондық әмиян арқылы жасалатын аударымдар

 

Ақша аударудың тағы бір тәсілі электрондық әмиян болып табылады. Ол арқылы  соманы басқа электрондық әмиянға жіберуге болады. Алдағы уақытта электрондық әмиянға түскен қаражатты банктік шотқа өтеуге (шығаруға) не электрондық ақшаның эмитент-банкінен қолма-қол ақшамен алуға болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше төлем жүйесінің, оның ішінде Qiwi, Wooppay, Wallet One, AllPay және басқа да жүйелердің электрондық әмияндары жұмыс істейді. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін электрондық ақша жүйелерінің тізбесі  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында жарияланады және https://nationalbank.kz/ru/news/sistemy-elektronnyh-deneg-kazahstana сілтемесі бойынша қолжетімді болады.

Электрондық әмияндарда барлық аударым шот ашусыз, онлайн жүзеге асырылады. Бар болғаны сайт арқылы жүйелердің біріне кіріп, өзіңіздің жеке электрондық әмияныңызды ашу керек. Оны жүйенің сайты арқылы өз картаңыздан онлайн, сондай-ақ оператор компанияның төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшамен не серіктестердің банкоматтары мен бөлімшелері арқылы толықтыруға болады.

Комиссияның мөлшері әмиянның түріне, аударымның, мысалы әмиянға немесе картаға жіберілуіне байланысты болуы мүмкін. Орта есеппен алғанда 0%-дан 3%-ға дейін. Әмияндардың арасында ақша жылдам жіберіледі, ал әмияннан картаға немесе банктегі шотқа 3 жұмыс күніне дейін жіберілуі мүмкін.

 

«Қазпочта» АҚ арқылы аударымдар

Бұл тәсіл ақшасын әсіресе жақын жерде банктердің бөлімшелері жоқ, бірақ поштаның бөлімшелері бар Қазақстанның шағын елді мекеніне жіберетін адамдар үшін ыңғайлы. Сіз ақшаңызды осы бөлімшелер арқылы қолма-қол жібере аласыз, ал адресат оны поштадан алады.

Ол үшін алушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және оның мекенжайы қажет. Жіберушіге тек жеке басын куәландыратын құжат керек. Сондай-ақ қолма-қол ақшаны банктегі банк шотына жіберуге болады, бірақ алушының мекенжайының орнына оның шотының нөмірін көрсету қажет.

Аударым жасағанда ақшаны жоғалтып алмау үшін не істеу қажет?

 

Егер сіз онлайн-аударым жасасаңыз, фишингтік сайтқа емес, компанияның ресми сайтына кіргеніңізге көз жеткізіңіз.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мынадай сақтандыру шараларын сақтаңыз:

– Аударым жайында қандай да бір ақпаратты алушыдан басқа, үшінші тұлғаларға хабарламаңыз;

– Ақша аударымдарының жүйесі арқылы ақшаңызды бейтаныс адамдарға мүлдем жібермеңіз әрі олардан алмаңыз;

– Адам сенгісіз қызықтыратындай болып көрінген мәмілелерден немесе ұсыныстардан абай болыңыз;

– Интернет-аукцион арқылы сатып алған тауардың ақысын төлеу үшін ақша аударымдарының жүйесін пайдаланбаңыз;

– Лотереялардың ұтыс ойындары бойынша салықтарды немесе алымдарды төлеу үшін ақша аударымдарын мүлдем жібермеңіз.

Әрбір елде ақша аударымдарының талаптары және көрсетілетін қосымша қызметтердің бары туралы толық ақпаратты банктің немесе «Қазпочта» АҚ-тың қызметкері аударым жіберілетін жерде беруі мүмкін.

Fingramota.kz сайтымен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments