Пятница, 11 октября, 2024
Басты бетЖаңалықтарӘрбір екінші шетелдік турист демалуға Алматы облысына келеді

Әрбір екінші шетелдік турист демалуға Алматы облысына келеді

Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов айтты.

«Қазақстанның әрбір екінші шетелдік туристі демалуға Алматы облысына келеді. Шетелдік туристердің ең көп ағыны Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістаннан байқалады. Сондай-ақ Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ, Франция, Италия, Гонконг және Жапониядан туристер де бар», — деді Айбар Теменов.

Сондай-ақ спикер облыста туризм дамытудың басым бағыты — тау туризмі саласына беріліп отырғанын айтты.

«Елімізде туризмді дамытудың стратегиялық басымдықтары «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасында және «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» белгіленді.
Оның аясында еліміздің ТОП-10 бағытына Алматы өңірінің тау кластері енгізілді. Бұл өңірде эко және тау туризмін дамытудың маңыздылығы мен басымдығын көрсетеді», — деді спикер.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстың тау туризмін барлық маусым кезінде демалуға қолайлы еткенде жылына 5 миллионға дейін туристерді қабылдау мүмкіндігі туады.

Сонымен қатар Айбар Теменов басқарма жұмысының мақсаты туралы да сөз етті.

«Басқарма жұмыс жоспарының мақсаты — туристік кадрлық әлеуетті дамыту, көрсетілетін қызметтерді жақсарту мен өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету, таулы жерлерде туристік инфрақұрылымды дамыту»,- деді Айбар Теменов.

Сөз соңында спикер демалушылар санының жыл сайын ұлғаюына байланысты Көлсай көлдері мен Қайыңды көлінде жазғы кезеңде кеңес беру, ақпараттандыру және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туристік полицияның жұмысын ұйымдастыру қажет екенін айтты.

Айта кетейік, облысымызда соңғы жылдары 200-ге жуық туризм нысандары пайдалануға берілді. Туристік ағын үш есеге жуық өсіп, жылына шамамен 1,2 миллион адамды құрады.
Облыста лицензиялық негізде 100-ден астам туристік фирма жұмыс істейді. Танымдық, экологиялық, орнитологиялық, емдік-сауықтыру, этнографиялық және басқа да туризм түрлерін қамтитын 120-дан астам туристік бағыттар әзірленді.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments