Бүгінгі өткен баспасөз мәслихатының спикері Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов болды. Ол брифинг барысында өңірдегі кәсіпкерлерді Рамазан айында азық-түлік бағасын он пайызға азайтуға шақырды.
«Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат», — деді бас имам.
Бас имамның ақпаратына сүйенсек, биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.
«Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше ас-садақа, құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген ұсыныстар айтқымыз келеді», — деді Мадияр Тағайбайұлы.
Сондай-ақ бас имам Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінде 200 адамға ауыз ашар қоржыны таратылатынын айтты.
«Қонаев қаласындағы «Абай» мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күн сайын 100 кісіге ауызашар дастарқаны жайылады. Сондай-ақ облысымыздың өзге мешіттерінде де күн сайын 10 мыңға жуық адамға ауызашар беріледі. Сондай-ақ Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінде жамағат тарауық намазынан кеш қайтатыны үшін тегін такси қызметтері қарастырылады», — деді бас имам.
Бұдан бөлек, биыл өңірдегі бірқатар мешітте тарауық намазында Құран хатым оқылады. Рамазан – Құран айы. Сол себепті, осы айда жергілікті мешіттерде Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі.
Айта кетейік, биыл Ораза айы 23 наурыз күні басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі.