Пятница, 20 ноября, 2026
Басты бетЖаңалықтарАЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

18 қараша күні Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Өңір басшысы халықпен жүздесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдады.

Кездесу жуырда ғана пайдалануға берілген Қарғалы ауылындағы жаңа Мәдениет үйінде өтті. Ауқымды жиынға ауданның әртүрлі елді мекендерінен 500-ге жуық тұрғын, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің басшылары және БАҚ өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты.

Өңір басшысы алдымен жеке мәселелері бойынша алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, оларды қарастырудың жолдары талқыланды.

Бұдан кейін Мәдениет үйінің үлкен залында аудан тұрғындарымен есептік кездесу басталды.

Жиынды жүргізген Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас алдымен ауданның 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады.

Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, ауданда инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Атап айтқанда, есепті кезеңде ауданға тартылған инвестиция көлемі 79,9 млрд теңгені құраған. Ауданның инвестициялық портфеліне жалпы құны 850,6 млрд теңге болатын 24 жоба енгізіліп, оларды жүзеге асыру нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында да ірі жобалар қолға алынған. Ақсеңгір ауылында жылына 120 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы, жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын «Жетісу» Алматы құс фабрикасының құрылысы басталған. Сонымен қатар Үңгіртас ауылдық округінде 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма іске қосылып, Ақсеңгір ауылында тағы бір ірі сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын.

Аудан экономикасының негізгі көрсеткіштерінде де өсім бар. Тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 26,5 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстары 31,1 млрд теңгеге, бөлшек сауда айналымы 24,3 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 68,7 млрд теңгені құрады.

Баяндама барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Ауданда білім беру нысандарын жаңғырту, жаңа мектептер салу, денсаулық сақтау мекемелерін дамыту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар айтылды.

Бүгінде аудандағы 61 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеуге 3,2 млрд теңге бөлініп, 60,7 шақырым жол жөндеуден өткен.

Сонымен қатар аудандағы үш ауысымды мектептер, суармалы жерлерге су жеткізу, тұрғын үй кезегін азайту сияқты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.

Аудан әкімі Үлкен ауылының болашақтағы дамуына да тоқталды. Атап айтқанда, ауылдың бас жоспарына түзетулер енгізу, Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту, әуежай орналастыру, Балқаш көлінің жағалауын дамыту және туристік инфрақұрылым қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Мұнан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты баяндама жасады. Облыс басшысы қызметке кіріскен екі жарым ай ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен жоспарларды кеңінен тарқатты.

Өңір басшысы облыстың тұрақты дамуы, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына назар аударды.

Кездесудің ең маңызды бөлігі тұрғындармен ашық пікір алмасу және сұрақ-жауап кезеңі болды.

Облыс әкімінің ауданға келетінін алдын ала естіген тұрғындар әр ауылдың қордаланған мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізуге мүмкіндік алды.

Атап айтқанда, Қопа ауылының тұрғындары жергілікті мектеп ғимаратының күрделі жөндеуді қажет ететінін алға тартты. Сондай-ақ Көкқайнар, Қызылсоқ және Қопа ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

Ұзынағаш, Қарғалы және Жаңақұрылыс ауылдарының тұрғындары жолдардың жағдайына назар аударып, жөндеу жұмыстарын жандандыру қажеттігін жеткізді.

Қарғалы ауылындағы саяжай аумақтарына қатысты мәселелер де кеңінен талқыланды. Тұрғындар саяжай жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту, инфрақұрылым мәселелерін реттеу, сондай-ақ осы аумақтағы жекеменшік электр трансформаторларын аудандық электр желілері мекемесінің теңгеріміне өткізу жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Бұдан бөлек, аудандағы үш ауысымды мектептердің мәселесін кезең-кезеңімен шешу, оқушыларға қолайлы білім беру жағдайын жасау, Ынтымақ ауылындағы қаңғыбас иттерге қатысты қауіпсіздік шараларын күшейту және елді мекендердегі өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер ортаға салынды.

Тұрғындардың әрбір сауалы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен тиісті мекемелердің басшылары түсініктеме беріп, мәселелерді шешудің мүмкіндіктері мен қарастыру жолдарын атап өтті.

Жиын барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты екені байқалды. Әсіресе, сапалы жол, табиғи газ, тұрақты электр қуаты, білім беру нысандарының жағдайы және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту мәселелері халық үшін өзекті болып отыр.

Ашық форматта өткен кездесу тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей облыс басшысына жеткізуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелер үшін халықтың нақты сұранысын айқындауға жағдай жасады.

Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары. Ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы бастамалар, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Облыс әкімі мен аудан тұрғындарының кездесуі ашық диалог алаңына айналып, ауылдардың өзекті мәселелерін талқылауға және оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік берді.

Б.Айталы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments