Суббота, 23 ноября, 2024
Басты бетЖаңалықтарАсыл тұқымды қой шаруашылығының семинар-көрмесі өткізілді

Асыл тұқымды қой шаруашылығының семинар-көрмесі өткізілді

Бүгін Мыңбаев ауылының «Қ.Ү. Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында» Жамбыл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай асыл тұқымды қой шаруашылығының семинар-көрмесі өткізілді.
Семинарға ауданның шаруа қожалық жетекшілері мен асыл тұқымды қой малын дамыту, өсіру және айналысу үшін жұмыс жүргізіп отырған Палата басшылары және Прибалтика мемлекетінен  жалпы 120 делегат  қатысты.
Көрменің басты мақсаты  Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтындағы асыл тұқымды қой түрлерімен таныстыра отырып іс-тәжірибемен алмасу, алдағы уақытта Отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту барысында асыл тұқымды мал үлесін 20-25 пайызға жеткізу.

Семинар өз жұмысын көрмемен таныстырудан бастады.
Көрмеге «Еспе» шаруа қожалығынан қазақтың қылшықты – құйрықты, «Ажар» шаруа қожалығынан -Еділбай қойының, «Басай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен- «Ордабасы», «Мұрынбай» шаруа қожалығынан қазақтың биязы жүнді «Қалижан» шаруа қожалығынан етті меринос қойының, «Ерасыл» шаруа қожалығының — қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойының, «Жеті-Қоңыр» шаруа қожалығынан- «Сарыарқа» құйрықты қылшық жүнді қойының, «Мәди» шаруа қожалығынан- «Дегерес» құйрықты етті жүнді қойының тұқымдары қойылды.

Сонымен қатар, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің филиалы «Қ.Ү. Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» қой өсуруде қажетті тері астындағы чиптермен, электронды сырғалармен, нөмірді оқу құралымен, қырқу аппараттарымен, азықтың үлгілерімен, сканермен, дронмен,  дони, иль де франс, «Боер-козлы, драфтер» құралдарымен таныстырды.
«Югветсервис-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ветеринарлық дәрігері Ж.Құрманбекова қой шаруашылығын жүргізуде аса қажетті антибиотиктердің 8 түрін, дәрумендердің 10, түрлі паразиттерге қарсы дәрілердің 11 түрін және жарақаттарға жағатын жақпалар мен спрейлердің 6 түрімен таныстырды.
Көрмеден кейін семинар-кеңес өз жұмысын жалғастырды.

Алғашқы болып сөз алған  аудан әкімі Н.Ертас ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын жүзеге асырудың, малдың тектiк қорын сақтауға және көбейтуге, сондай-ақ оны өз төлiнен өсiруге және өнiмдiк сапасын жақсартуға бағытталған, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында аудан бойынша асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын 48 шаруа қожалық 11 мың 170 бас, асыл тұқымды қой шаруашылығымен 36 шаруа қожалық 110 мың бас өсіріп отырғанын атап өтті. Сөз соңында асыл тұқымды мал өсіруде елеулі жетістіктерге жеткен шаруа қожалық басшыларын аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапаттады.
Келесі марапаттарды табыстау үшін сахнаға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Халықаралық аграрлық білім Академиясының толық мүшесі (академик), Ресей жаратылыстану Академиясының шетелдік мүшесі Аманбай Қамбарбекұлы Қарынбаев шығып, Ресей Жаратылыстану Академиясы Төралқасының және Ресей Жаратылыстану Академиясының наградалар мен сыйлықтар жөніндегі комиссияның шешімімен ғылыми жетістіктеріне, жүргізілген талдау және Ресей Академиясы жобаларына қатысу негізінде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына қосқан үлесін, үздік ғылыми жұмыстарын, жаңалықтары мен өнертабыстарын ескере отырып Нобель медалін Н.Жұмаділлаевқа табыстады.
Содан кейін Республикалық Палаталардың алғыс хаттарымен үздік шаруа қожалықтары марапатталды.
Семинарда сөз сөйлеген спикерлердің барлығы қолда бар әлеуетті толық пайдаланып, жоғары сапалы қой тұқымдарының түрлерін өсіру және оларды көбейту қажеттігіне тоқталды.
Семинар «Сүйінбай сазы» Халықтық фольклорлы — этнографиялық ансамблі әншілерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments